Сонау 1941-45 жылдардағы ауыртпалық пен қайғы-қасіреттің уытын басып, бізді бүгінгі бейбіт күнге жеткізген еңбегі ерен ардагерлерімізді қаншалықты ұлықтасақ та жарасады. Бұл тұста оларды жадымыздан өшірмей, санамызға сіңіре отырып, ұрпаққа үлгі ету – парыз. Сондықтан да, осы орайда жыл сайын жоғары деңгейде тойланып, ерекше ескеріліп, айрықша аталып өтетін мерекеде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ ұжымы да белсенділік танытып келеді.
Аталған компания еліміздің бас қаласы Астанада үлкен мерекелік шара өткізіп, онда бірқатар ардагерлерімізді шақыртып, арнайы сый-сияпат жасап, оларға шынайы ризашылығын білдірді. Жиынға 50-ден астам Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысып, сонымен қатар, Атырау облысынан мұнай-газ саласында еңбек еткен соғыс ардагерлері де келді. Оларды «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасының тасымалдау жөніндегі орынбасары Қайыргелді Қабылдин, басқарма төрағасының сервистік жобалар жөніндегі орынбасары Нұртас Шманов, басқарма төрағасының теңіз және жекелеген мұнай-сервис жобалары жөніндегі орынбасары Тимур Бимағамбетов, адами ресурстарды басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі басқарушы директор Серік Әбденов құттықтады.
Жиында Магнитогорск әскери училищесінің түлегі, Чехословакия мен Венгрия қалаларын азат етуге қатысушы, 120-жеке гвардиялық полкінің ұшқышы болған ардагер Өтәлі Балғымбаев, 98-гвардиялық әуе-десант дивизиясының жауынгері, Будапешт, Вена, Прага үшін ұрыстарға қатысушы Бағит Қуанышев сөз сөйледі.
Мерекелік басқосуда ардагерлер сөз сөйлеп, өздеріне көрсетілген қошеметке алғыстарын жеткізіп жатты. Бүгінгі Жеңістің жетпіс жылдық мейрамына жеткеніне, қазіргі ұрпақтың білімді де патриот болып өсіп жатқандығына куә екендігін айтқан Москва түбіндегі және Ленинград қорғанысы ұрыстарына қатысқан Орынғали Қарасаев осы күнге шүкіршілік білдірді.
Сұрапыл да жойқын соғыста қыршынынан қиылған жауынгерлер есімі ел есінде мәңгі сақталады. Осы тұрғыда ұлттық компания биыл да игі шараның іске асуына үлес қосты. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Мұнайшы» қорымен бірлесе отырып «Жетпіс жыл желбірейді Жеңіс туы» атты жинақ шығарды. Бүгінгі жиында тұсаукесері өткізілген аталмыш кітап мұнайшылардың ауыр жылдардағы майдан мен еңбек даласындағы ерен ерлігін паш етеді.
Кітаптың тұсаукесерінде бірінші болып сөз алған Серік Әбденов 1941-1945 жылдар арасындағы уақыттың оңай айтылғанымен, осынау төрт жыл ішінде қаншама қасірет пен қиыншылықтың болып өткендігін атай келе, осы уақытта адамзат тарихына тән жағдайдың болғандығын жеткізді. Болашақ ұрпаққа мәңгілік үлгі болар, өзіндік өнегесімен құнды, батырлығымен есте қалар ардагерлеріміздің көзі тірісінде ерекше бағалануы қажет екендігін атап өтті. Осының бір көрінісі ретінде, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы «Мұнайшы» қоғамдық қорымен бірлесіп «Жетпіс жыл желбірейді Жеңіс туы» атты жинақ шығарғандығын көлденең тартты. Осынау мерекелік шараның бірден-бір мақсаты да батырларымызды ұлықтап қана қоймай, оларға арналған кітаптың тұсаукесерін өткізу болғандығын атап көрсетті.
Келесі кезекте жаңа кітаптың мән-мазмұнын ашып, ондағы ерекшеліктермен таныстырған Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры атқарушы директоры Сайлау Жылқайдаров аталған кітапты жазу барысында «Соғыс – барды жоқ ететін, тауды жер ететін, жер бетіндегі тіршілік атаулыны күйрететін жойқын күш!» деп айтты.
Салтанатты шарада майдан шебінде жанын пида еткен жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, Отан үшін отқа түсіп, Жеңіс сыйлаған ардагерлерге тағзым етілді. Сұрапыл да жойқын соғыста қыршынынан қиылған жауынгерлер есімі ел есінде мәңгі сақталатындығын компаниядағы жиын тағы да дәлелдеді. Оларды әркез еске алып, рухына тағзым ету – кейінгі ұрпақтың ең басты парызы екенінің айқын мысалы болған осы кездесуде әскери әндер шырқалып, мерекелік концерт өтті.
Эльмира МӘТІБАЕВА, «Егемен Қазақстан».