Шығыс Қазақстан облысына қарасты Ұлан ауданы Бозанбай ауылында өткен құсбегіліктен ересектер арасындағы XVII ҚР чемпионатында жеңімпаздар анықталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған ел біріншілігі бүркіт, қаршыға, ителгі құсбегілері арасында өтті Жеңімпаздар тізімін Құсбегілік федерациясы Facebook парақшасында жариялады.
Бүркітшілерден 1 орынды Атырау тұрғыны Сармат Абдулкәрімұлы жеңіп алса, 2 орынды алматылық Сейітжан Аян еншілеп, 3 орынға тағы бір атыраулық Арман Кушкаров ие болды.
Қаршығашылар сайысында бас жүлдені түркістандық Ибрагим Базарбаев, 2-3 орындарды Алматы облысының құсбегілері Мұрат Кодеков пен Сағыныш Байетбай қанжығасына бөктерді.
Ителгішілерден қарағандылық Таңат Оспанқұлов бас жүлде алды. 2 орынды павлодарлық Ермек Иманзайып иеленді. Ал 3 орынды Түркістан тұрғыны Дәурен Аршабай және қарағандыдық Темірәлі Төлегенұлы өзара бөлісті.
Ел біріншілігіне 12 облыстан 59 бүркіт, 14 қаршыға, 21 ителгі әкелініп, тіркеуден 61 бүркіт, 21 қаршыға, 14 ителгі өтті. 10 облыс пен 2 қаладан 100-ге жуық құсбегінің қатысуымен өткен аталған чемпионатта жеңімпаздар арнайы кубок, диплом, медаль және қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетсек, ұлттық спорттың бұл түрі алдағы қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының спорт бағдарламасына енген.