Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев ІІМ сенім телефонына келіп түскен әрбір өтінішке мұқият тексеру жүргізуді тапсырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы Polisia.kz сайты жазады.
«ІІМ сенім телефоны» (14-02 немесе 71-41-09) азаматтар үшін өз құқықтарын қорғауға, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, туыстарын іздестіруге, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде полицейлерге көмек көрсетуді ұйымдастыруда жақсы құрал болды.
«ІІМ сенім телефонының» нәтижелері халықтың полицияға деген сенім деңгейі артқанын, тұрғындар мен полиция қызметкерлері арасындағы байланыстың жақсара түскенін айқын көрсетеді. Мемлекет басшысының полицияны сервистік жұмыс моделіне көшіру туралы тапсырмасында дәл осындай меже көзделген болатын. Сондықтан қазіргі уақытта ішкі істер органдарының қызметкерлері азаматтардың әрбір өтініші заңды шешімдер қабылдаумен мұқият қаралуы тиіс екенін түсінеді. ІІМ қызметтері келіп түскен барлық хабарламалардың нақты мониторингін қамтамасыз етеді және оларды толық шешкенге дейін қараусыз қалмауын қадағалайды. Бүгін бейнеконференцбайланыс құралы бойынша Ішкі істер министрі қызметтер мен аумақтық бөлімшелердің басшыларына азаматтардың конституциялық құқықтарының мүлтіксіз сақталуын қамтамасыз етуді, барлық тергеу әрекеттерін қылмыстық іс жүргізу кодексінің нормаларын қатаң сақтай отырып жүргізуді тапсырды.
Бұдан басқа, министр әрбір өтініш бойынша мұқият тексеру жүргізуді, оның нәтижелерін өтініш бастамашыларына жеткізуді немесе оларды интернет ресурстарда орналастыруды талап етті. Осы мақсатта азаматтарды апта сайын қабылдау кестесін жасау, азаматтар үшін фронт-офистер мен қабылдау бөлмелерінің үздіксіз жұмысы қамтамасыз етілді.
ІІМ-ге жүргізілген жұмыс туралы есептер жіберіліп тұрады. Мәселен, бүгін Атырау облысы ПД басшылығына полиция қызметкерлерінің денсаулығына зиян келтіру фактісіне тексеру жүргізу тапсырылды. «ІІМ сенім телефонының» жұмысы жалғасуда, оның нәтижелері туралы жұртшылыққа үнемі хабарланады.