27 Маусым, 2015

Атаққұмарлық – адамгершіліктің құнсыздануы

683 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Без имени-1Академик Төрегелді Шарманов ағамыздың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Құндылықтар құлдырауы» (13.03.2015) деген мақаласында негізінен ғылым саласындағы әсіреатаққұмарлықты сын тезіне салған. Шынында, қоғамдық өмірімізде дендей бастаған мұндай көлеңкелі көріністер ғылымның беделін түсірумен шектелмейді. Оның зияны ұшан-теңіз. Сауатсыз оқымыстылардың көбеюі – адамгершіліктің азаюы. Ізгі қасиеттердің – ар, ұждан, намыс, ұят дегендердің – құнсыздануы. Жан сезім тазалығының тотыға бастауы. Мұндай күйге түссек дамыған жұрттың қатарына қалай қосыламыз? Ел алдында тұрған ұлы міндеттерді орындау үшін жалған ғалым керек пе? Осынау бәсеке заманында шалағай мамандармен биік деңгейден көріне аламыз ба? Бізге бақайын есептеп, жеңілдің үсті, ауырдың астымен жүргісі келетін жатыпішер жалқаулардың керегі жоқ. Бізге елін, жерін, халқын көркейтемін, сол үшін аянбай қажымас-қайрат көрсетіп, күні-түні жұмыс істеймін деген отаншылдар керек. Әркім өзінің қызмет саласында үздік болғанын қалаймыз. Данышпан Абай атам «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күніне бір мәртебе, болмаса жұмасына бір, ең болмаса, айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өміріңді қалай өткіздің екен, не білімге, не ахиретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің» деп еді. Ақын бабамыздың тағылымын есінде сақтап, қадір тұтып, бұған соншалықты ынта-ықылас көрсеткендер бар ма екен? Бар. Соның біреуі – кеше ғана өмірден өткен өзіміздің Бельгер. Оның еңбекке қаншалықты жауапкершілікпен қарап, не бітіргенін тізбей-ақ қояйын. Көзі қарақтылар онсыз да біледі. Неміс проблемасы туралы кітап жазу барысында екі-үш рет Гер-ағамен сөйлескенім бар. Әңгіме барысында «Абайдың 15-қарасөзін ұмытпайық» деп «Резюме» деген кітабын сыйлады. «Амантай Кәкен мырзаға. Менің шығармашылық есебім. Қабыл алыңыз. Г.Бельгер. 14.04.2011» деп жазды. Бұл не? Әңгіме, повесть, роман ба? Әлде аударма шығар. Ақтарып қарасам, тақырыптың астына «Биоби­блиогра­фический отчет» деп түсініктеме бері­ліпті. Он екі бөлімнен тұратын кітапта автордың өмірбаяны туралы қысқаша анықтамасынан басқасы оның ғұмыр бойы айналысқан жұмысы – жазған, құрастырған кітаптары, үш тілде – орыс­ша, қазақша, немісше шыққан ұжым­дық жинақтарда, газет-журналдарда жарияланған материалдары, аударған роман-повестері, пьесалары мен сценарий­лері, әңгімелері, очерктері, сыйлық алған еңбектері, т.б. библиография: қашан, қай баспадан шыққандығы бәрі рет-ретімен сұрыпталған. Неткен еңбекқорлық, ұқыптылық, тиянақтылық. Жазушы бауырымыздың тамаша ескерткіші. Тілге тиек болған Абай пікірі, ойлап қарасам, қазақ үшін ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығына арналған сөз сияқты көрінеді де тұрады. Ақын атамыздың ұлылығы да осында болса керек. Любищев деген ғалымның өмірі туралы жазылған хикая осыған куә. Орыстың көрнекті қаламгерлерінің бірі Даниил Граниннің «Оғаш өмір осындай» («Эта странная жизнь») деген повесі бар. Жазарман қиялынан туған аңыз-әңгіме емес, өмірде болған оқиға. Александр Александрович Любищев деген ғалымның өзгеден жеке-дара, басқаға мүлде ұқсамайтын оқшау өмірі туралы деректі туынды. Лекциясын тыңдап, ақыл-кеңесін есту үшін Ленинград пен Мәскеу зиялылары, әсіресе жастар жағы жиі шақыратын көрінеді. Қарсы алып, шығарып салған байсалды оқымыстылар, жас ғылым докторлары, жалпы интеллигенция өкілдері соңынан өріп жүреді екен. Сонша әлпештеп аялайтын ол кім? Сөйтсек, Ульянов сияқты шет аймақ­тағы институтында істейтін, ВАК-тің емес, ректордың бұйрығымен берілген қатардағы профессор. Лауреат та емес, ВАК-қа да қатысы жоқ. Ғылыми еңбектері ше? Онда мін жоқ. Жоғары бағаланады. Бірақ Любищевтен де ірі математиктер мен генетиктер бар ғой. Сөз болып отырған кейіпкеріміздің жер қыртысын жүйелеу, ғылым тарихы, ауыл шаруашылығы, генетика, өсімдікті қорғау, философия, этномология, зоология, эволюция теориясы, атеизм саласындағы ондаған монографиясы мен сан алуан зерттеу еңбектері жарық көрсе де ғылым докторы деген атағы жоқ. Бұған өзі «кінәлі». Себебін сұраса, «ресімдеуге уақыт жоқ» дейтін көрінеді. Сөйтсек, бар ғұмырын ғылымға арнаған ол ондаған жыл бойы өзінің осы мақсатқа қанша сағат, неше минут жұмсағанын күнде, апта, ай, тоқсан сайын есебін шығарып отырады екен. Негізгі көздеген нысанаға қатысы жоқ жұмыс қажетсіз деп, есепке кірмейді. Демек, атақ-даңқ, шен-шекпен алуға қатысты шаруаға уақыт бөлу керек емес. Ал академик Андрей Дмитриевич Сахаровтың мол дәулет, байлыққа деген көзқарасы ерекше екен, дүниеқоңыздықтан мүлде ада болыпты. Сутегі бомбасын жасаған соң Курчатов, Харитон, Келдыш, Королевтердің қатарына қосылды. Оларға ерекше жағдай жасалып, ұсыныс-пікірлерін жүзеге асыру үшін тұтас ғылыми-зерттеу институттары жұмыс істейтін, мемлекет қаржы мен ресурсты аямады. Мұны бәрі бағалады, дәл осындай мейірбандылықтан ешкімнің қол үзгісі келмеді – тек Сахаровтан басқасы. Андрей Дмитриевич материалдық құндылыққа ғажап немқұрайлылық көрсетті. Көптеген сыйлықтардан түскен сол кездегі түсінік бойынша қыруар қаржы болып есептелетін ақшаның жартысын Қызыл Креске, қалғанын онкология орталығының құрылысына берген. Ешкім «рахмет» те демепті. Керісінше, бастықтар түсініксіздік пен наразылық пиғылын қоздырады. Сахаров өз еркімен жоғары мәртебелі жағдайын тастады, қызметінен, өзіне бекітілген машинасынан, жүргізушісінен, өңкей басшылар тіркелген емханасынан бас тартты. Басқалар аса қажет деп есептейтін құрмет пен атақ-даңққа назар аудармады. Оны басқа шаруалар мазалады: өзі бірінші болып жасаған бомбаның адамзатқа қаншалықты қауіпті қару екендігін жария етті. Термоядролық қаруды сынаудың адамзатқа қаншама қасірет әкелетіндігіне жұрттың назарын аударды. Әлемдегі бейбітшілікті сақтау үшін күресті. Әрине, Бельгер, Любищев, Сахаров майдан даласындағы қырғын соғысқа қатысып, батырлық көрсете қойған жоқ дейік. Бірақ олардың іс-әрекеті ерлік жасағаннан да артық еді, өйткені, мағыналы өмір сүрді. Атқарған жұмыстарын өздері табиғи жағдай деп қабылдады, мұның жұмбағы мен құпиясы да осында еді. *        *        * Атақ-даңққа, шен-шекпенге, орден-медаль сияқты сый-сияпатқа әуестік, сыбайлас жемқорлыққа деген құштарлық сияқты көріністер қай халықта болса да бар. Ал қазақтар арасында ондай ұнамсыз жағдайлар неге орын алады? Бізді ойландыратын мәселе осы. Жағымпаздық, сүйкімсіздік, ұнамсыздық қазаққа қайдан келген? Бұл әр адамның өзіне байланысты десек те, жалпы, ел ішінде қалыптасқан қоғамдық-саяси хал-ахуалдың ықпалы аз болды деп айта алмаймыз. Тамыры тереңде жатқан дүние. Осыдан 550 жыл бұрын құрылған дербес мемлекеттігіміз кейін сыртқы күштердің араласуымен құлады, екі ғасырдай отаршылықты бастан кешірдік. Тәуелсіздік алғанымызға әлі ширек ғасыр да болған жоқ. Мемлекеттің өсіп-өркендеуі үшін бұл онша көп уақыт бола қоймаса да, едәуір шаруаның басы қайырылды. Әлем мойындап отыр. Әрине, шешілмеген мәселе шашетектен. Осыған байланыс­ты, бірнеше ғасыр бойы отаршылық тауқыметін бастан кешірген, рухани қыспаққа ұшыраған қазақ халқының жадын жаңғыртып, төл тарихымызды тани білудің маңызы ерекше болмақ. Ресей патшалығы отаршылдық сая­сатты жүзеге асыру үшін неше түрлі қитұрқы айла-амал қолданғаны белгілі. Осы мақсатпен Дала өлкесінде елде ықпалы бар, жұртқа сөзі өтетін кейбір ақсақалдар мен байлар, қожалар мен билер, сұлтандардың біразына жүйелі түрде әртүрлі марапат көрсетіліп жатты. Мәселен, қазақтар арасынан шыққан жүзбасы, хорунжий, есаулдар мен одан лауазымы биіктеу деген әскери қызметшілердің іс-әрекеті бодан халықты «ақ патшаның» айбыны мен құрметі алдында қалшылдап тұратындай жағдайға келтіруге жұмылдыруы тиіс еді. «Генерал-губернаторлардың қалауы бойынша өзіне бөлінген төтенше жағдайда жұмсалатын қаржы есебінен ыждағатты қызметі және орыс тілін меңгергені үшін қоғамдық басқарманың бұратана халықтан шыққан қызметшілері құрметті шапанмен немесе ақшалай сыйлықпен марапатталуы мүмкін», – делінген «Түркістан өлкесін басқару туралы Ереженің» 106-бабында. *        *        * Сатқындыққа апарар жолдың бірі – әсіреатаққұмарлық. Ұлы Маркс атап өткендей, мұның қоғам үшін аса қауіптілігі сол, сенімді сатқындыққа, сүйіс­пен­ші­лікті өшпенділікке, өшпенділікті сүйіспеншілікке, адамгершілікті көрген­сіздікке, көргенсіздікті адамгершілікке, құлды мырзаға, мырзаны құлға, нақұрысты ақылдыға, ақылдыны нақұрысқа... айналдыра алатын жойқын күш екендігінде. Бұл дегеніңіз, дүниені төңкеріп тастай алатын табиғи және адамгершілік қасиеттердің жаппай сапырылыстырылуы деген ұғым. Черняевтің оңтүстік өңірді жаулап, жеңіске жетуіне жергілікті адамдар көмектесті, отаршылардың сый-құрметін алды. 1837-1847 жылдардағы ұлт-азаттық қозғалысының жеңіліп, оның көсемі Кенесары хан мен серіктестерінің түгелдей қырылып-жойылуы, себеп-салдары туралы айтылып та, жазылып та жатыр. Бұл жеке әңгіме. Қазақ ханы қырғыздармен болған соғыста қолға түсіп, солардың қолынан қаза тапты. Осыдан кейін қырғыздардың Батыс-Сібір генерал-губернаторының белгілі құрылымдарымен астыртын байланысы құпия болудан қалды. Өйткені, хан қазасынан кейін Кеңесарыны жеңгендерге және оны қолдап, көп жағдай жасаған орыс отрядтарының бастықтарына үкімет марапатын беруге ынта көрсетіп, бастамашылдық жасаған Ресей жағы болатын. 1847 жылдың 19 мамырында П.Горчаков князь әскери министр А.Чернышовке «қырғыздарды мара­пат­тауға келсек, оларға тапсыру үшін жоғарғы басшылыққа өтініш жасап, маған 6 алтын және осыншама күміс медаль жіберсеңіз» деп жазады. Нәтижесінде, Қамбар Асыланов, Сары Алтаев деген сұлтандар «ыждағат көрсеткені үшін» («за усердие») наградталды. Қырғыз жасақтары жетекшілерінің бірі Жанқарша би (Жанқараш) Исходжин (Есқожин) алтын медальға ие болды. Қырғыздың бетке ұстар әскери элитасына алтын, күміс медальдар, қымбат шапандар, тіпті әскери шендердің берілуі оларды Ресейге іш тартып, тіл алғыш одақтасына айналдыруы тиіс деп есептелді. Шынында, бұл сый-сияпаттарды алып жатқандар Ресей азаматтары емес қой. Қырғыз манаптары, билері, батырлары – барлығы 12 адам – алтын медаль алды. Кенесары әскерін қырып-жойып, патша сарайы алдында ерекше сіңірген қызметі ескеріліп, Ормон хан орыс армиясының подполковнигі деген шенге ие болды. Өкініштісі сол, Кенесары бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қарсы шығып, сатқындық көрсеткен, сол үшін ақ патша үкіметінің «ыстық ықыласына» бөленген өз қандастырымыз да аз емес еді. *        *        * Совет заманының басшылары марапаттау, сый-сияпат көрсету, орден, медальдарды тарату мәселесіне әртүрлі көзқараста болды. Шет жағасын көрдік те. Дегенмен, кейбір деректерге тарихи таным тұрғысынан қарап, бірен-саран оқиғаларды еске түсіре кеткеніміз артық болмас деп ойлаймыз. «Кеңестер Одағының барлық қарулы күштерін іскерлікпен ұйымдастырып, Ұлы Отан соғысын гитлерлік Германияны толықтай жеңуімен аяқтағаны үшін И.Сталин 1945 жылдың 26 маусымында екінші рет «Жеңіс» орденімен марапатталады. Сонымен бірге, тағы да маршалдар бастамасымен «біздің Отанды және оның астанасы Москваны қорғаудың ауыр күндерінде Қызыл Армияны басқарып, гитлерлік Германиямен күресте ерекше ерлік пен табандылық көрсеткені үшін» Кеңес Одағының Батыры атағымен наградталады, бұған Ленин ордені мен «Алтын Жұлдыз» медалі қоса берілуі тиіс еді (О.С.Смыслов. Загадки советских наград. //М., 2005). Құрметті атақ беріліп, қолбасшы орденімен екінші рет қошеметке бөленгені туралы хабарды Сталин жаңа шыққан «Правда» газетінен оқып-біледі. Бұл туралы өзімен бұрын ешкім ақылдаспағандықтан көсемнің ашу-ызасы қайнайды. Кремльге келіп, маңайындағыларды жинайды, олар Сталиннің қаһарына ұшырайды. – Қалай құтылуды өздерің білесіңдер, бірақ мен орденді алмаймын, – дейді ол. Алайда, бес жылдай уақыт өткен соң бірде саяжайда, кешкі ас үстінде, бұрынғы сый-сияпаттар туралы әңгімені Иосиф Виссарионович өзі қозғайды. Сол кездері екі жұлдызды әрі екі «Жеңіс» орденді Батырдың бейнесі барлық жерде әлдеқашан жарқырап тұратын. Ақыры, Н.Шверник, Бірінші май мерекесі қарсаңында, 1950 жылдың 28 апрелінде, оның «70 жылдығына байланысты» үшінші Ленин орденімен қоса 1945 жылғы наградасын тапсырады. Мерейтой кең көлемде атап өтілді. Сарай адамдары күтпеген сыйлық жасайық деп Сталин орденін белгілеуді қолға алады. Шақа сарайының (Монетный двор) музейінде, көрме-заттың үлгісін көрсетуге арналған орында басқаларға ұқсамайтын, станокпен көбейтілмеген өзіне ғана тән, тек дайындама есебінде жасалған небәрі екі дана орден сақталған. Қалай десек те, Кеңестер Одағында тағы бір абыройы биік қошемет түрі дайын болған сияқты еді. Орден «өзіне» ұнаса да, соңғы шешуші кезеңде қасарыса қалғаны (алдын ала келісімін берген болатын). Оның қарауына орденнің он үш үлгісі, «И.В. Сталиннің 70 жыл толуы құрметіне мерекелік медаль белгілеу», «Халықтар арасындағы бейбітшілікті нығайту туралы халықаралық сталиндік сыйлықты белгілеу» туралы жарлықтардың жобалары тапсырылады. Міне, осылардың ішінен ол соңғысын ғана таңдайды, ал мұндай орден тек өлгеннен кейін белгіленуі керек деген ойын білдіреді. – Әр нәрсенің өзінің уақыты болады, – дейді партия көсемі. – Орден онсыз да белгілі адамдарға емес, елеусіз қалған ерлерді көпке таныстыру үшін беріледі. Иә, Сталин жолдас не айтарын білетін. Партия көсемінің қызметі аздай, Министрлер Кеңесін қоса басқарған (1958 жылдың наурызынан бастап) Н.С.Хрущев жалған мадақ пен арзан атаққа, мансап пен шенге үйір болды, боссөзділікке салынды, он жылда үш мәртебе Социалистік Еңбек Ері, Кеңес Одағының Батыры атанып, көптеген сыйлықтарды еншілеп, мемлекеттік марапаттарды құнсыздандыра түсті. Оның темір-терсекке құмарлығы ерекше болды. Д.Қонаев «Өтті дәурен осылай» деген естелік кітабында былай деп жазады. Хрущевке «Тың және тыңайған жерді игергені үшін» медалін тапсырдым. Хрущев балаша қуанды. Тебіренгені сонша, мені қапсыра құшақтап, өмірі істемеген тірлігін көрсетті. Ел алақандары қызғанша дуылдата қол соқты». Л.И.Брежневтің тұсында орынды-орынсыз орден-медаль үлестіру, құрметті атақтарды тарату одан әрі жалғасты, бірақ бұл қоғамдағы моральдық-психологиялық хал-ахуалды жақсарта қойған жоқ. Керісінше, мұндай жағдайдың қалыптасуы тіпті, сол сый-сияпаттарды таратуға тікелей қатысы бар деген шенеуніктердің өзіне ерсі көрінді. Белгілі жазушы, публицист Л.Млечин Брежнев туралы жазған кітабында бір назар аударарлық деректі келтіреді. КОКП Орталық Комитеті әкімшілік органдарының бөлім жетекшісі Н.Савинкин партия көсеміне шағым жасайды: – Біз атақ үлестіру мен орден таратуды тоқтата тұруымыз керек. Мүлдем құнсызданып кетті. Брежнев таң қалады: – Коля, сен, немене, темірді аяйсың ба? Ала берсін. Алады, сосын жуады, көңіл-күйі көтеріледі, жұмысқа ынтасы артады. Оларды мұндай мүмкіншіліктен неге айырасың? Өткеннен сабақ алайық. Әсіреатақ­құмар­лықтың адамгершілікті құнсыз­дануына ұшыра­татындығын әр­дайым есте сақтайық. Амантай КӘКЕН, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құрметті ардагері, отставкадағы полковник. АСТАНА.