• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Үкімет 24 Қазан, 2024

26,5 млн тонна астық бастырылды

180 рет
көрсетілді

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін орағының қорытындысы қаралды. Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция, Көлік министрі, бірқатар облыс әкімдері диқандарды сапалы тұқым, минералды тыңайтқышпен қамтамасыз ету, өнімді өткізу, экспорттық нарықты кеңейту туралы баяндады.

Жиын-терім жинақы өтті

Ауыл шаруашылығы министрлігі келтірген деректерге қарағанда, биыл ауыл шаруашылығы дақылдарының жалпы егіс алқабы 23,3 млн гектарды құра­ды. Оның 16,7 млн гектарына дәнді дақыл егілді. Дала жұмыстары 99,7%-ға аяқталды. 26,5 млн тонна астық бас­тырылды.

Премьер-министр көктемгі егіс және күзгі жиын-терім жұмыстарын уақтылы және сапалы жүргізу үшін қажетті шаралардың барлығы қабылданғанын айтты. Мәселен, саланы жеңілдікті қаржы­ландыру көлемі алғаш рет рекорд­тық 580 млрд теңгеге дейін жетті. Бұл қаражат егіншілерді тікелей несие­леуге, пайыздық мөлшерлемені арзандату мен форвардтық сатып алуға бағытталды. Келесі жылы қаржы­ландыру көлемін 700 млрд теңгеге жеткізу жоспарланған. Ауыл шаруа­шылығы техникасын лизингпен сатып алуға 120 млрд теңге тартылды. Сондай-ақ диқандар тұқыммен, тыңайтқышпен қамтамасыз етілді.

Аталған шаралар ауыл шаруашы­лығы дақылының барлық түрі бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Атап айтқанда, биыл қант қызылшасын рекордтық көлемде жинаймыз деп отырмыз. Жамбыл облысында ол гектарынан 700 центнерден асып түсті.

«Ендігі басты міндет – жиналған өнімді сақтау мен өткізу. Ауыл шаруа­шылығы министрлігі облыс әкімдік­терімен бірлесіп, жиналған астықты шашпай-төкпей дер кезінде тасымалдауды, кептіріп, элеваторларға жеткізуді қамтамасыз етуі қажет. Барлық астық қабылдау кәсіпорындары үздіксіз жұмыс режіміне көшуге тиіс. Дәнді-дақылдарды сақтау мәселесі ерекше назарға алынсын. Сондай-ақ фитосанитарлық қызмет астық сапасына қатаң бақылау жасауы керек. Сонымен қатар болашақ егінге арналған тұқым қорын 100% қамтамасыз ету ләзім», деді Премьер-министр.

Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы министрліктері алдына өндірілген өнімді өткізу міндеті қойылды. Астықты дәстүрлі нарық – Орталық Азия мен Ауғанстанға, сондай-ақ импорттың өсуі болжанатын жаңа нарық – Пәкістан, Индонезия, Бразилия және Малайзияға да жеткізуді қамтамасыз еткен дұрыс. Биылғы егіннен шамамен 12 млн тонна астық экспорттау жоспарланып отыр. Осыған байланысты Көлік министрлігі «Қазақстан темір жолы» ҰК-мен бірге үздіксіз тасымалды ұйымдастырып, вагон­дармен қамтамасыз етудің нақты кестесін бекітуге тиіс.

Үкімет басшысы диқандарды тыңайт­қышпен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударды. Өнеркәсіп министрлігіне отандық өндірушілермен бірге диқандар үшін тыңайтқыштың қажетті көлемін шығаруға алдын ала қамдану тапсырылды. Ал әкімдіктерге жеткізу шарттарына уақтылы қол қойып, қоймаларда тыңайтқыштың қажетті қорын қамтамасыз ету маңызды. Алдағы жылы өңірлерде қолданылатын минералды тыңайтқыштар көлемі 1,9 млн тоннаға дейін жоспарланған.

Премьер-министр 2025 жылғы егіс және егін жинау науқандарын уақты­лы өткізуге арнайы тоқталды. Ауыл шаруа­шылығы министрлігіне «Бәй­терек» холдингімен бірлесіп, биылғы 1 желтоқсаннан бастап диқандарды ерте қаржыландыруды қолға алуды жүктеді. Отырыс соңында Үкімет басшысы егін орағын уақтылы аяқтағаны үшін диқандарға алғыс білдірді.

«Мемлекет басшысы атап өткендей, еңбек адамы – елдің байлығы. Астықты алқаптың дәні диқанның қажырлы еңбегімен, маңдай терімен өседі. Сон­дықтан еңбектеріңіз жана берсін. Баршаңызға амандық-саулық пен сәттілік тілеймін», деді О.Бектенов.

 

Қант қызылшасының рекордтық өнімі

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров республикада дәнді дақылдарды жинау аяқталғанын, жүгері жинау жүргізіліп жатқанын айтты. Биыл жоғары өнімділікке қолайлы ауа райы мен агротехнологияларды дұрыс қолдану, яғни сапалы тұқым пайдалану, минералды тыңайтқыш енгізу мен өсімдіктерді тиімді қорғау арқылы қол жеткізілді.

«Алайда агротехнологияларды сақ­та­майтын шаруашылықтар да бар. Сапасыз тұқым пайдаланады, тыңайт­қыш енгізбейді, өсімдікті қорғау құра­лын жеткіліксіз қолданады, тек жақсы ауа райына ғана үміт артады. Нәти­жесінде, олардың көрсеткіші ауданда орташа деңгейден айтарлықтай тө­мен болды. Мысалы, Қостанай облысы­­ның Меңдіқара ауданындағы «Агро Жер» шаруа қожалығы 5 ц/га өнімді­лік көрсетті. Сондай-ақ Ақмола облысының Жарқайың ауданындағы «Донской Агро» шаруа қожалығы 5,4 ц/га өнім алды. Мұндай жағдай барлық облыста кездеседі. Осыған байланысты облыс әкімдерінен агротехнология талаптарын сақтамайтын шаруашылықтармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуді сұраймын», деді А.Сапаров.

Ол 2025 жылдың 1 қаңтарынан бас­тап енгізілетін ауыл шаруашылығы өнім­дерінің көлемін арттыруға бағыт­талған міндеттемелер туралы ауыл ша­руа­шы­лығы өндірушілерін дұрыс ақпа­раттандырудың маңызы зор екенін айтты.

Дәнді дақылдарды жинаудың аяқта­луы­на байланысты ауыл шаруашы­лығы техникасы майлы дақылдарды жинауға көшірілді. Бүгінде майлы дақылдарды жинау 1,9 млн гектарда немесе егістік алқабының 66%-ында жүргізілді. Жалпы, майлы тұқымдар көлемі 2,1 млн тоннаны құрап, орташа өнімділік 10,7 ц/га болды. Сондай-ақ картоптың жалпы түсімі 2,8 млн тоннаны құрап, өнімділік 236 ц/га болды. Көкөніс дақылдары 3,8 млн тонна жиналып, өнімділік 309 ц/га жеткен.

«Биыл қант қызылшасының рекорд­тық өнімі күтіледі. Қант қызылша­сының 10 мың гектары немесе 40%-ы жиналып, өнімділік 540 ц/га-ны құрады. Барлығы 549 мың тонна жиналды. Жамбыл мен Жетісу облысы әкімдіктері жаңа өнімді қант зауыттарына жеткізу мәселесін қарастырып, әрбір ауыл шаруашылығы өндірушісінің жинау кестесіне сәйкес қызылшаны қабылдау кестесін жасағанын атап өту керек. Бүгінде өңдеуге 432 мың тонна қант қызылшасы жеткізілді», деді министр.

Күріш жинау толығымен аяқталып, өнімділік 57 ц/га құрады, барлығы 562 мың тонна бастырылды. Мақта 74 мың га немесе 69%-ы жиналып, өнімділік 25 ц/га болды. Жалпы, 185 мың тонна мақта жиналды. Мақта бойынша агротехнология­ларды сақтау, атап айтқанда, заманауи тамшылатып суару жүйелерін қолдану нәтижесінде Түркістан облысындағы «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» шаруа қожалығы 60 ц/га жоғары өнімділікке қол жеткізді, бұл облыс бойынша орташа өнімділіктен 2,5 есе жоғары. Мұндай тәжірибе Түркістан облысының мақташылары арасында кеңінен таратылуға тиіс.

 

Астық тасымалдау қарқыны бәсеңдемейді

Отырыста Көлік министрі Марат Қарабаев биылғы егін астығын тасымал­дауға дайындық барысы туралы баян­дады. Оның мәліметінше, күз басынан бері теміржол көлігі арқылы астық тасымалының деңгейі артып келеді. Өткен айда 1,05 млн тонна астық тасымалданды. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 24%-ға артық. Оның ішінде экспортқа 867 мың тонна жеткізілсе, республика ішінде 186 мың тонна тасымалданды.

Орталық Азия мемлекеттері секілді дәстүрлі нарықтарға экспорттау көлемі 28%-ға артты. Иран бағыты бойынша тасымалдар қайта жанданып, қыркүйекте 140 мың тонна астық экспортталды. Бұл ретте, Ақтау портының инфрақұрылымы қолданылып жатыр.

«Қазан айында жоспарлы тасымалдау көлемі 1,25 млн тонна астықты құрайды. Бұл өткен жылдың сәйкес уақыты көрсеткішімен салыстырғанда 26%-ға көп. Жыл соңына дейін астық тасымалдау көлемі жоғары қарқында болады деп күтіліп отыр. Ай сайынғы көлем 1,2–1,3 млн тонна аралығында сақталады. Орталық Азия елдеріне, Қытай және тағы да басқа нарықтарға қажетті экспорттық тасымалдарды толық қамтамасыз ету үшін шекаралық өткізу бекеттерінің қуаты жеткілікті», деді М.Қарабаев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда астық тасымалына арналған 11,8 мың арнайы вагон жұмылдырылған, оның 6 мыңы экспорттық қатынаста жұмыс істейді. Оған қоса, 16 мың бірлік жабық вагон қолданылып отыр.