Бүгін Ыстамбұлда Халықаралық Түркі академиясы Ғылыми кеңесінің 4-ші отырысы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алқалы жиынға Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі, Әзербайжан Республикасының Білім министрі Эмин Амруллаев, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Қырғыз Республикасының Білім және ғылым министрі Болотбек Купешев, Түркия Республикасының Ұлттық білім министрі Махмут Өзер, Өзбекстан Республикасының Халық ағарту министрінің орынбасары Темиржон Камилов, Түркия Республикасы Жоғары білім кеңесінің төрағасы Эрол Өзвар және Мажарстанның Ыстамбұл қаласындағы Бас консулы Ласло Келлер қатысты.
Отырысты ашқан Түркияның Ұлттық білім министрі Махмуд Өзер Академияның қызметіне оң баға берді. Ол Түркия тарапы Халықаралық Түркі академиясының тілі, тарихы мен мәдениеті ортақ түркі халықтары арасындағы бауырластықты нығайтуға бағытталған талпыныстарын құптап, бұл бағытта жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екенін атап өтті.
Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі Түркия тарапына Ғылыми кеңестің IV отырысын жоғары деңгейде өткізгені үшін алғыс айтып, ұйымның атқарған жұмыстары туралы баяндады. Академия басшысы пандемиядан туындаған мәселелер мен қаржылық қиындықтарға қарамастан, өткен жылмен салыстырғанда іс-шаралар мен жобалардың саны екі есеге артқанын атап өтті. Осылайша бюджет үнемделіп, есесіне шаралар саны артты.
Айта кетсек, Бакуде өткен Ғылыми кеңестің соңғы отырысынан бері Академия 130-дан астам іс-шара мен жобаларды жүзеге асырды.
Әзербайжанның Білім министрі Эмин Амруллаев Халықаралық Түрік академиясы мүше мемлекеттер арасындағы ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамытуға, тығыз байланыстарды сақтауға және халықтар арасындағы бауырластықты нығайтуға үлес қосқанын айтты. Министр «Ортақ түрік тарихы» оқулығы 2019-2020 оқу жылынан бастап Әзербайжанның 151 жалпы білім беру мекемесінде факультативтік пән ретінде 8-сыныптың 14 мың оқушысына оқытылатынын атап өтіп, «Ортақ түркі әдебиеті» мен «Ортақ түрік географиясы» оқулықтары да жақын арада мүше елдердің оқу бағдарламасына енгізілетініне сенім білдірді.
Қазақстанның Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Академияның табысты қызметін атап өтіп, Нұр-Сұлтан қаласында ұйымға жаңа жеке ғимарат берілгенін хабарлады.
Отырыста сөз сөйлеген Қырғызстанның Білім және ғылым министрі Б.Купешев он жылдан астам уақыт бойы Академия өз миссиясын абыроймен атқарып келе жатқанын, оқытушылар мен ғалымдарға түркі халықтарының тарихы, тілі мен мәдениеті саласындағы мәселерді бірлесіп шешу үшін ғылыми байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Министр Академияның түркі әлемінің түғырлы тұлғалары мерейтойлары бойынша ұйымдастырған іс-шараларын жоғары бағалады.
Өз кезегінде Мажарстанның Ыстамбұлдағы Бас консулы Ласло Келлер түркі әлемінің ортақ құндылықтарды, әсіресе мажар тарихы мен мәдениетін зерделеу мен насихаттаудағы қызметіне ризашылығын білдірді.
Ал Түркия Республикасы Жоғары білім кеңесінің төрағасы Эрол Озвар Академияның түркі әлеміндегі ғылым мен білім саласындағы нәтижелі қызметіне назар аударып, оның көп қырлы жұмысына қолдау көрсетудің маңыздылығына тоқталды.
Өзбекстан Білім министрінің орынбасары Темиржон Камилов Өзбекстанның Академия қызметін мұқият қадағалап отырғанын атап өтіп, ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастыққа қызығушылығын білдірді.
Отырыс барысында Ғылыми кеңес мүшелері бірқатар мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылдады. Атап айтқанда, түркі әлемінің тұғырлы тұлғаларының мерейтойларының тізімі, білім және ғылым саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері, ғылыми-зерттеу жобалары талқыланып, басымдықтар бекітілді.