Қаршадайынан қазақы тәлім-тәрбиенің тал бесігінде құндақталған қағылез баланың армандары асқақ еді. Бірақ, бозбала шағы қасіретті жылдарға тап келді. Енді ержетіп, ата-ана аманатын арқалар тұста Ұлы Отан соғысы басталды. Ол кезде Қоңыр Сармашев 20 жаста-тын. Ес біліп есейген шағында жалындаған жас жігіттің ата-анасы Арқа өңірінен қазіргі Жамбыл облысының Сарысу ауданындағы Байқадам ауылына қоныс аударды. Сөйтіп, ол сол жердегі әскери комиссариаттан шақырту алып, Ұлы Отан соғысына аттанып кете барды.
Ел басына күн туған ауыр шақ оны бейжай қалдырған жоқ. Отан қорғауға өзі де ынталы болып, алдыңғы шептегі жауынгерлер қатарына ілікті. Алдымен жас сарбаз фин соғысына қатысты. Бұл өрімдей жігіттің шайқас алаңына алғашқы болып кіруі еді. Бойында қайсарлық пен намысты бала жасынан қатар ұстап өскен Қоңыр Сармашев үшін бұл соғыс алдағы ірі шайқастарға өзін шыңдау мектебі болды.
Қоңыр Сармашевтің Сталинградты қорғау шайқасына қатысқанына ерекше тоқталуға болады. Бұл 1942 жылдың қоңыр күзі болатын. Жаудың басты мақсаты Еділ бойындағы үлкен шаһарды қысқа мерзімде басып алып, кеңес әскерлерінің негізгі күшін әлсірету еді. Шайқасқа неміс басқыншылары жоғары дайындықпен келді. 9 ай бойы жау құрсауында болған қаланы азат етуде қаншама ерліктер жасалды десеңізші. Солардың бел ортасында ерлігімен көзге түскен жас жауынгер Қоңыр Сармашев те бар болатын. Гвардия аға сержанты ол жауға қарсы жеңіл артиллериядан оқ жаудырып, қарсыластардың 20-дан астам солдатын жер жастандырады. Осы ерлігі үшін 1942 жылдың 22 желтоқсанында Қоңыр Сармашевқа «Сталинградты қорғағаны үшін» медалі берілді.
Көп кешікпей ол осы арадан І Украин майданына аттанды. Бұл Отан соғысының ең бір жауапты кезеңдері болатын. Сөйтіп, ол Польшадағы Хмельник, Краков, Чельядзд қалаларын неміс басқыншыларынан азат етуге қатысты.
1945 жылдың ақпанында Германияның Бобер өзені бойындағы кескілескен шайқаста да аға сержант ерлігімен көзге түсті. Ол жаудың үш пулемет нысанының көзін жойып, бірнеше фашисті жер жастандырды. Осы батыл қимылы үшін Қоңыр Сармашевқа «Қызыл Жұлдыз» ордені тапсырылды. Осыдан кейін Германияның Мускал елді мекені маңында болған шайқаста жаудың жүк тиелген бес көлігін талқандап, істен шығарғаны үшін екінші рет «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
1945 жылдың жазында Қоңыр аға жеңіспен елге оралды. Саналы ғұмырын бухгалтерия саласына арнаған майдангер соғыстан кейінгі өмірін елдің одан әрі дамуына үлес қосуға арнады.
Сөйтіп, еңбек жолын 1946 жылы Сарысу аудандық ақша бөлімінің есепшілігінен бастаған кейіпкеріміз ұзақ жылдар осы өңірдегі Калинин, Түркістан совхоздарының, аудандық басқарманың бас есепшісі қызметтерін атқарды. 1971 жылы жаңа құрылған Жаңатас совхозының қалыптасуы бағытында аянбай еңбек етіп, ауыл тұрмысының жақсаруына атсалысты. Жан жары Уәжан Көшенқызы екеуі өмірге он бала әкеліп, ұлағатты шаңырақтың темірқазығына айналды. «Орнында бар оңалар» дейді дана халық. Қазір ортамызда ардагер ағаның өзі болмағанмен, әулеттің отын өшірмейтін ұрпақтары өсіп, Қазақстанның әр қиырында еңбек етіп жүр.
Ардагердің балалары жыл сайын Саудакент ауылындағы спорт мектебінде өткізілетін спорттық ойындар турниріне қолдау көрсетіп, жеңімпаздарға Қоңыр Сармашев атындағы марапаттар тағайындап келеді.
Дінмұхамед Қоңыров.
Астана.