Әлемнің 174-ракеткасы Бейбіт Жұқаев пен рейтингіде 177-орында тұрған Денис Евсеев Португалияда өтіп жатқан Оэйраш челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп жазады Egemen.kz Ұлттық олимпиадалық комитетке сілтеме жасап.
Бейбіт Жұқаев екінші айналымда әлемнің 150-ракеткасы, америкалық Патрик Кипсоннан басым түсті. Екі сағатқа созылған тартысты матчта Бейбіт 7:5, 7:6 (7:5) есебін өз пайдасына тіркеді.
Ал екінші отандасымыз Денис Евсеев әлемнің 124-ракеткасы, тағы бір америкалық Эмилио Наваны 7:6 (10:8), 6:0 есебімен қапы қалдырды.
Қос қазақ спортшыларының жолы ширек финалда түйісті. Бейбіт Жұқаев пен Денис Евсеев жұбының жеңгені Оэйраш челленджер турнирінің жартылай финалына шығады.