• RUB:
    4.88
  • USD:
    443.44
  • EUR:
    480.51
Басты сайтқа өту
Экономика 04 Мамыр, 2024

Қор тиімділігі қайтсе артады?

40 рет
көрсетілді

«Самұрық-Қазына» АҚ – еліміздегі алпауыт құрылым. Ол туралы сөз болғанда, ел ішінде түрлі пікірдің айтылуы да заңды. Мәселен, мемлекет үшін тиімділігі жөнінде жиі айтылады, тіпті, қорды тарату туралы да пікірлер қозғалып жатады.

Шынымен де «Самұрық-Қазына» АҚ бұдан кейін дербес компанияларға бөлінсе, не болады? Айта кетейік, ең алдымен жылдар бойы қалыптасқан корпоративтік басқарудың өзіндік ең құнды тәжірибесін жоғалтуымыз мүмкін. Сонымен қатар компаниялардың директорлар кеңесінде тікелей сол құрамға кіретін Үкімет мүшелері үшін өз алдына жетекші рөл атқаратын мүмкіндік туатыны анық. Мұндайда ұлттық ком­панияларды басқарудың ма­ңызды шешімдері нарықтық себептермен емес, шенеуніктің өзіне ыңғайлы жағдайда қа­лыптастыруына әкеп соқпай ма деген күдік те туады. Ол кезде мысал келтіріп отырған шенді азамат, әдетте әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым салу сияқты мәселелерге назар аударып, компания жұмы­сын коммерциялық жағынан қарастыру тыс қалмақ.

Мысал келтірсек. Румы­ния мемлекетінде «Fondul Proprietatea SA» атты қор бар. 2005 жылы құрылған бұл қорды басқару тетігі бойынша көп қиындықтар, жұмыс үдерісіндегі кідірістер мен оған қатысты түрлі жанжалдар орын алды. Сондай-ақ қор мемлекеттік қаржы министр­лігіне бағынышты еді.

2010 жылы аталған қор компанияны белсенді инвестициялық басқару моделіне көшіп, қазір толығымен дербес жұмыс істеп жатыр. Яғни мемлекетке тәуелді емес. Соның нәтижесінде қордың капитализациясы айтарлықтай өсіп, бастапқы кездегі жағдай­дан әлдеқайда жоғары деңгейге тұрақтаған. Осылайша, «Fon­dul Proprietatea SA» қоры ха­лық­ара­лық нарықта ең тартымды ин­вес­тициялық құралға айналып отыр.

Қорды сақтау нұсқасы туралы қайта айтсақ. Қазіргі жағ­дайында емес, оның өзгертілген түрін ойластырсақ, ең алдымен, стратегиялық мақ­саттарды, компаниялармен өзара іс-қи­мыл тәсілдерін қайта қарау ке­рек сияқты. Тұтастай алғанда, болашақта «Самұрық-Қазына» АҚ жұмысы Қазақстан экономикасына барынша пайда әкелу үшін инвестициялық қызметке баса назар аудара отырып, қайта құрылуға тиіс. Бұған қоса нарықта монополиялық немесе үстем жағдайға ие ұлттық компанияларымыздың тозған инфрақұрылымын толығымен жаңарту да маңызды болып тұр.

Бұл ретте қордың айналасына жергілікті және шетелдік инвес­торлардың нақты мүдделері тоғысуға тиіс. Қор халықаралық компаниялармен бірлесе отырып, кәсіпорындар құрып, олардың құрамына аз үлес­пен кіргені дұрыс. Бұл – қор­дың тікелей шетелдік инвес­тициялардың катализаторы болуға мүмкіндік береді. Яғни қорға тартылатын қаржы көлемі жылдам ұлғаяды деуге болады.

Ерекше назар аударатын маңызды мәселе – қор жұмы­сы­ның стратегиялық бағыты болашақта Үкімет құрамының ауы­суына байланысты өзгермеуі үшін қандай да бір заңнамалық тұр­ғыда құжатпен шегеленіп, бе­кі­тілуге тиіс.

Жалпы, мұндағы барлық жүйе жетілдіруді күтіп тұрған сияқты. Ол үшін халықаралық тәжірибені зерттеп, соған сүйенген дұрыс болар еді. Расында да бүгінгі күні әлемде мемлекеттік қорларға қатысты көптеген мысал жеткілікті. Онда қор қызметі бойынша кәсіби директорлар кеңесіндегі есеп беру мәселелерінен қарауға болады.

Екіншіден, қор Қазақстанда корпоративтік стандарттар ар­қылы мемлекеттік активтерді басқаруға, сондай-ақ еліміздің озық индустрияларына қатысты инвестицияларды дамытуға жауапты әрі белсенді инвестор болуға тиіс. Мұндай тәуекелге ба­рып, өз жұмысын әртараптан­дыру үшін «Самұрық-Қазына» тобы сингапурлық «Temasek» даму қоры сияқты шетелдік нарықтарға да шығуы керек. Қазір қор республика ішіндегі активтерді басқарып келеді. Ал сыртқы нарыққа шық­сақ, Қазақстан индустриясына жаңа технологиялар, инновациялар, білікті кадрлар мен шетелдік инвестицияны көптеп тартуға мүмкіндік туары анық. Осы арқылы «Самұрық-Қазына» қоры стратегиялық инвесторға, республика экономикасына тікелей шетелдік инвестициялардың катализаторына айналуға қол жеткізе алады.