08 Мамыр, 2015

«Түбінде Днепрдің жараландым...»

504 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

«Түбінде Днепрдің жараландым...»

– деп толғанған майдангер хаты сұрапыл жылдардан сыр шертеді

007

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген қанатты сөз бар халқымызда. Майданнан жеңіспен оралып, соғыстан кейінгі жылдары елдегі тұрмыстың түзелуіне елеулі үлесін қосқан Ұлы Отан соғысының ардагері Қадыр Байболаұлы туралы ойлағанымда есіме осы сөз оралды.

Біз әңгіме еткелі отырған Қадыр Байболаұлы сүйген жары Көкен апа екеуі бес қызды өмірге әкеліп, мәпелеп өсіріп, оларды құтты орнына қондырды. Ата-анасының өнегелі өмір жолын абыроймен жалғастыра білген ұрпақтары қазіргі кезде еліміздің түкпір-түкпірінде ел қатарлы тіршілік жасауда. Үйдің үлкені Меделхан апамыз бүгінде 86 жаста, одан кейін менің анам – Әлімхан 78-ден асса, Сұлтай апамыз 76-да, отбасының кенжелері – Зәуре мен Батай апаларымыз 73 жаста, бәрі балалы-шағалы, өсіп-өнген әулет.

Меделхан апамыз әке­сінің қан майданда аяқ-қолынан жараланып, елін-жерін, отбасын сағынып, бауырларына балаларын аманаттап жазған жыр шумақтарын есінде сақтапты. Апамыздан өлең жолдарын жазып алған Зәуре апамыздың сүт кенжесі – Айгүл Нариманқызы.

Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы, Науалы ауылының тұрғыны, бөлем Айгүл Әлиасқарованың жақында хабарласып, «Екінші дүниежүзілік соғыстағы Ұлы Жеңіске 70 жыл толу қарса­ңында «Нағашы ата­мыздың өлеңмен жазған хатын баспа­сөзде жарияласаң қайтеді. Атамыздан қалған мұра ғой», – деген бір ауыз сөзі көңіліме қона кетті.

Осы мақаланы әзірлеу үстінде Ұзынбұлаққа телефон шалып, анамнан нағашы атам жөнінде тың деректер сұрағанымда:

– Иә, тәтем соғысқа қа­тыс­қан. Біз әкемізді «тәте» деуші едік. Мінезі ауыр, біртоға кісі еді. Көп әңгіме айтпайтын. «Соғысқа бардым. Аман-есен келдім. Шешемді, балаларымды көрдім», деп отыратын. Ал анам ауырып қайтыс болды. Біз жас болдық. Қайсы сөзі ойда қалды дейсің, балам. Тіршіліктің күйбеңімен жүріп көбін ұмытып қалдық қой, – деп жауап берді.

Анамның айтуынша, на­ғашы атам қолы ашық, ақ­кө­ңіл, көпшіл, қонақжай, адамгершілігі мол адам бол­ған. Қыздарын еркелетіп өсі­ріпті. Алматы облысы, Шелек ауданы, Масақ ауылына қарасты Сарбұлақ деген ауылда тату-тәтті өмір сүрген.

Ұлы Отан соғысының ар­да­­гері Қадыр Байболаевтың төменде мысалға келтіріп отыр­ған өлең-хатында баян­­- далғанындай, Днепр үшін­­ болған ұрыста ауыр жара­ланған. Майдангер арнайы комиссияның шешімімен жарақаты ауыр болуына бай­ланысты туған жеріне қайтады. Бір өкініштісі, со­ғыс ардагері жөнінде мағлұ­маттар мүлде аз. Өлеңмен жазылған хаты енді ғана қолымызға тиген жайы бар.

Әкем Нұрахмет Қалқа­ев­тың айтуынша, нағашы атамның отбасы кейіннен Шелек ауданына қарасты Ащысай ауылына көшіп барған. Қадыр атамыздың өмірлік серігі Көкен апам ауырып, 1958 жылдың 9 мамырында, 49 жасында қайтқан екен. Бұл қаза Қадыр атамызға да, балаларына да ауыр тиеді. Амал қанша, «Тірі адам тіршілігін жасайды». Нағашы атам араға уақыт салып екінші рет үйленгенімен, қосағымен ұзақ өмір сүруді тағдыр жазбапты. Қадыр Байболаұлы 1965 жылдың 3 маусымында, 63 жасында дүниеден өткен. Ащысай ауылына жерленген.

Алдағы уақытта майдангер Қадыр Байболаев туралы деректер жинақтап, қаруластарын іздестіріп, өмір­баянын зерттеп, жаңа мәлі­меттер жинақтау – бүгін­гі ұрпақ үшін парыз. Бұл іске майдангер жөнінде мағлұмат білетін ардагерлер, ауылдастары, тарихшылар, екінші дүниежүзілік соғыстың қаһармандарын зерттеушілер белсене атсалысса екен деген өтінішіміз бар.

Анамнан естіген мына бір дерекке тоқталайын. Отба­сындағы екінші бауырым Нұрболат 1964 жылдың сәуір айында өмірге келеді. Ата-анам бір қуанса, нағашы атамыз да қатты қуаныпты. Әкеме «осы ұлыңды маған бер, қара шаңырағыма ие болсын» деп өтініш жасапты. Әкем ардагер атаның сөзін жерге тастамай, келі­сімін берген. Нағашы атамыз кіш­кентай сәбиді бастан-аяқ киін­діріп, ұлды болғанына бала­ша қуанады. Сәби жасқа толғанда өз үйіне алып кетпек ойын білдіреді. Алайда, Қадыр атамыз бұл мақсатына жете алмай, аяқ астынан бір күн ғана ауырып қайтыс болады. Ол кезде Нұрболат бар болғаны тоғыз айға толған екен.

Біз төменде Ұлы Отан соғысының ардагері Қадыр Байболаұлының туған елін сағынып, сүйген жары мен бауырларына өлеңмен жазған хатын сол қалпында оқырман назарына ұсынып отырмыз. Майдангердің бұл хаты артта қалған сол сұрапыл жылдардың тағы бір тың шежіресі іспеттес екені шүбәсіз.

Қағаз-қалам қолға алып,

Біразырақ толғанып,

Бір туысқан ағайын,

Қарындас, әйел, бала деп,

Тоқтау жоқ, сөйлем тасыған.

Дәм айдап жүріп кез келді,

Ноябрь айының уағында,

Қолыма оқтың тигені.

Сүйек сынып, сырқырап,

Көңілге қайғыны үйгені.

Сол уақытта сіздерді,

Көрем деген ойда жоқ.

Қолды асып мойынға,

Елге қайту ойымда.

Бұл Алланың бергені,

Екі рет сойып жараны,

Ішін ашып қарады.

Тілім келмей иманға,

Жаным шығып барады.

Сағынышты қайғы-дерт,

Денеге түгел тарады.

Айтпай білер бір Алла,

Ісі ақ пен қараны.

Тірі болып өмір сүрсін деп,

Бұл дүниеге қалдырды,

Мендей шерлі шалыңды.

Мекен еткен елдерім,

Алматы атты қаламды.

Кемтігі елдің толады.

Хат жазған кім десең,

Байбола деген әкеміз,

Аты – Қадыр болады.

Сағынышты сәлемін,

Хат арқылы жазады.

 Нұрлан ҚАЛҚА.  Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы.

Суретте: Ұлы Отан соғысының ардагері Қадыр БАЙБОЛАҰЛЫ.