• RUB:
    5.03
  • USD:
    488.26
  • EUR:
    530.54
Басты сайтқа өту
06 Сәуір, 2010

САНҒА ЕМЕС, САПАҒА ҚАРАЙТЫН КЕЗ

828 рет
көрсетілді

Биылғы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев “Нұр Отан” партиясы қызметінің белсенді бола түспегін айрықша талап етіп, оған жаңа міндеттер жүктеді. Осыған орай біз партияның Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжановты әңгімеге тартқан едік. – Сіздің Астана қалалық филиалы төр­аға­сының бірінші орынбасары болғандығыңыз “Нұр Отанға” жүктелген міндеттердің орын­далуына жіті бақылау жасауда тынысыңызды кеңейтетіні анық. Өз басыңыз мұны қалай бағалар едіңіз? – Партияға айрықша міндеттер жүкте­луі­не байланысты осынау жауапты жұмыс ұсынылғанда оны өзіме артылған үлкен се­нім деп ұқтым. Әлемдік тәжірибеге қарап отырсақ, барлық елдерде де үкіметтің тиімді жұмыс істеуі билік партиясы жұмысының бел­сен­ді­лігіне, ұтымдылығына тығыз байланысты болып келеді. Мұндай тәжірибелерді мен естігенімнен немесе көргенімнен ғана емес, кәсіби саясаттанушы-ғалым ретінде зерт­тегеннен де жақсы білемін. Коммунистік пар­тияның басқару режімі біздің қоғамда пар­тияға байланысты бірқатар кереғар көз­қарас қалыптастырып кетті, мұның өзі елдің дамуындағы партияның рөліне біршама салқынын тигізді. Бірақ саяси партиялардың қоғам өмірін дамытудағы маңызды рөлін уақыт өте келе біздің қоғамымыз өмірлік тәжірибеден жақсы түсіне бастады. Соның ішінде билік партиясының атқаратын рөлі ора­сан екендігін де өмірдің өзі көрсете түсуде. Қазір “Нұр Отан” ХДП-ның біздің еліміздің саяси сахнасындағы орны жылдар өткен сайын нығайып келеді. Ол қазір әлемдік билік партияларының арасында да салиқалы орны бар танымал партиялардың бірі. Біздің еліміздегі ең ықпалды саяси күш те “Нұр Отан” екенін жұрттың бәрі жақсы бі­леді. Сондықтан оған деген сенімнің зор екендігі даусыз. Партия мүшелеріне сол се­нім­ді жоғалтпай арттыра түсу сынағы жүктелген. Алдағы он жылдықтың жарқын жоба­лары мен жоралы жоспарларын белгілеп берген Елбасы биылғы Жолдауында: “Біз бүкіл қоғамды, партияның барлық мүше­ле­рін алдағы онжылдық міндеттерін түсіндіру мен іске асыруға жұмылдырып, іс жүзінде бұл жұмысқа жетекшілік ететін және оны өзінің бағдарламасы жасайтын “Нұр Отан” партиясының мүшелеріне үлкен үміт артамыз”, деп атап көрсеткен болатын. Мен бұл талапты толығымен қолдайты­ным­ды және оның орындалуына елордалық партия мүшелерінің барлық күш-жігерлерін жұмсайтынына толық сенімдемін. Сіздің сұрағыңызға орай айтатын болсам, Елбасының партия алдына жүктеп отырған жауапты міндеттерін орындау үшін оның кадрлық әлеуетін күшейту маңызды мәселе ретінде алға тартылды. Елі­міздің бас қа­ласындағы партия жұмы­сының белсен­ділі­гін арттыру, әсіресе, маңызды міндет. Өйт­кені, басқа аймақтар Астанаға қарап бой түзейді, одан үлгі алады. Сондықтан, кадр­лық өзгерістердің болуы заңды. – Партия жұмысын Астанада жүргізуге байланысты осындағы тұрғындардың өзіндік ерекшелігі қатарында нені айтар едіңіз? – Қазір Астана халқының өзіндік кескін-келбеті, талғамы қалыптасып, оның таралу аумағы да артып келеді. Ол, әсіресе, студент жастар мен оқушылар арасында ай­қын көрінеді. Астананың сырт көркіне сай олардың менталитеті де ерекше, бәрі де бар­лық әрекеттердің әшекейлі, жоғары сапалы, сәнді болғанын қалайды. Бұл адамның сырт келбетінде ғана емес, ішкі дүниесінде, жан әле­мінде де көрініс тапқан. Сондықтан Ас­та­на қаласындағы партия жұмысы да өз­ге­лерден әлдеқайда алымды, сапалы болмағы керек. Әсіресе, жастар сұранысына сай болса тиімді болады. Өйткені, біріншіден, Астана – жас қала, оның барынша белсенді тұрғындары да жастар, екіншіден, 10 жылда Елбасымыздың саралап берген жоспарын іске асыратын да жастар. Сонымен бірге, партия белсенділері күн­делікті міндеттерін ғана атқарумен шектелсе, онда жұмыстың тиімділігі, нәтижелілігі жоғары болмайды, Астана тұрғындарымен жұмыста үнемі шеберлікті шыңдап, барлық әрекеттерді шығармашылықпен атқару керек. Сондай-ақ, астаналықтардың тағы бір ерекшелігі бар. Қаламызға жастармен қоса зейнет жасына жетіп, өз еңбегінің зейнетін елордада көрейін деп, астанада тұратын балалар­ының қа­сы­на көп­теген аға ұрпақ өкілдері де қоныс аударды. Бұлардың арасында белсенді қоғамдық ұстанымы бар, Елба­сы­ның саясатын толық қолдайтын, кезінде бірі ел басқарса, бірі өз еңбегін халық шаруа­шы­лығын дамытуға арнаған аға-апаларымыз да бар. Олар барынша ақылды, өмірлік тәжірибелері мол, сонымен бірге, барынша ұстамды жандар. Кезінде белсенді әрекетте болған қазыналы қарттарымыз әлі де тұғыр­дан таймаған, қайтсе де елге бір пайдасын тигізуге өздері де ұмтылып жүреді. Ал қазақ қоғамы ешқашан да жасы үлкен адамдарын белсенді әрекеттен шеттетпеген, “Алпысқа келгеннен ақыл сұра” деген мақал да соның айғағы. Сондықтан, біз де мүмкіндігінше осындай азаматтарды партия жұмыстарына тартуды алдымызға мақсат етіп қойып отыр­мыз. Олардың арасында бастауыш партия ұйымдарын ашу да жоспарымызда бар. – Ондай адамдарды, мәселен, қандай шаруаларға тартуға болады?.. – Мәселен, 2010 жылғы 1 қаңтардан рес­публикамызда Ұлттық бірыңғай ден­сау­лық сақтау жүйесі енгізілгенін білесіздер. Астананың медициналық нысандарында осы жүйенің қандай жетіспейтін жақтары бар, қандай тиімді ұсыныстар айтуға болады деген мәселеде үлкендеріміздің ақыл-кеңесі көп мұқтаждықтарымызды өтейтініне көзі­міз жетуде. Денсаулықтарына байланысты дәрігердің бақылауына мұқтаж қариялар медициналық мекемелердің ішкі-сыртқы тынысын жақсы біледі. Біз осы азаматтарды медициналық нысандардағы қабылдаудың сапалығын бақылайтын партиялық бекет­тердің жұмысына тартудамыз. Партиялық бекеттер қызметінің нәтижелері бойынша медицина саласы басшыларын, мемлекеттік қызметкерлерді, депутаттарды қатыстырып, отырыс өткіздік. Отырыс қорытындысы бой­ын­ша дайындалған нақты ұсыныстар өзінің озық нәтижесін алдағы уақытта көр­се­тер деген үмітіміз бар. Сондай-ақ, құрылыс нысандарының, соның ішінде Елбасының тапсырмасымен “100 мектеп, 100 аурухана” жобасымен салынып жатқан әлеуметтік ны­сандардың салыну сапасына бақылау мақ­са­тында үлкендер арасынан мамандар тауып, оларды партиялық бақылау мүшелері қатарына қосу ниетіндеміз. Біздегі құрылыс жұмыстарын жүргізуге қазір бақылау жасал­май кеткенін білесіздер, осының салдарынан оның сапасына толып жатқан наразылықтар туып жатады. Тендерде жеңіп алған құрылыс компаниясы өзінің қалауынша құрылысты жүргізе береді. Ал мемлекеттік тұрғыдан ба­қы­лау жасауға тиісті шенеуніктер қағаз­да­рын толтыру жағына мұқият қарағандары бол­маса құрылыс басына шығып, бақылау жасауға мүмкіншіліктері бола бермейді: ны­сандар көп, ал олардың қызметкерлерінің са­ны аз. Сондайда партия тарапынан ұйым­дастырылған білікті бақылау өте пайдалы болар еді. – Партия жұмысының белсенділігі мен тиімділігін арттыруда тағы қандай жұмыстар атқару керек деп ойлайсыз және соның ішінде іске асырылып жатқандары бар ма? – Осы арада партиямыздың көшбасшы­сы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өткен жылы “Нұр Отан” ХДП-ның кезектен тыс ХІІ съезінде айтқан мына сөздері еске түседі: “Саяси сахнада салмақты орнымыз бар. Сайлауалды уәделерімізді толықтай орындап келеміз... Ең бастысы – біз бірлігі жарасқан халық­пыз”. Яғни, партияның негізгі міндеті – сайлау алдында жарияланған “Қазақ­стан­ның өсіп-өркендеуі мен қазақстандық­тар­дың игілігі үшін: біз елдің әрбір азаматының өмірін қалай жақсартамыз” атты “Нұр Отан” партиясының Халықтық тұғырнама­сы­ның толық орындалуын жіті бақылау. Осы бақылаудың бір жолы – “Нұр Отан” пар­тиясы атынан сайлауда жеңіске жеткен Астана қалалық мәслихаты депутаттары арқылы Халықтық тұғырнамада көрсетілген басымдықтардың әкімдік тарапынан орын­далуын қадағалау. Осыған байланысты, Астана қалалық мәслихатындағы “Нұр Отан” партиясы фракциясының жұмысын жандандыруды қолға алып отырмыз. Өкінішке қарай, фрак­ция­ның бірқатар мүшелері өздеріне жүк­телетін міндеттерді ұға бермейді. Сондықтан олардың арасында түсіндірме, оқу жұмыс­тарын да қолға алдық. Өзіңізге белгілі, Президентіміз 2010 жыл­ғы 29 қаңтарда өткен “Нұр Отан” партиясы Саяси кеңесі бюросының кеңейтілген отырысында берген “Нұр Отан” партиясы бюд­жеттік қаржының жұмсалуын қатаң бақы­лау керек”, деген тапсырмасына сәйкес 29 наурызда фракция отырысы өтті. Онда Елбасының Жолдауына сәйкес қалалық бюджетке енгізілетін өзгерістер жан-жақты талқыланып, мәслихат сессиясында бекі­тіл­ді. Алдағы уақытта да жергілікті бюджет қар­жы­сының жұмсалуы бойынша осындай бас­қо­сулар жиі өткізіліп тұратын болады. Әри­не, келелі мәселелер талқыланғанда фрак­ция мүшелерінің біліктілігі, белсенділігі ауадай қажет. Партия жұмысының белсенділігі мен тиімділігін арттырудағы тағы бір бағыт – бастауыш партия ұйымдарының рөлін арттыру. Яғни, партиямызға ел-жұрттың артқан сенімін де, үмітін де ақтау тікелей бастауыш партия ұйымдарының жұмысына байланысты. Осы мақсатта, 1 наурыз күні Астана қалалық бастауыш партия ұйымдары өкілдерінің қатысуымен кеңейтілген кеңес өтті. Кеңес барысында көтерілген мәселелер мен айтылған ұсыныстарға деген қызығу­шылық өте күшті болды. Партиямыздың “халықтық” деген атына заты сай болу үшін тағы бір жұмыс бағыты – қоғамдық қабылдау жұмыстарын өзгеше тәсілмен жандандыру қолға алынды. Осыған дейін қоғамдық қабылдау партия аппара­ты­ның ғимаратында ұйымдастырылса, қазіргі уақытта жылжымалы отырыс негізінде өт­кі­зуді қолға алдық. Жуырда осындай бір оты­рысымыз Астанаға қарасты “Интер­на­цио­нальный” кентінде өтіп, оған қаланың 16 басқарма басшылары қатысты. Жиналған қауым өздерінің арыз-шағымдарын, соны­мен бірге, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Олардың сауалдары тіркеліп, шешуге жауап­ты басқарма басшыларына қолма-қол тапсырылды. – Қалада қайнауы жеткен мәселенің бірі – балабақша екенін білеміз, осы мәселені шешуде партия белсенділігі қандай? – Бұл – өте өзекті мәселелердің бірі. Осы бір, әсіресе, жас отбасыларды жиі маза­лай­тын мәселені толық шешу жолын Елба­сы биылғы Жолдауында белгілеп берді. Елбасы тапсырмасына сәйкес, қазір Астана қаласының әкімдігі үш бағытта жұмыс жа­сауда. Бірінші бағыт – Алматыдан Ақмолаға астанамыз ауыстырылғанда мемлекеттік ор­гандарға пайдалануға берілген балабақшалар ғимараты қайтарылып, жөндеуден өтуде. Екінші бағыт – мемлекеттік “Балапан” бағдарламасы бойынша балабақшалар салу. Үшінші бағыт – балабақша ашамын деген жеке кәсіпкерлердің бастамаларын қолдап, толық жағдай жасау. Осы орайда, соңғы бағыт бойынша Үкімет тарапынан бала­бақ­шаны ашуды лицензияландыру тәртібін жеңілдетуге арналған нормативтік-құқықтық актілердің қабылданғанын атағым келеді. Қазіргі уақытта Астана қаласында мемлекет­тік 38 және жеке меншік шағын балабақша­лар­ды қосқанда барлығы 16 мың орындық сәбилер үйі бар. Жоғарыда атап өткен ба­ғыт­тар бойынша тиісті шаралар қабыл­дан­ған жағдайда жыл аяғында 11 мың сәби ба­лабақшада тәрбиеленетінін қала әкімі, пар­тияның астаналық филиалының төрағасы И.Н. Тасмағамбетов жыл басында өткен қала тұрғындарымен есептік кездесуінде атап көрсетті. Әрине, кезекте тұрғандар са­ны 30 мыңға жуық, бірақ осы қарқынмен олардың барлығының да проблемасы шешілері сөзсіз... – Әбеке, партия қатары қазір қалай, өсіп келе ме, әлде азаюда ма? – Бұл сұрағыңызға нақты жауап беретін болсам, қазір партияның санынан гөрі сапа­сының артқанына қатты мән беріп отырмыз. Елбасының тапсырмасы да осындай. Сон­дықтан былтыр 5 мыңдай адам партия қата­ры­нан шығарылды. Бұлар жарғы талаптарын орындамайтындар, белсенді жұмысқа қатыс­пайтындар. Бірақ 6 мыңдай адам партия қатарына өтуге тілек білдірді. Өткен ақпан айында ғана 900-дей адам партия қатарына өтті. Осының өзінен-ақ партияның таны­мал­дығы мен беделінің халық арасында артып келе жатқандығы көрінбей ме? Және бір қуаныштысы сол – партия қатарына зиялы қауым өкілдерінің көптеп өтіп жат­қандығы болып отыр. – Әңгімеңізге рахмет, жұмыстарыңыз жемісті болсын. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.