• RUB:
    4.88
  • USD:
    443.44
  • EUR:
    480.51
Басты сайтқа өту
Елорда 28 Сәуір, 2023

Елордалық емханада тағы бір жедел медициналық көмек бөлімшесі ашылды

300 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы №6 емханада жедел медициналық көмек бөлімшесі ашылды, деп хабарлайды Egemen.kz елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Айта кетейік, осы жылдың 10 қаңтарынан бастап пилоттық режимде қалалық №4, №5 және №10 емханаларда жедел медициналық көмек бөлімшелері іске қосылған еді. Ондағы негізгі мақсат – стационардағы дәрігерлер жүктемесін азайту және шұғыл алғашқы көмек қолжетімділігін арттыру.

Бүгін Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тимур Мұратов №6 қалалық емханада ашылған бөлімшеге барды.

Басқарма басшысының айтуынша, пилоттық режимде ашылған бөлімшелердің 3 ай ішіндегі жұмыс нәтижесі көңіл қуантарлық. Стационарлардың қабылдау бөлімдеріне келіп түскен өтініштер саны едәуір азайып, жүктеме жеңілдеген.

«Қазір №2 қалалық балалар ауруханасына күн сайын 300-350-дей науқас келеді. Бәріңізге мәлім, бұл көрсеткіш көктем-жаз айларында ұлғаяды. Бұл жарақат алудың, әсіресе балалар арасындағы көше жарақаттарының маусымы десек те болады. Жедел медициналық көмек бөлімшесінің басымдылығы – тұрғындарға алғашқы көмекті қолжетімді және қолайлы ету», деді ол.

Сондай-ақ Тимур Мұратов № 2 қалалық көпбейінді аурухананың Акушерлік және негізгі блогы арасында жобаланып жатқан қабылдау-диагностикалық кешен базасында балалар травматологиялық пунктін ашу жоспарланып отырғанын атап өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, әкімдік тарапынан денсаулық сақтау саласына басым көңіл бөлінуде. Бұған елорданың негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштер бойынша рейтингте көш бастап тұрғаны дәлел. Тұрғындар үшін сапалы медициналық қызмет деңгейін арттыру бағытында жұмыс әрі қарай да жалғасады.