• RUB:
    5.03
  • USD:
    488.26
  • EUR:
    530.54
Басты сайтқа өту
29 Қыркүйек, 2016

Спорт саясаттың сойылына айналып барады

547 рет
көрсетілді

Спорттың саясаттың құралына айнал­ғаны қашан! Бұл әлем Кеңес Одағы мен Құрама Штаттар төңірегінде екі полярлы ендікке бөлініп, бір-бірімен «қырғи-қабақ соғысты» бастап кеткен мезгілден бері бар. Біз мұның шарықтау шегін АҚШ-тың ықпалындағы капитализм билеген дүниенің 1980 жылы Мәскеу Олимпия ойындарына бой­кот жариялаған тұсында, қарсы жақ­т­ың өз кезегінде бұған қарымта жауап ретінде 1984 жылы Лос-Анджелес Олим­пиадасына қатысудан бас тартып, Ізгі ниет ойындары деген жаңа бір жаһандық жарысты жарыққа шы­ғар­ған кезінде анық көрдік. Бірақ ол заман­да екі қоғамдық құрылыс ара­сындағы антогонистік әрекеттер мем­лекеттердің бір-бірлеріне қыр көрсетіп, қарсы жақ қолға алған спорт сайысын мансұқ етулерімен ғана шектелуші еді. Ал соңғы бір жылға жуық уақыттан бері «допинг» деген даумен жарты жаһанды шулатып қойған дүрбелең өзінің цинизмі жағынан соның бәрінен де асып, енді қарсы беттің жекелеген спортшыларына ауыз салуға көшті. Күші мен тетігі бар тарап текетіресуші жақтың белгілі спорт саңлақтарын «тыйым салынған препараттарды пайдаланды» деген желеумен себепсіз сергелдеңге түсіруге кірісіп кетті. Дегенмен, мұның бәрі ойдан шығарылған құр долбар болып тұрғаны, оның түпкі нысанасы бір ғана елге бағытталып жатқаны, сонымен қабат алынған бірлі-жарым елдер спортшыларының жағдайға қарай жасалған құрбандық екені әуел бастан-ақ байқалып қалған еді. Айналып келгенде, 2015 жылдың қарашасында Ресей спортшыларына қарсы көтерілген «допинг дауы» деп аталатын дүрбелеңнің басты мақсаты бұл ел спортшы-жеңімпаздарын қараптан-қарап мас­қаралау ғана емес, Сочиде өткен қысқы Олим­пия ойындарының қорытынды нәтижелерін ту-талақай етуді көздеген екен. Соның қарқыны «екі ортада шыбын өледінің» керін келтіріп, біздің Рио-де-Жанейрода алтын медаль алуы әбден мүмкін бірқатар таңдаулы тарландарымызды жарты жолдан жұлып әкетті. Бір қызығы, Халықаралық олимпиада коми­теті (ХОК) басынан АҚШ-тың тапсырысымен тірлік етіп жатқаны көзге ұрып тұрған Бүкіләлемдік антидопингілік агенттіктің (WADA) ешбір нақты құжатпен негізделмеген, бәрі «дейді екен» дейтін дүдәмал деректен құралған құрғақ мәлімдемелерін бірден қағып алып, спортшыларды Ойындарға жіберу-жібермеу мәселесін халықаралық спорт федерацияларына жүктей қойды. Ал агенттіктің содан кейін құрылған тәуелсіз комитетін басқарған Ричард Макларен тізімге іліккен спортшылардың допинг қолданғандары жөнінде баяндама жасағаны болмаса, оны іс жүзінде дәлелдейтін бірде-бір факт ұсына алмады. ХОК сосын Риодан кейін комитет төрағасынан мұны шындап талап етті. Алайда, қаралау міндетін атқарушы канадалық заңгер ондай құжатты әлі күнге дейін тапсыра алмай отыр. Мұның орнына, қыркүйектің ортасына қарай бүкіл спорт әлемін дүр сілкіндірген оспадар оқиға орын алды. Осы шамада жұртшылыққа Fancy Bear атымен танылған хакерлер тобы WADA-ның мәліметтер базасына шабуыл жасап кіріп, Рио Ойындарында америкалық апалы-сіңлілі теннисшілер Серена және Винус Уильямстердің, гимнаст Симона Байлздің ұзақ уақыттар бойы тыйым салынған препараттарды пайдаланып келгендері жайлы деректі жалғанның жарығына шығарып жіберді. Сөйтсек, оларға WADA-ның өзі «терапиялық мақсатта тыйым салынған дәрі-дәрмектерді пайдалануға рұқсат берген» болып шықты. Міне, парадокс! Соның алдында ғана Халықаралық паралимпиялық комитет Ресейдің нағыз емделуді керек ететін мүгедек спортшылары құрамасын «допинг қолданды» деген дәйексіз тұжырыммен түгелдей Ойындарға жібермей қояды да, олармен салыстырғанда, қол-аяқтары балғадай атлеттерге дәрі қолдануға рұқсат ете салады. Ал хакерлер бұдан кейін тағы төрт дүркін агенттіктің сайтына бұзып кіріп, допинг пайдалануға ресми түрде рұқсат алған 50-ден астам спортшыны «судың бетіне шығарды». Қазір осыған байланысты күллі әлемде туындап жатқан сұрақтар көп. Қазір осылай біреуге – көл, біреуге – шөл болып тиіп келе жатқан WADA қызметінің шынайылығына қатысты күмән қатты өршіп отыр. Мұның соңы аталмыш ұйымды таратып, орнына басқа құрылым құру жөнінде де мәселе көтеріліп отыр. Агенттік көрсетіп отырған түйткілі көп тірліктер спортқа саясат араласып кетсе, жағдайдың қалай болатынын байқатып берді. Ал алдағы уақытта бұл жалғаса берсе, Олимпиялық қозғалыстың біртұтастығына да нұқсан келіп, оның соңы ыдырауға алып баруы әбден мүмкін. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»