Әлемнің 132 елінен арнайы келген ойыншылар «Жайлау» гольф кешеніне жиналып, танысу рәсімін өткізеді. Ал, негізгі ойындар 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді.
Қазір әлемде гольф ойындары бұқаралық сипат алып келеді. Олимпиада ойындарының санатына қосылды. Биыл тұңғыш рет Риода гольфтен әлем чемпионы анықталды. Осымен он екінші рет халықаралық турнир өткізіп отырған елімізде гольф ойындарының дамуы жаңа кезеңге өткенін атап өтуге тұрады. Қазақстан Гольф федерациясының президенті Нұртай Әбіқаевтың тікелей тапсырмасы бойынша барлық аймақта бөлімшелер құрылып жатыр екен. Астана, Ақтау, Қарағанды, Шымкент, Қостанай және Талдықорғанда жұмыс басталыпты.
Ертеңгі турнирде еліміздің намысын Нұртай Салдаров пен Зият Сейілбековтер әуесқой гольфші ретінде қорғайтын болса, кәсіпқой шеберлердің қатарында Александр Вонгай жасыл қырат үстінде ойын бастайды.
Қалмаханбет Мұқаметқали, Алматы.