08 Мамыр, 2015

«Бәрібір біз жеңеміз!..»

459 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Бәрібір біз жеңеміз!..» Офицер күнделігінде осындай сөздер жазылыпты

egemen (54) Қазақтан шыққан офицер­лердің қатарында Жамбыл облысы Сарысу ауданының тумасы Заманбек Батырбеков ағамыз да бар. Батальон командирі болған Зәкең соғыстан аман келіп, бейбіт заманда ұзақ өмір сүріп, түрлі қызметтер атқарып, ұрпақ өсірген жан. 1922 жылы туған Заманбек бес жасында ата-анасынан жетім қалып, жанашыр ағайындары болмағандықтан Ташкенттегі балалар үйіне беріледі. Балалар үйінің басты мақсаты – кеңестік жас патриоттарды тәрбиелеу болғаны мәлім. Түлектердің бойына отансүйгіштік дәстүрмен бірге, Кеңес Одағының жауларына деген өшпенділік сезім де қатар құйылады. Соның әсерімен олардың Отан қорғауға деген жалындары шалқып тұратын. Сондай тәрбие алған жас Заманбек те 9-шы сыныптан кейін өзі сұранып, әскер­ге алынады. Әскерде бол­ғанда алымды жас өзін әскери қызметкерлерге лайық жинақылық, үздік дайындық көрсете алады. Сондықтан бір жылдық әскери борышы аяқталған соң оны әскери комиссариат Ташкенттегі жоғары білімді офицерлер дайындайтын училищеге жібереді. Ташкент қаласында әуелде кіші әскери қызметкерлер даяр­лау үшін құрылған бұл училище патша заманынан болған. Кеңес Одағы жылдарында ол жаяу және атты әскердің, артиллерияның жоғары білімді офицерлерін дайындайтын оқу орнына айналдырылған. Осы училищені бітірген бірсыпыра офицер 1941 жылы Алматыда құрылған атақты 316-шы, кейін генерал Панфилов атындағы 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы құрамаларының командирлері болып келген. Ташкент училищесін 1942 жылы­ бітірген Заманбек Батырбеков Саратов облысы­ның Баланда қаласында құ­рыл­ған 342-ші атқыштар диви­зиясының 1116-шы полкіне әскери міндетін атқару үшін келеді. Полк басшылары жас лейтенантты алдымен взвод командирі етіп тағайындайды. Алайда, жігіттің пысық екендігі, басқаруға икемінің барлығы және әскердің тәртібін жақсы білетіндігі ескеріліп, ұзамай ол рота командирі болып тағайындалады. 342-ші атқыштар дивизиясы әуелі Оңтүстік-Батыс майдандағы 61-ші армияның сапына енген. Осы құраманың сапында ол Мәскеу түбіндегі соғысқа қатынасып, жауды алғаш рет тоқтатып, қарсы шабуылға көтерілген әскердің қатарында болған. Немістердің басып алушылық арыны басылып, кейін шегіне бастауының басынан аяғына дейін болған бұл дивизия барлығы 120 елді мекенді жаудан босатқан екен. Соның қатарында Белев, Вязьма, Мценск, Орел, Курск, Одесса және т.б. белгілі қалалар бар. Заманбек Батырбековтің ротасы да осынау кескілескен шайқастардың қақ ортасында жүрген. Бір қызығы, жаңбырша жауып тұрған оқтың астында жүрсе де тыныс алған бір сәттерінде ол окопта отырып, күнделік жазыпты. Соның ішінде 1942 жылдың 10 наурызында былай деп жазған екен: «Менің ротамдағы 120 жауынгер Вязьма түбінде күндіз-түні бірдей жаумен жағаласып, жан алысып, жан берісіп жатты. Бүгін күні бойы 4 рет неміс «Тигрлерінің» шабуылы тойтарылды. ...Мен «Ерлігі үшін» медаліне ұсынылдым. Қасық қаным қалғанша Отан үшін күресемін!». Ал 1943 жылдың 7 мамырында: «Екінші рет жарақаттандым. Қоршауды бұзып шығарда немістердің 2 танкісін, 300-ге жуық солдатының көзін жойдық. Өз жауынгерлерімді қоршаудан шығынсыз алып шыққаным үшін «Қызыл Жұлдыз» орденімен наградталдым», – деп жазыпты. Ұзамай Заманбек Батыр­бековке аға лейтенант атағы беріледі. Енді ол рота емес, батальон командирлігіне жоғарылатылады. Бұл кезде Заманбектердің дивизиясы Брянск майданының 3-ші армиясының құрамына берілген еді. Осы армияның құрамында олар атақты «Курск доғасындағы» қанды қырғынға қатысады. Ұлы Отан соғысының тарихында «бетбұрыстың аяқталуы» деген атақ алған бұл жердегі шайқас ІІ дүниежүзілік соғыстағы ең үлкен қақтығыстардың бірі болған еді. Осы қырғыннан аман шыққан Заманбек Батыр­бековке капитан әскери атағы беріледі. Енді оның батальоны алды-артына қарамай артқа шегінген жауды өкшелеп қууға кіріседі. 1943 жылдың 23 тамызында ол өзінің күнделігіне: «Курск доғасынан Украина майданына бет алдық. Кеңес Одағын жаулап алуды көздеген Гитлердің «Барборосса» жоспарының күл-талқаны шықты. Кеңес әскерлері қорғаныстан жаппай шабуылға көшті. Бәрібір біз жеңеміз!» деп жазған екен. Капитан Заманбек Батыр­­­беков соғысты Чехо­словакияның Карлсбад (Кар­ловы Вары) қаласында аяқ­таған. Төсінде «Қызыл Жұл­дыз», «Александр Невский», «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордендерімен қатар, бірнеше медалі жарқыраған ол әскерден келген соң көп жыл бойы Алматы қалалық әскери комиссариатында лауазымды қызметтер атқарған. Зайыбы Күләйша екеуі бір ұл, үш қыз өсіріп, олардан бірнеше немере-жиен көрген. Міне, қанды қырғынды белшеден кешкен бір қазақ офицерінің тағдыры осындай. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».