• RUB:
    6.61
  • USD:
    519.57
  • EUR:
    612.78
Басты сайтқа өту
Форум 24 Қыркүйек, 2024

Хирургтердің халықаралық форумы

143 рет
көрсетілді

Президент іс басқармасы Меди­циналық орталығы «Заманауи хирургиядағы жоғары техноло­гия­лар» тақырыбында халық­­ара­лық ғылыми-прак­ти­калық форум өткізді. Екі күнге жал­ғас­қан кон­ференцияда әлемнің ал­дыңғы қатарлы хирург­тері бас қосып, тәжірибе алмасты.

Нақтырақ айтсақ, конфе­рен­цияға елдегі медициналық ұйым­дардың жетекші мамандары мен АҚШ, Қытай, Словения, Ку­вейт, Германия, Ресей, Қырғыз­стан, Өзбекстан, Тәжікстан­ның дәрігерлері қатысты. Форум­ға келген мамандардың саны екі күнде 2 000-ға жетсе, тікелей транс­ляцияны 4 мыңға жуық адам тамашалаған. Бұдан өз­ге Президент іс басқармасы меди­циналық орталығының ауруханасымен қатар, Үндістан, Түркия ауруханаларының операция залдарынан тікелей трансляция тарады. Бұл күндері дәрігерлер кардиохирургия, нейрохирургия және қантамыр хирургия­сы бойынша 6 пациентке тіке­лей эфирде операция жасаса, оны форумға жиылған мамандар бірге талқылады.

Конференцияның бірінші күнінде Президент іс басқарма­сы медициналық орталығы мен Қытайдың «Xuanwu Hospital» ауруханасы әріптестік байланыс туралы меморандумға қол қойды. «Xuanwu Hospital» – Қытайда 1968 жылы ашылған неврология мен нейрохирур­гия бойынша алғашқы ғылы­ми-зерттеу орталығы санала­ды. Ха­лықаралық Маджида Сами нейрохирургия және нейро­биология институты құрамы­на кіретін нейрохирургиялық кли­­ника. Осыған қоса клиника ұлттық деңгейде невро­ло­гиялық бұзылыстар мен нейро­хирургиялық ауруларды емдеуде, зерттеуде жетекші орталық деп танылған. Меморандум аясында екі елдің клиникалары тәжірибе алмасып, байланыс орнатады. Осы құжаттың арқасында эпилепсия ошағын анықтайтын Remebot роботы енді елдің барлық өңірі үшін қолжетімді болады.

ПІБ Медициналық орталығы ауруханасы директорының хирургия бойынша орынбасары Мыңжылқы Бердіқожаев жаңа құрылғының науқастарды ем­деуде әлеуеті зор екенін айтты.

«Әрине, операцияны роботсыз да жасай беруге болады, бірақ ол ұзақтау өтеді. Атал­ған стереотактикалық құрылғы адам басына орнатылып, бас сүйегіндегі 13 тесік арқылы элек­тродтарды қондырып, 3-4 күнде эпилептикалық ошақтың қай жерде екенін анықтауға мүмкіндік береді. Осы арқылы тек сол жерді күйдіріп, науқасты емдеп, сауықтырып жіберуге болады. Бұл технология қазір Президент іс басқармасы меди­циналық орталығы ауруха­на­сының Эпилептология орта­лығында қолданылады. Келер жылдан бастап әр аурухана мүм­кіндігі болса осы роботты сатып алып, қолдана алады», дейді нейрохирург М.Бердіқожаев.

Екі күнде хирургияның бар­лық бағыты қамтылды. Қонақ­тар мен жергілікті дәрігерлер ересектер мен балаларды ем­деу мәселелері бойынша баяндама оқыды. Оның ішінде жалпы хирургия, урология, проктология, гинекология, кардиохирургия, нейрохирургия, қантамыр хирургиясы, интервенциялық хирургия, аритмология, оториноларингология, офтальмология, онкология сынды барлық бағыт назардан тыс қалмады.

Форумға Германиядан келген нейрохирург, профессор Данэль Хенги келешекте елдегі білікті дәрігерлермен тығыз әріптестік байланыс орнатқысы келетінін мәлімдеді.

«Бүгін мен нейрохирур­гия­лық секцияға қатыстым. Өз басым әлемнің түкпір-түк­пі­ріндегі әріптестермен тығыз байланыс­та болып, білгенімізді бөлі­сіп отыру, тәжірибе алма­су аса маңызды деп ойлаймын. Бұл ғылым, нейроғылым және инновация үшін қажет. Осындай форумдарға келгенде әріптестерімді, олардың жұ­мы­сындағы қызықты жағ­дайлар­ды, сәттерді есті­ген сайын жаңа нәрсе үйренемін. Бүгін де сондай тың тәжірибе­ге қанықтық. Болашақта әріптестермен тығыз байланыста болғымыз келеді. Өйт­кені саладағы мамандардың бірінен-бірі үйренері көп», дейді профессор.

Мысырдың нейрорадиолог-дәрігері Ахмад мырза елімізге екінші мәрте келіп тұр екен. Оның сөзінше, 2019 жылмен салыстырғанда елдегі медицина әлдеқайда ілгерілеген.

– Менің нейрорадиология саласында жүргеніме 20 жыл болды. Кеше конференцияда «Механикалық тробоэктомия дәрежесі және АҚШ-тағы жүректің жедел ишемиялық ауруларын емдеу тәсілдері» та­­қырыбында баяндама жасадым. Дәрігерлер ишемиялық ауру­ларды дер кезінде анық­тап, емдеуі үшін бірінші кезекте оның қандай күрделі ауру еке­нін түсінуі маңызды. Осы туралы айттым. 2019 жылы Мың­жыл­қы Сайлауұлымен бір­ге Алма­тыдағы орталықта бол­ған едім. Сол кезеңмен салыс­тырғанда қазір сіздерде медицина жоғары деңгейде екенін, бір орында тұрып қалмай, дамып жатқанын көрдім, өзгерісті байқадым, – дейді нейрарадиолог.

Конференцияда маман­дар «Эндоскопия», «Оторино­ла­рингология, офтальмология», «Ортопедия», «Урология», «Кардиохирургия» секілді бір­неше секцияға бөлініп, операция барысындағы түрлі тосын жағ­дайларда қалай әрекет ету ке­регін бірлесіп талқылады.