• RUB:
    5.03
  • USD:
    488.26
  • EUR:
    530.54
Басты сайтқа өту
28 Қыркүйек, 2016

Ислам елдерінің мүддесі ортақ

309 рет
көрсетілді

Кеше елордада Ғылым, технологиялар және инновациялар жөніндегі Азия парламентаралық форумы өз жұмысын аяқтады. Бәсі биік жиынның соңында жоғарыда көрсетілген салалар   бойынша парламентаралық ислам ынтымақтастығын нығайту бағытында Астана декларациясы қабылданды. Ислам ынтымақтастық ұйымына (ИЫҰ) мүше-мемлекеттердің білім және ғылыми әлеуетін дамыту са­ла­сында әріптестікті нығайту мақ­са­тында ұйымдастырылған форум­ның екінші күні де жоғары деңгейде өтті. V-сессияда Қа­зақ­стан Парламенті Мәжілісі Эко­номикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, депутат Нұртай Сабильянов сөз алып, елі­міздің өз алдына үлкен мақсат-мін­деттер қойып отырғанын, соның бірі – шикізаттық экономи­кадан «білім экономикасына», яғни, экономикалық өсімнің ин­но­вациялық моделіне көшуді көздейтінін атап өтті. Елімізде 4 сала­лық конструкторлық бюро қыз­мет көрсетуде. Мысалға, «Өскемен ти­тан-магний» комбинаты жаңа технологияларды пайдалана отырып, авиағарыш, мұнайгаз өнеркәсібінде, атомдық энергетикада, қорғаныс және медициналық салаларда қолданылатын бұйымдар шығаруда. Мұндай өнім үлкен сұранысқа ие. Осыған байланысты, аталған комбинат негізінде біріккен Қазақстан – Франция және Қазақстан – Оңтүстік Корея өнеркәсіптік орындары ашылды, деді Н.Сабильянов. Сонымен бірге, ол Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен осыдан 25 жыл бұ­рын жабылған Семей ядролық поли­го­нының әскери-өндіріс кешені негізінде Ұлттық ядролық орталық­тың құрылуы ғылымға трансфор­мацияланудың жарқын мысалы екенін, бұл орталықтың қызметі ел аумағындағы ядролық сынақтардың салдарын жою жөніндегі мін­деттермен ғана шектелмейтінін, ол Қазақстанның атом энергетикасын дамыту үшін қажетті ғылыми-техникалық, технологиялық және кадрлық базаны қалыптастыруды және оның ғылыми техникалық әлеуетін мемлекет мүддесі үшін пайдалануды көздейтінін жеткізді. Бұдан кейін Тәжікстан Пар­ла­менті Ғылым, білім, мәдениет және жастар саясаты комитетінің тө­р­айымы Лутфия Раджабова сөз алып, аталған форумның маңыздылығына кеңінен тоқталды әрі өз еліндегі ғылым мен технологиялардың даму үдерістері тұрғысында сөз қозғады. Өз кезегінде Марокко корольдігі Парламентінің депутаты Рашид Әл-Меньяри өз елінің ғылым, технологиялар және инновациялар мәселелері бойынша халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөліне назар аударды. Сондай-ақ, ол Астанадағы бұл басқосуда тал­қы­ланып жатқан барлық тақырып­тардың өзектілігін сөз етті. Форумның VI-сессиясы «Озық халықаралық тәжірибеден жасалған қорытынды» тақырыбына арналды. Сессия жұмысы барысында Қа­зақ­стан Парламенті Мәжілісі Эконо­микалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, депутат Азат Перуашев, Ислам ынтымақтастық ұйымы Ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитетінің бас үйлестірушісі Шаукат Хамид Хан, Түркия Пар­ла­ментінің депутаты Орхан Ата­лай, «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» басқарма төрағасының орынбасары Ербол Шорманов, Еуразиялық па­тенттік ведомствоның президенті Сәуле Тілеулесова және Қазақстан Профилактикалық медицина академиясының президенті Алмас Шарман сөз сөйледі. Олар өз сөз­дерінде аталған форум ислам ел­дері арасындағы ықпалдастықты дамытуға тың серпін беретінін, ғылым, технологиялар және инновациялар саласындағы әріптестікті нығайту заман талабы екенін, сондай-ақ, талқыланған тақырыптардың маңыздылығын атап өтті. Ал форумның VII-сессия­сын­да «Ғылым, технологиялар және ин­но­вациялар саласын­дағы парла­мент­аралық ислам ынтымақтастығын нығайту жөніндегі Астана декларациясы талқыланды. Талқылау нәтижесінде Ауғанстан, Алжир, Әзербайжан, Бахрейн корольдігі, Бангладеш, Комор аралдары одағы, Мысыр, Гамбия, Индонезия, Иран, Қазақстан, Малайзия, Мальдив, Мали, Марокко корольдігі, Оман сұлтандығы, Судан, Тәжікстан, Тунис, Түркия, Біріккен Араб Әмір­ліктері парламенттерінің өкілдері аталған Декларацияны бірауыздан қабылдады. Декларацияда парламенттердің ғылымды, технологиялар мен инновацияларды дамыту үшін құқықтық базаны қалыптастыруда маңызды рөл атқаратыны атап көрсетілді. Сонымен қатар, құжатта Қазақстан Республикасының 2011 жылы ИЫҰ Сыртқы істер министрлерінің кеңесіне төрағалық еткен кезінен бастап ХХІ ғасырда ислам әлемін дамытудың негізгі қағидаттары болып табылатын жаңғырту мен реформалар жүргізу үдерістеріне қосқан қомақты үлесі назарға алынды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ислам инфра­құрылымдық интеграциясы» стратегиялық бағдарламалық құжа­тын әзірлеу туралы бастамасына қолдау білдірудің маңыздылығы Дек­ларацияда айқын көрініс тапты. Бұлардан бөлек, Декларацияда: «Біз Қазақстан Үкіметінің ИЫҰ Бас хатшылығымен және Ғылыми-тех­никалық ынтымақтастық жөніндегі тұрақты комитеттің (КОМСТЕК) Хатшылығымен ынтымақтаса отырып, 2017 жылы ИЫҰ-ның Ғылым және техника жөніндегі алғашқы саммитін өткізу туралы бастамасын жоғары бағалаймыз және ИЫҰ-ға мүше-мемлекеттердің үкіметтерін алдағы саммитті дайындауға және барынша жоғары деңгейде өткізуге белсенді ат салысуға шақырамыз. Сонымен қатар, біз ИЫҰ-ға мүше –барлық мемлекеттерді «Болашақтың энер­гиясы» тақырыбына арнал­ған «Астана ЭКСПО-2017» халық­аралық мамандандырылған көрме­сіне қатысуға шақырамыз және Қа­зақстанның ислам мемлекет­тері­нің ЭКСПО-2017-ге қатысуына қол­дауды қамтамасыз ететінін жоғары бағалаймыз делінген. Ғылыми-техникалық және интеллектуалдық әлеуетті арттыру тұрғысында нақты жеті ұсыныс Декларацияда атап көрсетілді. Бұл ұсыныстар білім, ғылым, технология­лар және инновациялар мәселелері бойынша өңірлік ынтымақтастықты нығайтуға және озық тәжірибе алмасуға жәрдемдесуге, донорлар мен қаржы институттарына бірлескен бағдарламалар мен ұсыныстар беруге, ислам мем­лекет­терінде жаңартылатын бағдар­ламалар мен жүйелер бойынша зерттеулерге бас­тамашы болуға, ИЫҰ-ға мүше мемлекеттер пар­ламенттерінің арасында ғылым, техно­логиялар және инновация сала­сындағы құқықтық база қалып­тастыру бойынша тәжірибе алмасуды кеңейтуге ықпал етуге және басқа да мәселелерге бағытталған. Бұған қоса, құжатта қаты­су­шылардың осы форумды жоғары деңгейде ұйымдастырған Қазақстан тарапына, ИСЕСКО мен ИДБ-ға алғысы айтылған. Соңында Қазақстан Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары Гүлмира Исимбаева қорытынды сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға ризашылығын жеткізді. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»