«Білім инемен құдық қазғандай» болғанда, сол жолда бағыт-бағдар беріп, жөн сілтеп, жол көрсететін бірден-бір адам – ұстаз. Қазақ «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дегенде осыны меңзесе керек. Балаға үйретуден жалықпайтын, еңбегім еленбеді деп қамықпайтын, шәкірттің қарым-қабілетін анықтайтын мамандық иелерін қалай дәріптесек те, құрмет көрсетсек те артықтық етпейді.
Ұстаздар мерекесіне орай Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев аймақтағы жаңашыл педагогтар мен ардагер-ұстаздарды қабылдады. Оған Қызылорда қаласы және аудандардан келген 3 білім ардагері мен 38 жаңашыл мұғалім қатысты.
Кездесу барысында Сырдария ауданынан келген 80 жастағы Мұқаш Жүсіпова, 75 жастағы Жалағаш ауданының мұғалімі Әлтай Пірманов және қызылордалық 70 жастағы Сайлаукүл Демесінова ұстаздық өміріндегі ұлғатты жолын әңгімелеп, қызықты естеліктерімен бөлісті.
Жаңашыл ұстаздар білім беру жүйесіндегі әдістер жайында сөз қозғап, аймақтағы білім саласының өзекті мәселелері жөнінде ойларын ортаға салды.
– Бауыржан Момышұлының «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да ұстаз өсіреді. Өмірге ұрпақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз» деген қанатты сөзі бар. Жас ұрпақтың бойына жақсы қасиеттерді, Отанға деген сүйіспеншілікті дарытып, өмірдің қыр-сырын танытатын, ардақты ұстаздар, сіздерсіздер. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығында ұстаз еңбегін ерекше бағалап, атап өтуді заңдылық деп білемін. Мерейлі мерекелеріңіз құтты болсын, – деген аймақ басшысы ардагер-ұстаздарды марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Сондай-ақ, облыс әкімі білім беру саласының жаңашыл мамандарын құттықтап, арнайы сый-сияпаттармен марапаттады. Кездесу соңында марапатталған ұстаздар қауымы аймақ басшысына алғысын білдірді.
Сондай-ақ, ұстаздар мерекесінің аясында Нартай Бекежанов атындағы Қазақ музыкалық драма театрында «Қалдырған ізің мәңгілік...» тақырыбында салтанатты шара өтті. Жиында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев алдымен аймақтағы білім саласындағы ауқымды жұмыстарға тоқталып, мұғалімдерді мерекелерімен құттықтады.
– Соңғы төрт жылда Қызылорда облысында білім беру саласының бюджеті екі есеге артты. Биылғы жылдың өзінде білім беру саласына облыс бюджетінің 38 пайызы, нақтырақ айтсақ, 75 миллиард теңге бөлінді. «Серпін» бағдарламасы бойынша 3 829, Ресейдің үздік жоғары оқу орындарындағы 390 түлектің Сыр елінің жастары екендігі бізді қуантады. Білім беруді тәрбиемен жаңаша ұштастырып, оның сапасын көтеру – мәртебесі биік, маңызы зор, жалпыұлттық мүдде. Сол ұлы істе абыройларыңыз асқақ болсын, мәртебелі ұстаздар, – деді Қырымбек Елеуұлы.
Сонымен қатар, «Үздік мұғалім-2016» аталымы бойынша М.Мәметова атындағы гуманитарлық колледждің мұғалімі Гүлжайна Әбиева, дарынды балаларға арналған №4 мектептің мұғалімі Шаһизат Бейсенова, №3 мектеп-гимназияның мұғалімі Салтанат Тәжетаева және Назарбаев Зияткерлік мектебінің мұғалімі Жадыра Әжібаева 2 миллион теңгеге ие болды.
Айта кетейік, облыста жалпы орта білім беретін мектептерде барлығы 18 423 мұғалім қызмет етеді. Оның ішінде бірінші және жоғары санатты мұғалімдердің үлесі 45,5 пайызды құрайды.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
ҚЫЗЫЛОРДА