08 Мамыр, 2015

Қырым партизаны

505 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

egemen (70)

1969 жылдың сәуір айының ортасында «Ақкөл» совхозының директоры Хамит Мусиннің қолына хат тасушы қыз ортасында қызыл жолағы бар үлкендеу келген конвертті ұстатты. Хамит конвертті олай-бұлай ұстап отырды да: «Қалқам, мына хат үкімет тарапынан келген сияқты. Беліндегі белбеуі қызыл екен», – дегенше, хат тасушы қыз шығып та кеткен еді. Конвертті еппен ашып, ішінен бір парақ қағазды алып, оқи бастады: «Украина Компартиясы Қырым облыстық комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің атқару комитеті, Қырым партизандары қоғамы сізге мынаны хабарлауды өзіне абырой санайды. Алдағы 7-10 мамырда Қырым партизандарының дәстүрлі конференциясы өтеді. Сіздің сов­хозда қызмет ететін Қиса Құсайыновты осы конференцияға қатысуға жіберуіңізді сұраймыз», – делініпті хатта. Мұнан әрі онда Қиса Құсайыновтың 1941-1944 жылдары Қырымда партизан отрядында болғанын, партизандардың арнаулы тобында әуелі барлаушы, одан кейін взвод басқарғанын баяндапты. Конференция облыс орталығы – Симферополь қаласында өтетінін жазыпты.

egemen (67)

Іле осындай хат Қисаның өз атына жолданыпты. «Қымбатты Қиса Құсайынов жолдас! Украина Компартиясы Қырым облыстық комитеті мен еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің атқару комитеті сізді, партизан қозғалысының ардагерін біздің күн сәулелі Қырым түбегінің неміс-фашист басқыншыларынан толық азат етілгенінің 25 жылдығымен шын жүректен қызу құттықтайды. Қырым халқының есінде халық кекшілдерінің теңдесі жоқ ерлігі мәңгі қалады», – делінген хатта.

Сонау алыстағы Қырымнан келген екі хаттың сыры осындай. Соғыстан кейін еңбек жолын туған ауылында есепшілікпен жалғастырған майдангердің Қырымда партизандық еткенін жұрт біле бермеген-ді. Ертеңінде Қ.Құсайынов жолға жиналды. 1941-1944 жылдары партизандық еткен өңірді көруге, қандыкөйлек достарымен кездесуге асықты.

...Соғыс алдында қазіргі Бөгенбай ауылындағы облыстағы байырғы совхоздардың бірінен саналған «Новотроицк» шаруа­шылығында бас бухгалтер болып жүрген Қиса Құсайынов майданға шақырылды. Орта­лықтың ұйғарымымен жаудың алыс тылына – Қырымға десант ретінде түсірілді. Партизан отряды үкіметтің ерекше тапсырмасымен әскери қимылдар жүргізіп, дұшпанның тылында оның бейберекетін шығаруға, Қырымдағы жерасты үңгірлерін пайдаланып, шабуылдар ұйым­дастыруға тиіс болды. Сол жерде соғыстың басында-ақ жеті партизан отряды жасақталған-ды. Ал құрамына Құсайыновтар енген партизандардың арнаулы тобы таулы өңірде ерекше жаттығу-даярлықтан өтіп барып, жау тылына парашютпен түсірілді. Бұлар Солтүстік Қырым партизан құрамасына қосылды.

Партизандар немістің алдыңғы армиялары ұзап, шығысқа қарай ентелеп бара жатқанында, тылында соққыны бір сәт тоқтатпады. Күнде рейд. Күнде тұтқиылдан шабуыл. Жаумен шайқасудың әртүрлі тәсілдерін қолданып, не керек, дұшпанға маза бермеді. Немістер басып алған жерлерге олардың әскери формасын киіп, қаруын асынып терең еніп, талай ойран салып та жүрді. Әуелде барлаушы болған Қиса Құсайынов жергілікті полицайлар мен немістер арасында алауыздық, іріткі салу амалдарын да игерді.

Бірде, Қиса бастаған барлаушылар қала маңындағы шаруашылықтардың бірінде дұшпанның ірі қару-жарақ қоймасын жасағанын анықтайды. Отряд басшылығы сол қойманы тартып алып, қарулану керектігін айтып бұйрық береді. Тапсырманы орындаудың қолайлы кезі – түн. Көзге түртсе де түк көрінбейтін қараңғы түнде барлаушылар жергілікті полицайлар формасын киіп, шаруашылық аймағына үш қатар созылған кедергі сымдарды үзе отырып еніп, қойманың күзетін жойып, қару-жарақты мүмкіндігінше тиеп алып, лагерьге бет алады. Кетерде қоймаға баяу әрекет ететін мина төсеп кетеді. Бәрі ойдағыдай болды. Қару-жарақ партизандар лагеріне жеткізілді. Бір кезде төңіректі дүр сілкіндірген жарылыс тауды жаңғыртты. Тіпті, Симферополь қаласындағы неміс гарнизоны түн ұйқысынан шошып оянып, не істерін білмей қалды...

Жау жағы Қырым тауларында, оның жерасты үңгірлерінде партизандар әрекет жасап жүргенін біледі. Жоғары жақтан партизандарды түбектен қуып шығып, талқандау жөнінде талай бұйрық түссе де, немістер бұл міндетті орындай алатын емес. Күтпеген жерден рейд-шабуыл. Әбден зығырданы қайнаса да, дәрмені жоқтай. Партизан құрамасының басшылығы әр отрядтан сақтықты талап етті. Бұйрық – заң! Адам шығынына мүмкіндігінше жол бермеу – бұл да бұйрық.

Партизан құрамасының командирі П.Ямпольский бір күні партизан взвод командирі Қ.Құсайыновты шақырып алып, жаңа тапсырма жүктейді: ұрыс сала отырып, барлау жасау, құнды деректер бере алатын «тіл» әкелу керек. Әрине, тапсырма ауыр. Қарсы алдындағы Симферополь қаласындағы жау гарнизонының күші, сөз жоқ, басым. Ұрыс салуға партизандардан взвод қана қатысады. Симферопольдағы жау күші қанша? Әзірше оны білу мүмкін емес, сондықтан, ұрыс сала отырып, дұшпан күшін анықтау. Қиса взводына тапсырманы пысықтап алған соң құнды деректер бере алатын «тіл» ұстауды кімге жүктесем екен деп ойланып қалды. Взводтағы белгілі болған барлаушы Темір Ғайнов есіне оралды. «Темір, бері кел. Бізге үлкен офицердің біреуін қайтсек те қолға түсіріп, жеткізуіміз керек. Қазір шабуылға шығамыз. Қасымнан бір-екі елі қалма!» деп Қырым татарынан шыққан Темірге ойын жеткізді...

Қараңғы түнде жорыққа шыққан партизандар әуелі жаудың коммуникацияларын бұзды, қару-жарақ қоймасына, байланыс жүйелеріне шабуыл жасады. Осылай дұшпанның үрейін алып, Симферопольдің батыс жағынан орын тепті. Ғайновты қасына екі партизанды қосып алуға жіберді. Темір де ер екен. Немістің бір полковнигін қолға түсіріп, сүйрелеп жеткізді. Командир Қисаның қуанғаны соншалық, айқайлап жіберді. «Жарайсың, бауырым! Тез кері шегініңдер, штабқа!» – деп бұйырды. Өзі партизандармен барлай отырып, шабуыл жасау үшін қалып қойды.

Теміржолдарды талқандау – немістің батыстан тың күш әкелуін кешеуілдетті. Партизандар Симферопольді бақылауда ұстап тұрды. Мұның соңы 1943 жылы қыркүйекте «рельс соғысына» ұласты. Партизан отрядтарынан бұзғыштар, бүлдіргіштер іріктеліп алынды. Мұның ішінде Қисаның взводы да болды. Қырым таулары мен үңгірлерінде партизандар көзді жұмып қойып табатын жолдар да, жан баспаған ауыр соқпақтар да болды. Сапер-мина төсеушілердің жолын жау отрядтары, полицайлар бөгеді. Ауыл жолдардан оралмағандар да аз болмады. Соғыс шығынсыз, құрбандықсыз болмайды деген осы шығар. Бірақ «рельс соғысы» қаншама ауыр, қиын болғанымен, Қырым арқылы дұшпанның Кубань және Дондағы әскерлер тобын жалғастырып тұрған жалғыз теміржол магистралі ұзақ уақыт бойы істен шықты. Көпірлер, жау эшелондары келе жатқан теміржолдар қиратылды. Симферопольға дұшпан сырттан күш жеткізе алмады. Немістер ормандарды мүлдем өртеп жіберуге тырысты, бірақ мұнысынан да ештеңе шықпады.

Партизандар Зуя орманының ішіндегі Қалам Байре жазығында басқыншылармен бетпе-бет кездесті. Бұл шайқаста партизандар жеңіп шықты. 1944 жылы 14 сәуірде олар Симферопольға енді. Теңізшілермен, жаяу әскерлермен тізе қоса отырып, Қырымның орталығы жаудан толық азат етілді. Қырым азат етілген соң, партизан-барлаушы Қиса Құсайынов кеңес әскерлерінің құрамында Батыс Украинаны, Польшаны азат етуге қатысты. 1945 жылы қыркүйекте елге оралып, бұрынғы қызметін жалғастырды. Ұзақ уақыт «Ақкөлде» бас бухгалтер болып, дүние салды. Қырым партизанымен осыдан 40 жыл бұрын Ақкөлде кездесіп, жоғарыда баяндалған жорықтар туралы әңгімелерін жазып алған едім.

Төлеубек ҚОҢЫР.

ПАВЛОДАР.