Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауаның ластануы адам өміріне төндіретін ең үлкен экологиялық қауіптердің бірі екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
ДДСҰ мәліметі бойынша, лас ауа жыл сайын жеті миллионнан аса адамның мезгілсіз қайтыс болуына себеп болады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы соңғы рет 2005 жылы ауа сапасы жөніндегі нұсқаулықтарды жариялады, ал соңғы 16 жылдағы мәліметтерді талдай келе, қазіргі кездегі зиян бөлшектер бұрын қабылданған концентрациядан төмен, әрі зиян деген қорытындыға келді.
«Ауаның ластануы барлық елде денсаулыққа қауіп төндіреді, бірақ ол табысы төмен және орташа елдердегі адамдарға қатты әсер етеді. ДДСҰ-ның ауа сапасына қатысты жаңа нұсқаулары ауа сапасын жақсартудың ғылыми негізделген және практикалық құралы саналады. Мен барлық елді, қоршаған ортаны қорғау үшін күресетіндердің бәрін қайғы-қасіретті азайтуға шақырамын», деді ДДСҰ бас директоры Тедрос Аданом Гебреисус.
ДДСҰ сарапшылары ауадағы көміртегі мөлшерін жүйелі түрде өлшеуді, шығарындылар мен ластану көздерін түгендеуді ұсынады. Мемлекеттік билік орындары ғалымдардың пікірінше, жаңа стандарттар әзірлеп, атмосферадағы зиянды бөлшектерді азайту жөніндегі нысаналы көрсеткіштерді белгілеуі, шығарындылардың адам денсаулығына әсерін бағалау тәсілдерін ілгерілету үшін ғылым мен технологияның жаңа жетістіктерін енгізуі керек. Сондай-ақ ДДСҰ көшелердегі зиян шаңмен шығатын газдардың мөлшерін азайту үшін қалалық кеңістікті мұқият жоспарлауды ұсынады.