Қыркүйек айында өткен іс-шараның нәтижесінде, елімізге 1-13 қыркүйек аралығында келген шетелдік туристер саны 597 мыңға жетті. Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, оның 68 мыңы елімізге Астана және Алматы халықаралық әуежайлары арқылы, қалғандары авто және теміржол көлігімен келген.
Шетелдік туристер санының көбеюіне ықпал еткен негізгі факторлар – Дүниежүзілік көшпелілер ойынының өтуі мен танымал әнші Димаш Құдайбергеннің концерті. Аталған іс-шараларға 89 мемлекеттің азаматтары қатысты.
Туризм және спорт вице-министрі Ержан Еркінбаев: «Шетелдік қонақтар негізінен Қытай, Ресей, Үндістан, Германия сынды мемлекеттерден келді. Мысалы, Қытайдан 8 мыңнан астам, Үндістаннан 6 мыңнан астам, Германиядан 4 мыңнан астам турист тіркелген. Әлбетте, бұл дерек елімізге туристік бағыт ретінде қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді», деп атап өтті.
Вице-министрдің айтуынша, туристердің едәуір бөлігі Германия, Өзбекстан, Түркия, Қырғызстан, АҚШ және Оңтүстік Кореядан келген.
EQonaq жүйесі Астанада 12,4 мыңға жуық шетелдік турист тіркеді. Олардың тұруға, көлікке, тамақтануға және ойын-сауыққа жұмсаған жалпы шығындары 15,5 млн АҚШ долларын немесе 7,5 млрд теңгені құраған. Алыс шетелден келген туристердің орташа шығыны 1 500 доллар шамасында. Демек, Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына келушілер ел экономикасына қосымша 625 мың АҚШ доллар қосқан.
Айта кету керек, елорданың танымал туристік нысандарына да 7-13 қыркүйек аралығында келушілер саны артқан. Ұлттық музей 14 мыңнан астам адамды қабылдап, «Астана-Бәйтерек» монументіне 15 мыңға жуық турист көтеріліп, «Нұр-Әлем» павильонын 10 мыңға жуық адам тамашалаған.
Халықаралық деңгейдегі мәдени-спорттық іс-шара болып табылатын Дүниежүзілік көшпелілер ойындары еліміздің туристік имиджін нығайту үшін елеулі үлес қосты. Көшпелілер ойынын ұйымдастыру комитетінің мәліметінше, этноауыл мен ойындардың өзін көруге 250 мыңнан астам адам келген.