20 Наурыз, 2015

Көпті көрген Күрішбек

565 рет
көрсетілді
25 мин
оқу үшін
УОС-ЦВҚанша жерден «Күркіреп күндей, өтті ғой соғыс», (Қ.Аманжолов) деп кей тұста тоқсан саққа жүгірткенімізбен сол күркіреудің арғы жағында миллион­дардың тағдыры жатқаны анық. Сол миллиондардың арасында миллионға жуық қаракөз бауырларымыз, оның ішінде бес мыңнан астам қыздарымыз болғаны және бар. Сол тағдырлы жылдар жылжыған сайын күңгірттеніп бара жатқаны да рас. Төбе шашыңды тік тұрғызар сұмдықтарды көзімен көріп: «Үстімде сұр шинелім, Ақсаңдай басып келемін. Қанды қырғын, қызыл от, Қаптап жүр ажал дегенің» (Қ. Аманжолов) деп шыбын жанын шүберекке түйіп, «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» деп аман оралғандар да күн санап ақ селеудей селдіреп, кей елді мекендерде тұяқ қалмады деуге болады. Кейінгі ұрпақ соғыс ардагері дегенді бір кездері баяғының батырларындай елестетері сөзсіз. Солай бола берсе екен деп тілейік, лайым. Күрішбек КөжекбайұлыСоғыс атаулының оңғаны жоқ. Соғыс – мықтының әлсізге үстемдігінен, не саясаттың сатпағынан болатын қырғын. Ең өкініштісі, мұндай алапатта көбінде қарапайым халық зардап шегіп, әлсіздіктен тілі байланып, титықтап жүріп жер құшады. Төрткүл дүниені төрт жыл бойы тітіреткен сол сұрапыл соғысқа бастан аяқ қатысып, «Өлім – жауым, өмір – дос, Не­ге өлемін бостан-бос!» (Қ.Аманжолов) деп әр таңын үмітпен қарсы алған, сол үміті ақталып жеңісті Эльба өзенінің бойында естіп, Берлиндегі Жеңісті көрген екінші топтағы мүгедек, қазір 103 жасты еңсеріп, 104-ке бет алған, көзі ашық, көңілі ояу, жады мықты шежіре ақсақал, Алматы облысы мен Ұйғыр ауданының құрметті азаматы  –  Күрішбек Көжекбайұлы еді. Ғасырдан асқан өмірінде көргені көп, түйгені мол, санасы сара абыз кісі бізбен әңгімесін қазақ қадірлейтін, асылым деп ардақтайтын алыптарды қосқан: «Ата сөзі дарып мол, Ақ уызға жарып мол! Абылайдай алып бол, Шоқан сынды жарық бол. Атың шықсын алашқа-ай! Абайға ұқсап милы бол. Құрманғазыдай күйлі бол. Қамын ойлап халқыңның, Сұлтанмахмұттай сыйлы бол, Бауыржандай батыр бол, Рақымжандай батыл бол. Марғұландай шежіре, Қасымдайын ақын бол. Бағың жанып әрдайым, Жақсыларға жақын бол!» деп келетін батасымен бастады. «Алты алаштың өткен ға­сырдағы арысы Димекең (Қонаев) екеуміз бір жылдың төлі едік. Ол кісі менен бір-екі ай ғана үлкен болатын. Биік адам еді ғой. Бойы ғана емес  –  ойы, кемелдігі, кемеңгерлігі. Қаныш та солай болатын. Қаныш деп отырғаным  –  Сәтбаев! «Соғыс ардагерісіз, бос әңгімені қысқартып сол соғыс туралы айтыңыз», деп отырсың-ау, шамасы! Қипақтауың соны аңғартқандай. Бала, соғыстың алдында да қилы замандар өткен. Мұхтар Әуезов «Қилы заман» деген шығармасын аспаннан алып жазбаған,  –  деді де бір тыныстап алып, одан кейін:  –  Ой, шіркін-ай, көргеннің көзі тоятын, ақ құбаның қызыл шырайлысы, әдемісі еді. Шашы тау орманындай қою, көзі ботаның көзіндей жайнап тұратын. Өзіне тірі пендені еріксіз тартатын зиялының зиялысы, ұшқыр ұйымдастырушы, сөзге шебер, шешен, ұшан-теңіз білімімен де үйіріп әкететін, жұрт сүйсінгендіктен «красный профессор» атап кеткен бір дара қазақты кейінгінің есіне сала кетейін. Оны көріп, сөзін естігеннен тірі қалып, жер басып жүрген жалғыз мен шығармын. Кейде әдемі мұртына сай етіп, кішкене ғана шоқша сақал қоятын. Артынан қырып тастайтын. Әйелі татар жұртының қызы еді. Келісті болатын. Ол кездегі бастықтар халықтың ортасынан табылатын. Бүгіп қалатын қулықтары көп бола қоймайтын. Еңбегім халық үшін дейтін. Ол қазақ кім екен дегенде дегбірің қашып отырса айтайын, ол  –  Ораз Жандосов. Оған киген киім де жарасып кететін. Өткен жылы 115 жылдығын атап өтті, жаңылмасам». «Жоқ, жаңылмадыңыз». «Е, бәсе! Сол қилы заман жылдары бай мен кедей­ қақтығысы басталды. Қызылдар билікке келген. Бізге науқанның шетін шығарсаң, арғы жағын көкпар тартқандай ала жө­нелетін әдетіміз бар емес пе? Сондай науқан Хантәңірінің баурайындағы елді ала тайдай бүліндірді. Әлгі қызылдың қысымына шыдамаған жұрт бас сауғалап іргедегі Қытайға ауды. Содан жұртты байыпқа шақыру үшін жоғарыдағылар кемел ақыл иесі Ораз Жандосовты сол тұстағы Кеген ауданының бірінші хатшысы етіп жіберіпті. Мен 1930 жылы жеті жылдық мектепті аяқтап, Алматыдағы алты айлық мұғалімдер курсын бітіріп келіп, сауат ашу мектебінде жүргенмін. Бүгінгідей сайлы мектеп қайда. Киіз үйдің ішінде сауатсыздарға сабақ берем. Ол кездегі колхоз басшыларының өзі – шалахат еді. Бұрынғы бірінші хатшы Әмір Тәжібаев деген кісі болатын. Ол Оразды таныстырды. Одан кейін оған сөз берді. Ораздың дауысы зор екен. Айбынды. Күндей күркірейді. Күркірінде зіл емес, мейірім бар. Қазақшаға да, орысшаға да жұқпайды, ағып тұр. Үлкендер жағы: «Мына кісіні қандай ана дүниеге әкелді екен!» десті. Ел мен жердің тарихын айтқанда, шежіредей шертеді», деп алып, аудан көлемін қақ қалдырмай аралағанын, Құдайқұлов деген қырғызды райсполкомға орынбасар етіп қойғанын, оның сауаты аз болғанмен, кеудесі сара, арғы-бергіні терең білетінін еске түсіріп, білім басқармасына Өркенбай Дінәсілов деген жақсы жігітті бекіткенін, асыл затты азаматтың майданға кетіп, оралмай сол жақта қалғанын қолмен қойғандай жеткізді. «Мен бұ­ларды неге тізіп отырмын, оларды біз білгенмен, өзгелер білмей, ұмытылып барады. Бүгінгі ел ір­гесін бекітуге ондай адал жан­дар аз үлес қосқан жоқ. Олар­ды да ұмытпаңдар, хатқа түсіріп, кейінгіге таныс­тырып жүрсеңдер еш артықтығы жоқ. Қазақ алдындағыларды кейінгіге маржандай тізіп айтып отырған. Жеті атасын білмегендерді –  жетесіз деген. Біз де сол жолды жалғауға тиістіміз. Өзім ғана деу – ұлтты өсірмейді, өзегін талдырып, өшіріп тынады», деп бір қайырып тастады. Зерделі қария Ораздың керемет ақыл иесі екеніне ел аралап жүргенде куә болғанын айтып, шал-кемпірлердің алдын қиып өтпей, сәлем беретінін, хал-жағдайларын сұрап, не жетіп, не жетпейтінін біліп, мейірімді екенін бала да біле ме, олар алдынан жүгіріп шықса, маңдайынан сипап, атын сұрайтынын, тілге тиек етті. «Ораз Мұхтар Әуе­зов жазатын атақты Қар­қара өңірі малдың жері екенін, бай­лық осында жатыр деп, оны облыстың сол кездегі бас­шылары орыс Тоболев пен қазақ Молдажановтарға дәлелдеп, шаруашылықтар ұйымдастырды. Бар күш-жігерін сол шаруашылықтарды өркендетуге салды. Ол кездегі жігіттердің бәрі дөй болатын. Шетінен ірі, іскер еді. Байдалы Дүкенбаев деген кісі шаруашылық басқарды. Ақын жанды, келіскен жігіт еді. Қапез Байғабылов, Нұрбек Балабеков, Қажым Басымов деген мұғалімдер болды». «Қапезді көрдіңіз бе?». «Көрмегенде, өзімді оқытқан мұғалім ғой, ол кезде мектеп табалдырығын 10-12 жаста аттай береді». «Қандай адам еді?». «Сақал-мұрты жоқ, келісті, пысық еді. Байтұрсынов еңбектерін көп пайдаланатын, біздерге конспекті жасатып, соны оқытатын. Ахмет Байтұрсынов десе, ішкен асын жерге қойып, оны оқымасаң жаныңды шығаратын. Ол кезде жаспыз, Ахметтің кім екенін біле қоймаппыз. Енді ұғып жүрміз, ұлтымыздың көзін ашқан ұлысы екен ғой. 1923-1924 жылдары сол Байтұрсынов еңбектері төте жазуда болатын. Кейін латынға көштік, одан осы күнгі әріпке ауыстық. Қапез білімді де өнерлі еді. Ой жіберіп қарап отырсам, айтатын әндерімнің біразы өзінікі екен. Есіл ер «халық жауы» болып, атылып кетті. «Жапалақ жалп етеді жар басында, Немене жоқтың күні бар қасында», деп келетін әндегі мұңлы үні әлі күні құлағымның түбінде шыңылдайды да тұрады. Е, е, біраз нәрсе білуші едім, кәрілік қусырып барады». Осылай деп жүзді еңсерген есті қарт бұлақ сыңғырындай сылқ-сылқ күлгені. Жалт қарадық, жүзі бал-бұл жанып, жанары от шашады. Бұл да болса Құдайдың ол кісіге оң көзімен қарағаны болар. «Мынау кім? – Бай ғой! Бір кездегі Құдай ғой! Бай, молда тізе қосып, Не қылмады? Ой-бой!», деп қарап отыр. «Бұл өлең кімдікі?», дейді. Тұтығып барып, «Бейімбеттікі», дедік. «Бейімбет мұндай өлеңді көп жазған». «Бейімбетті көрдіңіз бе?». «Ол кездің жазушылары мықты болған, бала! Сәкен, Бейімбет, Ілияс... ой, толып жатыр». «Көрдіңіз бе оларды да?» «Алматыда мұғалімдік курста, білім өсіріп жүргенде сабақ берген». «Сәкен қандай адам еді?». «Әрлі адам ғой, ұлтшылдығы бар. Орысқа қатаң кетеді. Ел айтатын орысқа қатаң деп. Рас екен, біз де байқадық». «Бейімбет... бет-бейнесі қандай еді?» «Ол өте жақсы адам еді, салмақты болатын, кең пішілген, сықақты өлтіріп жазатын, бетінде секпілі бар еді. Қою шашын артына қарата қайыратын. Ал Ілиястың ақындығы бөлек еді». «Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің қайсысы сөзге алғыр еді?». «Үшеуі де қазақ сөзінің тамырын таза ұстағандар ғой. Совет министрі болған Сәкен екпінді болатын». Қытайға босқан қазақты тоқтату, жерді бос қалдырмау үшін бел шешіп, кіріскен Ораздан кейін ауданды егделеу Қасенбай Қасеновтің, Жайық қазағы, екі тілге бірдей жүйрік, тарихты да талдап беретін Сұлтанғалиевтің (атын есіне түсіре алмады), Голощекинмен жағаласқан Жағыпар Солтанбековтердің бас­қарғанын, сол кездегі идеология үшін аудандық газет рөлінің ерекшелігін, оған елге белгілі азаматтар келіп ре­дакторлық еткенін, соның бір мысалы, М.Шолоховты қазақ­ша сөйлеткен Хасен Өзден­баев екенін атады. «НКВД де­ген болды, оның адамдары ешкіммен сөйлеспейтін, райкомыңыз олардың алдында аяғын тарта басатын. Қызметкерлерін көргенде, үлкен түгіл, жылаған баланың үні өшіп қалатын. Кеңсесінің алдынан ел қорқақтап әрең өтетін. Комсомолмыз, бізді тәртіп сақтау үшін кезекшілікке қоюшы еді. Небір жақсылар найзаның ұшында, бір түйір қорғасынның бодауында кетті ғой...». Ақсақал осылай деп сұрау­лы жүзбен қарады да: «Бар тілеуім қазақтың үстінде, мына тәуелсіздігі баянды болса екен. Озбырлар қайта қазақ топырағын баспаса екен. Ендігі сөздің бетін сұрапыл соғысқа бұрайын. 1941 жылдың күзінде майданға аттанып, 1945 жылдың қысында елге аман оралдым», деген Күрішбек Көжекбайұлы Алматыда жасақ­талған 100-ші атқыштар бригадасының құрамында барлаушы болып майданға кіріпті. Мәскеуді қорғауға қатысыпты. Калинин, Великие Луки, Невель, Новосокольников қалаларын, Латвия, Эстония, Литва, Белоруссия, Польша елдерін тегеурінді жаудан босатуға өз үлесін қосыпты. Невель қа­ласы дегенде құлағымыз елең етіп, қазақтың қаһарман қызы Мәншүк Мәметова көз алдымызға келе қалады. «Невель қаласы үшін болған шайқаста Мәншүк Мәметовамен бірге болдыңыз ба?». Қарияның қызыл шырайлы жүзі қабарып, ерні дірілдеп: «Қазақтың қызы жаман болмаған, шетінен сұлу, шетінен батыр. Мәншүк қараторының әрлісі де әдемісі еді, қағілез еді. Бойы өте биік те, аласа да емес, шымыр біткен еді. Бір ротада болдық. Мен барлаушымын. Ол бас штабта істеді. Оған күнде мәлімет тапсырамын. Орысшасы да мықты, сауатты болатын. Алматыда оқыған. Шешесі Әмина ғалым болған. Мәншүк турашыл еді, бет қаратпайтын. Орыстар қатты мойындайтын, сыйлайтын. Адамға қасірет әкелген жауға пулеметтен оқ жаудырғанда, қыз емес баяғының аңыз батырлары секілді қайраттанып кететін. Былайғы кезде мейірімді, жайдары болатын. «Соғыстан аман оралсам, бәріңді Алматыға шақырамын, оқисыңдар», дейтін. Халқымыздың ақылды аналары осындай қыздардың арасынан шыққан ғой. Невель қаласын фашистерден азат ету үшін Изоча стансасындағы 173,7 метр биікте кескілескен ұрыс болды. Мәншүктің басына оқ тиді. Бар күшін жинап, соңғы демі біткенше тістеніп алып, пулеметінен жауға оқ боратып, біздің жауынгерлерге жол ашты. Құданың құдіреті, сондай өлім мен өмір айқасында, адам өлімнен бұрын, өмірге талпынады екен. Бұл заңдылық, әрине. Кетпен шауып жүргендей алға ұмтылатынын қайтерсің. Бір Алла қақпаса, оққа байланып кете барасың. Амал не, қазақ қызынан сол күні көз жазып қалдық. Қызымыздай көретінбіз (қарт көзіне жас алды). Өткінші өмір-ай, болжаусыз келген ажал-ай!.. Арулап жерледік. Қабіріне өз қолыммен топырақ салдым. Оның ерлігін кейін ақындар «Сілкінтіп зеңбіректер жердің жүзін, Оқ борап, снарядтар қаққанда ызың, Қаптаған қалың жаудан тайсалмаған, Мен көрдім пилоткалы қазақ қызын. Қолында пулеметі «Максим» оның, Бойында күш-жігері тасқын оның. Ерлермен тізе қосып ша­буылда, Оғымен Батыс майдан ашты жолын», деп батыр қыздың батылдығын дәл суреттеген. Бұл екі шумақтан өз­ге де жалғасы бар еді. Кә­рі­лік құрғыр жаңылдырып отыр­ғанын қарашы. Батыр Мән­шүкті көрген адамдардан тірі қалған тағы да мен ға­на шы­ғармын. Атқыштар пол­кінде Мәншүкпен қатар Мә­риям Сырлыбаева деген дә­рігер қыз болды. Әр ұлттан құралған 4890 жауынгердің ішінде екеуі телқоңырдай, әдемі өрілген қос бұрымдай қатар, жұптарын жазбай бірге жүретін. Жауынгерлер сол екеуіне қарап бой түзейтін, ізет сақтайтын. Инабатты болуға тырысатын, бейпіл сөзге бара бермейтін. Кейін Мәриям Мәулен Исин деген жақсы жігітпен отау тікті. Ұлды болып, атын – Отан қойды, білем, – деген Күрішбек ақсақал майданда бірге болған қаруластарының қамқорлығын алға тартты, – Әділ Біләлов деген азамат болды. Әкемізден артық қамқорлық көрсетті. Командир ротамыз Әнуарбек Сейдахметов еді. Ол қатал адам болатын. Бірақ төңірегіне қамқорлық жасауға келгенде мінезі мақтадай үлпілдеп тұратын», – деп алапат майданның небір хикаяларын қызықты етіп шертіп отырғанда, соғыста ерлік жасау жайын сұрадық: «Е, «Майдан етіп дүние төрін, Темір гүрзі қақтап отқа, Жекпе-жек кеп өмір, өлім, Соққыласып жатқан жоқ па?», деп Қасым ақын айтпақшы, оны ойлайтын уақыт қайда? Ойлайтының қай жерде оққа ұшамын, қарсыласымнан бұрын бір оқ атсам дейсің. Жауды жер жастандырып, өзім аман қалсам, деген ой санаңда жүреді. Командир жұмсайды, кетесің. Жолда не болмайды. Ерлік жасаймын, сол үшін майданға бардым деп өтірік бөсудің керегі не? Мақсатың бір түйір қорғасынға байланбай, танкінің табанына тапталмай, пленге түспей, жаман атқа қалмай, отбасына оралу – көкейіңнің түкпірінде жүреді. Әрине, ерлік жасау кейде кездейсоқ та болып жатады. Қарап өлгенше, жаудың жағасына жармасып, біреуін болса да ала жығайын деген ойдың жаныңда жаңғырып жүретін кезі де болады. Екі ағайынды едім. Әділбек деген інім Сталинград майданында бір аяғына оқ тиіп елге оралған еді. 96 жасында, 2012 жылы өмірден озды. Мені көбінде сол іздейтін, келіп жағдайымды сұрайтын», – деген ақсақал мұңайып қалды. «Жамбылдың батасын алып едік, сұрапыл соғыстан аман келуіме сол да сеп болған шығар», дегенді қосып қойды. Соғыстан соң атағы жер жар­ған маршал Георгий Кон­стан­тинович Жуковтың қол астында, 36-шы Тарту дивизиясының 1-ші полкінде аға байланысшы, рота партия ұйымының хатшысы болғанын, аға сержант дәрежесінде кіндік қаны там­ған Отанына оралғанын тіл­ге тиек етті. Одан кейінгі тір­лік тынысы бала оқыту, олар­ға тәрбие беру ісімен ұш­тас­қанын, ол партиялық жұмыспен жалғасқанын айтып, «45 жыл өмірімді жас ұрпаққа арнадым, 5 баладан 24 немере, 23 шөбере сүйдім. Ұлым – Бақытжан, қызым – Бақыт, келінім – Гүлбану алақандарына салып, баладай мәпелеп отыр. 3-ші сынып оқитын, қолымнан жетелеп мені мақтан ететін Ләззатымнан бастап, облыс әкімінің орынбасарлары болып жүрген С.Тұрдалиев, Б.Мәкен, министрдің орынбасары Е.Нысанбаев секілді, тағы басқа ұл-қыздарым, бүкіл ел-жұртым, аудан әкімдері тік тұрып құрмет көрсетеді. Омаров деген мұғалім досым болып еді. Соның баласы ауданымызды басқарушы еді, облысқа ауысып кетіпті. «Әкемнің көзіндейсіз!» деп жиі ат ізін салушы еді. Үйде отырған адамның серігі ой ғой. Ауылды көтеру керек. Ауыл құлдырап барады. Жастардың көбі үйсіз-күйсіз қала жағалап жүр. Ауылдағы кешегі кейбір әдемі үйлердің сиқы кетіп, көшелер жырым-жырым болып барады. Бұлай кете берсе, бабаларымыздан қалған жер бос қала ма, қайдам. Баяғыда Ораз Жандосов ауылды көтеріп еді. Ұйымдастыру жағы күшті болды ма, қимылдамай отырған пенде таппайтынсың. Қазіргілер ақша-ақша дейді, өңкей бір сұрамсақтар, беріп те жатқан секілді. Бірақ ауыл­дың ілгерілейтін түрі жоқ. Он­ың себебіне, менің шарадай ба­сымдағы бір шөкім мидың өре­сі жетер емес. Маған бүгінгінің білім беруі ұнамайды. Бәрін ақшаға әкеп тіреп қойды. Ал анау жоғары оқу орындары дегеніңіз ауылдағылардың ма­лына «қырғидай» тиіп жатыр. Оқу бағдарламасы жылда өзгереді. Ауыл мұғалімдері шаршады. Балалар саны бар, сапасы кемшін кітаптардан қажыды. Біздің кезімізде оқулық жоқ еді. Бір кітап бәрімізге жететін. 4-ші класты, 7-ші класты бітіріп, қызмет етіп кеттік. Бізден ке­йін­гілердің ішінен де небір мық­тылар шықты. Жоғары оқу орындарын былай қойып, техникум, училище бітіргендердің өзі әулие еді. Қалаған жеріне барып, жұмыс істейтін. Қазір бір емес, бірнеше диплом ұстағандар жұмыс таппай сандалып жүр. Осы қалай деген бір сұрақ кө­кейімнен кетпейді. Әрине, оны мен шеше алмаймын. Бірақ қолдағы азын-аулақ малын сатып, тыраштанып оқытқан ата-аналар балаларының сенделіп жүргені арқамды аяздай қариды. Мен сондай ұрпаққа айтар бір ғана тілегім бар. Ол тілек ата-бабаларымыздан қалған өсиет қой: «Бос жүрсеңдер де үміттеріңді үзбеңдер, біреудің ала жібін аттамаңдар, ине-жібіне қас қылмаңдар», деймін. Бұл бабалардан қалған сабақ, ол сабақты мен заман осылай екен деп үзуге қандай қақым бар. Байқаймын, кейбір жас бұзық жолға түсіп барады. Ондайды құлақ та шалады. Мынау – төрден орын алған «көксандық» та көл-көсір етіп айтып жатады», деп сәл ой кешті де: «Сұмдық-ай, аз қазақ бай-кедей деп бөлінетін болыпты. Бұл үлкендерді қойып, балалардың арасына шоқ болып түсе бастапты. Қарадомалақтар анау байдың баласы, мынау кедейдің баласы дейтін-ді шығарып жүр, «Тәйт», деп сес көрсетемін. Кім білсін. Мұның аяғы қалай болатынын, бұрынғы байлардың көбі момын болушы еді, киіз үйде тұрды. Жиектеген шалбар киді, үйінде бір кілем болса, азын-аулақ жақсысын соның ішіне салып буып, теңетіп төріне қойды. Ол енді бұрынғыдан жалғасқан тірлік қой. Қазіргі байлардың қалай байып кеткенін білмеймін. Бәрі көз алдымызда өскендер, ал олардың кейбіреулерінің салған үйлері басты айналдырады. Кей тірлігі жүрегіңе инедей қадалады. Алшаң-алшаң басып жүргендері, өзгеге тізе батыратындары да жоқ емес. Қадірін ұқса, түсінсе, қазіргі заман жақсы. Бір мысал, біз Еуропаға сұм соғыстың кесірінен азып-тозып, белшеден балшық кешіп, амалсыздықтан жаяу бардық. Қазіргілер самолетпен кірлемей барып жүр. Тәубе, деу керек. Әсіресе, баймыз, бағланбыз деп шалқайғандар. «Көп жасаудың сыры неде?» «Мінезден, шыдамды болудан, арам пиғылдан, жаман­ ойлаудан аулақ болуда да жатса­ керек. Ізгі ниетте жүру қажет. Пайдакүнем болсаң, бүкіл са­наң­ды соның сан түрлі қи­тұрқылары шырмауықтай шырмап, берекеңді кетіреді. Жүйкеңді тоздырады. Қам­шы­ның сабындай делінетін қыс­қа ғұмырда тек жүрсең, тоқ жүресің. Мен бір адамның сыртынан ғайбат ойламаймын. Айтарымды бетке айтамын. Ұрпағымды да солай тәрбиелеймін. Кең бол, кең болсаң, кем болмайсың, ұзақ өмір сүресің деймін. Мұның бәрі менің өмірден көкейіме түйгендерім ғой» деген байламын алға тартқан, омырауында «Даңқ» ордені, өзге де марапаттары жарқыраған Күрішбек Көжекбайұлы Алатаудың бір сілемінің баурайына орын тепкен, Сүмбе ауылында тұрады. Қадірлі қарттың көргені көмбе толы алтындай, ой қайнарлары сабақ аларлық. Соның бәрін зердесіне зердей тоқыған нет­кен зеректік десеңізші. Жа­дына сүйсінесің. Біз үйден шыға бергенде, әзілге бұрып: «Бұрынғының адамдары ірі болушы еді, қазіргілер неге кішірейіп, домаланып барады?», деп 103-тен асқан ақсақал айналасына сұраулы жүзбен қарағанда, қызыл шырайлы жүзі жайнай түсті. Бұрынғының сарқыты, бүгінгінің алдында тұрған абыз ақсақалдың бұдан да өзге айтқандарын қағазға түртіп алдық. Уақыт жетіп жатса, тағы бір оралармыз деген үкілі үміт бар. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы, Ұйғыр ауданы, Сүмбе ауылы.