20 Наурыз, 2015

Комиссияның кеңейтілген отырысы

256 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қуаныш Сұлтановтың төрағалығымен Қазақстан Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның Қазақстанда балалардың құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелеріне арналған кеңейтілген отырысы болып өтті. Берілген тақырыпта Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов баяндама жасады. Комиссия отырысының жұ­мысына Қазақстан Респуб­ликасының биліктің заң шы­ғарушы, атқарушы және сот тармақтары органдарының, бі­лім беру, ғылым және мәдени ұйымдардың, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адвокатураның, жұртшылықтың және БАҚ өкілдері қатысты. Комиссия отырысында Қазақстан Конституциясында, «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексте, «Бала құқықтары туралы», «Білім беру туралы», «Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы» Қазақстан заңдарында, Эко­номикалық, әлеуметтік жә­не мәдени құқықтар туралы халықаралық пактіде, БҰҰ Бала құқықтары туралы конвенциясында кепілдік берілген балалардың құқықтары мен мүдделерін сақтау мәселесі талқыланды. Комиссия мүшелері Қазақ­стандағы балалар құқықтары мен балалықты қорғау мәселелеріне ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі таңда республикада туғаннан бастап кәмелетке жасқа жеткенге дейінгі 5 миллионнан астам бала тұрады. Оның ішінде 141 мыңнан астамы – мүмкіндігі шектеулі балалар, 9 мыңнан астамы – интернаттық мекемелерде тәрбиеленіп жатқан жетім балалар мен ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балалар. Бала құқықтарын қорғау мәселелерін шешуде мемлекеттік басқару органдарының, қоғамдық бірлестіктер мен халықаралық және өзге де ұйымдар өкілдерінің ынтымақтастығы мен күш біріктіруі елеулі рөл атқаратыны атап өтілді. Сөз сөйлегендер бала құқық­тарын қорғау саласында өзекті мәселелердің бар екеніне назар аударып, оны шешуде мемлекеттік органдар мен ҮЕҰ-лардың бірігіп атсалысқандары жөн деп ұсыныс айтты. Бұл отбасылық сәтсіздіктің профилактикасы, отбасылық құндылықтарды нығайту, балаларды адамгершілік-рухани тәрбиелеу, инклюзивті білім беруді дамыту, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты қатыгездік қарым-қатынастың және зорлық-зомбылықтың алдын алу профилактикасы. Комиссияның отырысында әзірленген ұсынымдар Мемлекет басшысының, Қазақстан Республикасы Парламенті мен Үкіметінің назарына жеткізілетін болады. «Егемен-ақпарат».