Қызылорда облысы бойынша Кедендік бақылау департаменті 2011 жылдың 3 айын қорытындылады. Сыр бойындағы кеденшілер үш айда ел қазынасына 3 миллиард 970 миллион 284 мың теңге қаржы қосты. Рәсімделген тауарлар үшін алынатын төлемдермен қатар, соңғы жылдары кеден қызметінің басым бағыты – пост кедендік бақылау бойынша облыстың сыртқы экономикалық қызметпен айналысатын тұлғаларға қайта бақылау жасауы да тиімділігін көрсетіп отыр. І тоқсанда жүргізілген тексерулер нәтижесінде 1 миллиард 218 миллион 489 мың теңге бюджетке өндірілген. Осы үш ай ішінде департамент 3 қылмыстық, 281 әкімшілік іс қозғаған. Соның арқасында мемлекетке келтірілген 332 миллион 563 мың теңге көлеміндегі залал қалпына келтірілген. Сонымен қатар, 15 миллион 914 мың теңге айыппұл салынып, жергілікті бюджетке құйылған.
Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда.
* * *
3 706 000 000 Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында 2010-2013 жылдарға арналған облыстық бюджетке толықтырулар мен өзгерістер енгізілді. Осыған байланысты артылған қаржы көлемі 3 миллиард 706 миллион теңгені құрады. Осы қаржының басым бөлігі, яғни 741,4 млн. теңгесі облыстың білім саласына бөлінді. Ырғыз ауданына газ бен су құбырын тартудың жобалық-сметалық құжаттарын дайындауға 89 млн. теңге, Қобда ауданының елді мекендерін қалпына келтіруге 12,3 млн. теңге қаралды. Облыс бойынша салынатын 13 медициналық пункт пен қайта жарақтандырылатын 9 нысанның құрылысына тиісінше 185 млн. және 540,6 млн. теңге бағытталды. Артылған қаржының қалған бөлігі жергілікті жолдарды жөндеуге, мәдениет, дене шынықтыру мен спорт саласына, облыстық әкімдік аппаратына, ішкі істер департаментіне, қала құрылысы мен табиғатты қорғау шараларына бөлінді.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы.
* * *
2 600 000 000 Биылғы жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша жергілікті бюджеттің кірісі осыншама теңгеге артқан. Облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясының күн тәртібінде өңірдегі 2011-2013 жылдарға арналған облыс бюджетіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөнінде мәселе қаралды. Сонымен қатар, денсаулық сақтау мекемелерінде атқарылған шаралар жайы да әңгімеге арқау болды. Бекітілген кіріс көлемін 2 млрд. теңгеге арттыруға орай бюджет шығыстарына да өзгерту енгізілді. Мәселен, 16 қанатқақты ауылдық округтерді интернет-ресурстармен қамтамасыз етуге, жөндеу жұмыстарына және қорғаныс, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, тағы басқа салаларға бағытталған қаражат мөлшері айқындалды. Сөйтіп, биылғы жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша жергілікті бюджеттің кіріс мөлшері 2,6 млрд. теңгеге артқаны анықталды.
Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.