• RUB:
    5.03
  • USD:
    488.26
  • EUR:
    530.54
Басты сайтқа өту
Қоғам 17 Шілде, 2022

Заңсыз мигранттар көші тоқтамай тұр

551 рет
көрсетілді

Заңсыз еңбек миграциясы елдің өзекті мәселесінің бірі. Өйткені халықаралық қоғамдастық заңсыз еңбек көші-қонын терроризммен, трансұлттық ұйымдасқан қылмыспен, есірткі мен қарудың заңсыз айналымымен қатар ұлттық және әлемдік қауіпсіздіктің негізгі сын-қатерлері қатарына енгізген. Осы мәселелердің алдын алу мақса­тында тәртіп сақшылары кезекті жедел-профилактикалық іс-шарасын ұйымдастырды.

Мәселен, ел аумағында өт­кі­­зіл­­ген «Келімсек» жедел-про­фи­лак­ти­калық іс-шарасы кезінде поли­ция қызметкер­лері шетелдіктер көп қо­ныс­­тан­ған мекенжайларды, құры­лыс объектілерін, заңсыз жұ­­мысқа алатын ұйымдар мен жұ­мыс берушілер­дің ны­­сан­дарын тексерді. Опе­ра­­ция кезінде көші-қон заңна­ма­сын бұзған 12 288 дерек анық­талды. Оның ішінде 8 441 ше­телдік азаматтың Қазақ­стан аумағында болу мерзімі өтіп кеткен, 3 718 шетелдік заң­сыз жұ­мысқа тартылған. Нәтижесінде, шетелдіктерді жұмысқа заңсыз қа­былдағаны үшін 563 жұмыс беруші­ге жаза қолданылды. Сонымен қатар 4 814 шетелдіктің елге келуі туралы құ­қық қорғау ор­гандарына уақытында хабарлама бермегені үшін жеке және заңды тұлғалар жауапқа тартылған. Ал 55 шетел азаматы қоғамдық орындарда қайыршылық жасағаны үшін жауап берген.

Осындай шетелдіктер­дің тара­пынан құқықбұзушы­лықтарды анық­таған полиция қызметкерлері істі сот­­қа жіберіп, сот көші-қон заң­намасын бұзғаны үшін оларды елден шыға­ру­ға қатысты 969 шешім шығарды. Бірақ шетел азаматтарының бір­қа­та­ры атал­ған сот шешімін орындама­ған. Осылайша, 250 шетелдікке мемлекетке келуіне тыйым салынып, елден мәжбүрлеп шығарылды.

Елдегі көші-қон мәселесіне сараптама жасаған мамандар шетел азаматтары елге заңды түрде келгенімен, кей­бір жағдайларға байланысты көші-қон заңнамасын бұзу­шылар­дың қатарына ауысатыны анықтаған. Оларға көбіне Қазақстан азаматтары көмек көрсетеді екен. Са­рап­шылар мигранттардың жұмыс күші отандастарымыз үшін қолайлы әрі қара­жат жағынан тиімді екенін айтады. Қазақстанмен шекаралас елдерден келген еңбек мигранттары елімізге экономика­лық себептермен ғана ке­леді. Олар Қазақстанда жұмыс пен жоғары жалақы табады екен. Көбіне құжаттарының мерзімі өтуіне байланысты жұмы­сын әрі қарай заңсыз жолмен жал­ғастырады. Мәсе­лен, Түркіс­тан облысында жа­зық жерде «ферулла» деп атала­тын дәрілік өсімдікті өндіріп тазартқан 110 ше­телдік азамат елде заңсыз жүрген. Сон­дай-ақ Нұр-Сұлтан, Шымкент қала­лары мен Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан облыстарында құрылыс нысандарында шетелдіктерге заңсыз жұмыс істеткен көптеген факті анықталған.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, заңсыз жұ­мыс күшін тартқан жұмыс беру­шілер мен шетелдіктер жауап­кершіліктен жалтара алма­ған көрінеді. Азаматтары­мыз да өз пайдасын ойлап, көші-қон заңнамасын бұза­тын ше­тел­діктерге баспана бе­ріп қана қоймай, заңсыз көші-қон ұйым­дастыруда көмек көрсетеді.

Мысалы, Шымкент қала­сында құқық қорғаушылар қайыршылық жасаған үш шетелдікті ұстап, тексеру барысында олардың елге заңсыз жолмен келіп, Мемлекеттік шекараның бақылау пунктінен тыс кіргені анық­­талған. Оған қоса Қазақстан Рес­­пуб­­­ли­ка­сының азаматшасы шетел­діктердің тұруы үшін баспана беріп, елде заңсыз тұрақтауына септігін тигізген. Қазіргі таңда заңсыз көші-қон ұйымдастыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

«Жыл сайын Қазақстан­ға, соның ішінде, Нұр-Сұлтан қаласына келіп-кететін миг­ранттардың саны көбейіп ке­леді. Мигранттар – адам саудасына бастайтын ең негізгі фактор. Мигранттардың көбі мемлекетімізде заңсыз жұмыс істеп жүр, яғни олардың қан­дай да бір дəрежесі жоқ. Жұ­мыс беруші олармен келісім­шарт жасаспайды, тиісінше, мигрант еңбек салығын тө­лемейді. Бүгін ешқандай құжат­сыз жұмыс істеп жатқан миг­рант ертең құлға айналып ке­туі мүмкін», дейді Нұр-Сұлтан қа­ласы бойынша еңбек мигрант­тарын оқыту жəне қолдау орталығының жетекшісі Қанат Мырқайдаров.

Полиция көші-қон заң­намасын бұзғандарды анық­тау мен алдын алу бойынша тиісті жұмыстарды жал­ғас­тыратынын айтады. Заң бұз­ғандар мін­детті түрде заң алдында жауап береді, алайда олардың тигізген зардаптары айтарлықтай. Мамандар заңсыз еңбек көші-қоны ел азаматтары арасында жұмыссыздық деңгейін төмендету жөніндегі мемлекеттік бағ­дарламалар­ды іске асыруға кедергі келтіре­тінін алға тартады.