Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев барлық мемлекеттік балабақша қазақтілді болатынын айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қазақстанда 11 мыңнан астам балабақша бар. Олардың тең жартысы мемлекеттік. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев балабақшалардың қазақ тіліне көшу жоспары сұраныс пен қажеттілікке байланысты екенін атап өтті.
«Қазақ тіліндегі балабақшаларға қажеттілік те, сұраныс та бар. Жалпы, мемлекеттік балабақшалардың барлығын мемлекеттік тілде жүргізу мәселесін толыққанды іске асыруға болады деп есептейміз», деді министр.
Ғани Бейсембаев БАҚ өкілдерінің бұл жоспардың нақты қашан орындалатынына қатысты сұрағына жауап беріп, жұмыстың пысықталып жатқанын айтты.
«Яғни қанша балабақша қай тілде дәріс беретіні және осы тапсырманы қалай орындауға болатыны турасында жұмыстар пысықталып жатыр. Мемлекеттік тілде дәріс беретін балабақшаны ұйымдастыру ешқандай қиындық тудырмайды деп ойлаймын», деді Оқу-ағарту министрі.