Мәжіліс депутаты,«AMANAT» фракциясының депутаты Самат Мұсабаев Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында «Korkem Alem» ет комбинатының жұмысымен танысты. Онда комбинаттың адал өнім шығарып, сапалы қызмет көрсетуіне назар аударды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Комбинат қызметі барлық санитарлық талаптарға сай жұмыс істеп, мал сою, ет өңдеу талаптары сақталып, автоматтандырылған жүйе негізінде жұмыс істеп жатыр. Мұнда ай сайын 360 тонна ет шығарылып, 100 тонна ет өнімі өндіріледі. Еттен жасалатын жартылай фабрикат өнімдері, деликатестер және ас үйге қажет өзге де өнімдер бар.
– «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарлама аясында ашылған шағын және орта кәсіптің халыққа сапалы қызмет көрсетуіне әрдайым жіті мән береді. Бүгін «Korkem Alem» комбинаты халыққа адал өнім ұсынып, сапалы тауар өндіруге қаншалықты мән беріп отырғанын, өзге кәсіпкерлермен қандай байланыс орнатып жатқанын назарға алдым. Сондай-ақ кәсіпкерлердің етті қайдан алып жатқанына, жергілікті биліктің қолдау шараларына зер салдым, – деді С.Мұсабаев.Комбинат директорының орынбасары Нұркелді Үсеновтің айтуынша, барлық өнім ҚМДБ-ныңхалал стандартына толық сәйкес келеді.
– Барлық күш-жігерімізді сапалы өнім өндіріп, отандастарымызға адал ас ұсынуға жұмсаймыз. Бұған қоса, жергілікті жастарды жұмыспен қамтып, өскелең ұрпаққа көп мүмкіндік жасап отырмыз. Осы күні компанияда 140-қа жуық адам еңбек етеді. Оның 130-ы – жергілікті тұрғындар. Жоба толық күшіне енгеннен кейін 200-ден астам азаматты жұмыспен қамтуды көздеп отырмыз, – деді ол.
Айта кетейік, алдағы 5 жылда партия Маңғыстау облысының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында жыл сайын кемінде 15 инвестициялық жобаны, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін, атап айтқанда ет, сүт өндіру, сондай-ақ құс фабрикасын салу жобаларын жүзеге асыруға ықпал етеді. Жаңаөзенде 500 бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы, Мұнайлы ауданында тағы осындай екі алаң салынады.
Сондай-ақ облыстық «Жер аманаты» комиссиясы заңсыз бөлінген немесе пайдаланылмай жатқан жерлер мен жайылымдарды мемлекет меншігіне қайтаруға күш салады. Жыл сайын орта есеппен 300 мың гектар жер қайтарылады.