Алматыдағы «Жайлау» гольф клубында «Kazakhstan Open - 2016» халықаралық турнирінің ашылу құрметіне орай өтетін Pro-Am турнирі басталды.
Бұл турнир ертеңгі үлкен ойын алдындағы соңғы тиянақты дайындық сияқты әрі қатысушылардың өзара танысып, тіл табысуына себеп болатын шара. Pro-Am ойындарына да қомақты жүлде қоры тігіледі. Биылғы жеңімпаздарға Мальдив жағажайына жолдама берілмек.
Айтпақшы, ертеңгі «Kazakhstan Open - 2016» халықаралық турниріне Еуропа ойыншыларының рейтингінде 3-орында тұрған Роман Лангаск қатыспақшы. Франция азаматының Алматыға алғаш рет келуі. Жалпы, Қазақ елі туралы жаңалықтардан естіп, біліп жүреді екен. «Алматының ауа-райы ұнады! Әдемі...» дейді ол. Алматыдағы турнирге қатысуға өзі ықылас танытқан. Француз ойыншысы бұл ойындағы қомақты жүлде қоры қызықтырғанын жасырмады.
Еуропалық тур – әлемдік деңгейдегі гольф алпауыттарының үздігін анықтайтын турнир. Оған дейін бірнеше деңгейден тұратын халықаралық жарыстар өтеді. Соның бірі - Kazakhstan Open!
Қалмаханбет Мұхаметқали, Алматы.