20 Наурыз, 2015

Қоғамдық штаб жұмысымен танысты

320 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
19-03-01 Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мемлекет басшысының кандидатурасын қолдау үшін құрылған Республикалық қоғамдық штабтың жұмысымен танысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Штабқа келген Нұрсұлтан Назарбаев Үгіт және сенімді өкіл­дермен жұмыс жөніндегі орта­лықтың және Ахуалдық орта­лықтың қызметімен танысты. Өңірлік қоғамдық штабтар басшыларымен және мүше­лері­мен бейне-мәслихат режімінде ұйымдастырылған кеңесті ашқан Мемлекет басшысы алда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтты. 19-03-02 – Сенімді өкілдердің, қоғам­дық штаб мүшелерінің 60 пайызға жуығы өткен сайлауға қатысып, жақсы тәжірибе жинақтаған. Со­нымен қатар, мұнда жаңа сенім­ді өкілдер де бар. Бұл бізде ұр­пақ сабақтастығы бар екенін көр­сетеді. Мен сайлауалды нау­қанына бірінші рет қаты­сып отырғандардың бәріне ілти­па­тымды білдіремін. Бүгінде рес­публикалық желілік кесте жасалды, өңірлік штабтардың нақты іс-қимыл жоспарлары бар, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы барлық облыстық қоғамдық штабтардың үгіт науқанына дайындығы туралы есептерін тыңдады. Нұрсұлтан Назарбаев республиканы әрі қарай дамыту жолдары «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында айқындалғанына, он­да әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсаты қойыл­ғанына назар аударды. Жа­һандық экономикадағы дағдарыс құбылыстарын еңсеру үшін «Нұрлы Жол» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланысты Қазақ­стан Президенті ел халқы­ның өмір сүру деңгейі мен сапасын арт­тыру үшін басымдығы бар мемле­кеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Нұр Отан» партия­сының XVI съезінде белгіленген бес халықтық реформаны іс­ке асыру айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Бұлар кәсіби және автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, заң үстемдігін әртараптандыруға негізделген индустриялық және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, болашағы біртұтас ұлтты, сон­дай-ақ, транспарентті және есеп беруші мемлекетті орнық­ты­руға бағытталған. Мемлекет басшысы аталған шаралардың бәрін қоғамда тұ­тастық, бірлік және өзара сенім болған жағдайда ғана жүзеге асыру мүмкін екенін атап көрсетті. Қоғамдық штаб басшысы М.Құл-Мұхаммед кеңес бары­сын­да Мемлекет басшысына элек­тораттық науқан міндет­терін жүзеге асыру үшін елді рес­публикалық, облыстық, қала­лық және аудандық деңгейде тү­гел қамтитын штабтар жүйесі құрылғанын баяндады. Орталық штаб құрамына 161 адам кіреді. Олардың қатарында халықтың түрлі топтарына өкілдік ететін елге сыйлы әрі беделді адамдар қамтылған. Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілдері тізімінде барлығы 29 мың адам бар. Сонымен қатар, 50 мыңнан астам белсенді азамат қолдау көрсетуге тілек білдірді. Іс-шара барысында Тау-кен өндіру және тау-кен метал­лургиялық кәсіпорын­дары рес­пуб­ликалық қауымдас­тығы» заңды тұлғалар бірлестігі­нің атқарушы директоры Н.Радос­товец, Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университетінің ректоры Е.Сыдықов, Парламент Мә­жілісінің депутаты, «Қазақстан тұтынушыларының ұлттық лигасы» заңды тұлғалар бірлестігінің  төрайымы С.Романовская, «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқармасының төра­ғасы А.Мырзахметов сөз сөйледі. * * * Қоғамдық штабтар электо­рал­ды кезең қарсаңында кандидатты қолдау үшін қол жинау жұмысын табысты аяқтады. Елдің барлық өңірінен 560 мыңнан ас­там қол жиналды. Үгіт жұмыстары барлық облыс орталықтарында, 87 қалада, 176 ауданда, 6841 ауыл мен кентте жүргізіледі. Республикалық қоғамдық штаб өкілдері халықпен кездесу үшін елдің барлық өңірін аралап шығады. Бұл ретте, еңбек ұжымдарымен жұмыс жүргізуге айрықша ден қойылатын болады. Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.