19 Наурыз, 2015

Жуырда сатылымға шығатын аэромобильдер (фото, видео)

770 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
19-03-15-suret 01АСТАНА. 19 наурыз. Қазір ақпарат пен технологияның заманы. Сағат сайын жаңа бір дүние жарық көреді. Бұрын көз көріп, құлақ естімеген, тіпті адам санасына кіріп-шықпаған кейбір заттар бүгінде күнделікті тұрмыстық құрал ретінде қолымызда жүр. Соған байланысты мүмкін емес дейтін сөздің аясы да тарылып келе жатқандай. Себебі, қазіргі күні кәдімгі қара судан қуат алатын көліктер жасау қолға алына бастады. Әзірге тек Жапония ғана бұл салаға қызығушылық білдіруде. Ал жуық арада адамдар қандай көлік түрін тақымдайды деген сұраққа келер болсақ, ең жоғары мүмкіндікке ие – ұшатын көліктер. Иә, бұрын тек фантастикалық фильмдерден көріп келген ұшатын автокөліктерге бүгінде санамызға шақ келетін дүние ретінде қарайтын болдық. Себебі, қазіргі таңда адамзат мұндай көліктерді жасап шығарудың соңғы сатысына қол жеткізді. Бүгінде ұшқыш басқаратын аэромобильдердің барлық технологиялары дайын тұр. Олардың борттық компьютерлері де жерде жүретін көліктердікінен әлдеқайда ақылды. Ал оған қажетті жабдықтардың бәрі қазір қолжетімді. Сондықтан адамның аэромобильмен ұшатын күні де алыс емес. Бұл туралы egemen.kz хабарлады. Сонымен жуық арада қандай көліктермен ұшуымыз мүмкін деген сұраққа жауап іздеп көрейік.
  1. Flying Roadster (Aeromobil 3.0)
19-03-15-suret 02Таяуда әлем назары Flying Roadster деп аталатын словакиялық аэромобильге ауды. Словактар бұл көлікті 2017 жылдан бастап шығарамыз деп отыр. Осы жұмысты қолға алған компанияның басшысы Юрай Вацуликтің айтынша, мұндай көліктерді шығару үшін үш өлшемді кеңістікті ескеру керек. «Біздің компания 1990 жылдан бері осы салада жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде сол арманымызға қол жеткізуге өте аз уақыт қалды. Бұл ретте соңғы уақыттағы технологияның жедел дамуы мен олардың қолжетімді болуы маңызды рөл атқарды. Осыдан он жыл бұрын көміртекті талшықты материалдар мен жоғары технологиялар қолымыз жете бермейтін, өте қымбат дүние еді. Тіпті біз өз көлігімізге орнатқан автопилот жүйесі осыдан бес жыл бұрын орындалмас армандай көрінетін», деген ол мұндай идеяның осыдан бір ғасыр бұрын бұрын пайда болғанын айтты. «Негізі ұшатын автокөлік жасау туралы әңгімелер 100 жыл бұрын айтыла бастаған. Мен авиация тарихын өте жақсы көремін. Ұшатын көліктерді дайындау 1917 жылдан бастап қолға алынған екен. Содан бері 100 жылға жуық уақыт өтті. Сондықтан адамдардың ұшатын көліктермен қатынайтын күні өте жақын», дейді Вацулик мырза.

19-03-15-suret 03Curtiss Autoplane

Расымен, әуеде ұшатын автокөліктің жоспары осыдан 100 жыл бұрын жасалған. Америкалық Глен Кертис алюминий ерітіндісінен ауыр және бұрылмайтын құрал жасап шықты. Өзі ұшатын көлік деп атаған сол агрегаттың 12 метр құрайтын қанаттары мен артқы жағында 4 құлақты қалағы болған. Алайда, көлік жерден санаулы сантиметрлер көтерілгені болмаса, ешқашан ұшқан емес. Соған қарамастан, Глен Кертис ұшатын көлікті жасап шығуға болатынына көзімізді сол кезде-ақ жеткізіп кетті.

19-03-15-suret 04ConvAirCar

Содан бері бірнеше қанатты көліктің нұсқалары жасалды. Өкінішке қарай, сынақ кезінде басым бөлігі қайғылы жағдаймен аяқталды. Мысалы, 1947 жылы ConvAirCar (Model 118) деп аталатын аэромобиль ұшу кезінде апатқа ұшырады. Бұл көліктің бір ерекшелігі, өздеріңіз көріп отырғандай кәдімгі ұшақ пен қарапайым автокөліктің қосарлануы арқылы жасалған. Бастапқы кезде көлік өте жақсы нәтиже берді. 72 шақырымға 5 литр жанармай шығындайтын ол кезекті сынақ сапарынан аман қонбады. Апат жанармай жүйесіндегі ақаудың салдарынан болған. Екі жылдан кейін жұмыс қайта қолға алынғанымен, қаржы көзінің тапшылығына байланысты мүлдем тоқтап қалды.

19-03-15-suret 05A-40

Ұшатын көліктердің тарихына зер салсақ, ұшақ пен танкті қосу арқылы да дайындалған нұсқасын көреміз. А-40 деп аталатын бұл көлік 1942 жылы Мәскеу түбінде сынақтан өткен. Жоба авторы – КСРО авиаконструкторы Олег Антонов. Дегенмен, оның бұл жобасы өте сәтсіз болды. Ұшатын танктің салмағы тым ауыр болуына байланысты көлік жерден 40 метрге зорға көтерілген. Соңғы 50 жылда авиация саласы өте жоғары қарқынмен дамыды. Соның нәтижесінде, барлық дерлік техникалық қиындықтар жойылды. Қазіргі аэромобиль жасаушылар үшін негізгі екі кедергі бар. Біріншісі, әуеге көтеріліп кету үшін қажетті жылдамдық алатын жердің жетіспеуі. Сондықтан ұшатын көліктерге жеке аэродром қажет деп санайды. Ал екіншісі, кейбір көліктердің қанаттары 5-6 метр болуына байланысты олармен қала ішінде ұшып-қону оңай емес, дейді.

19-03-15-suret 06Aeromobil 3.0

Десек те, ғалымдар жоғарыдағы мәселелердің жарасы жеңіл екенін айтады. Тіпті Flying Roadster-де (Aeromobil 3.0) аталған мәселелер толық шешілген. Бұл көліктің жиналмалы қанаты 2,25 метрден аспайды. Яғни 6 метрлік әдеттегі көлік тұрақтарына емін-еркін ұшып-қонуға болады. Сондай-ақ, ол кез келген жерден ұшуға қабілетті. Жылдамдық алу үшін 250 метр жер қажет болса, қону кезінде 50 метрдің өзі жетіп жатыр.

19-03-15-suret 07Flying Roadster-дің ішкі көрінісі қарапайым көліктен гөрі ұшақ кабинасын еске салады.

Aeromobil 3.0-ке Rotax 912S қозғалтқышы орнатылған. Жанармай ретінде кәдімгі бензин қолданылады. Қуаты 100 аттың күшіне тең (~75 кВт). Бұл аэромобильге сағатына 200 шақырым жылдамдықпен ұшуға мүмкіндік береді. Ал жерде көліктің максималды жылдамдығы сағатына 160 шақырымға тең. Бір мәрте толтырылып құйылған жанармай 500-700 шақырымға дейін жетеді. Сағатына 8-15 литр жанармай кетеді. Көлікті басқару үшін ұшқыш лицензиясының болуы міндетті. Аэромобильде екі адамға ғана орын қарастырылған. Оның бірі ұшқыш үшін болса, екіншісі жолаушыға арналған. Көлік өткен жылдың күзінен бері тұрақты сынақ ұшуларын өткізіп келеді. Мамандардың айтуынша, Flying Roadster жағдайы бар адамдарға арналған. Десе де, алғашқы бағасы қандай болатыны әзірге белгісіз.
  1. Krossblade Sky Cruiser
19-03-15-suret 08Жуық арада дайын болатын келесі ұшатын көлікті АҚШ-тың Krossblade Aerospace Systems (KAS) компаниясы жасауда. Компания директоры Дэниел Любричтің айтуынша, болашақта квадрокоптер сынды вертикальді ұшып-қонатын көліктер сұранысқа ие болмақ. Сондықтан KAS Sky Cruiser көлігі сол талаптарды ескере отырып дайындалуда. Бұл көлікке жиналмалы қанаттар, жиналмалы және электр жетегіне қосылған 4 ротор, сондай-ақ, Ванкель ротор қозғалтқышы орнатылған. Жалпы, аталған аэромобильдің конструкциясы «Темный рыцарь: Возрождение легенды» фильміндегі бэтмобильге ұқсайтынын айта кетейік. 19-03-15-suret 09Sky Cruiser-дің Aeromobil 3.0-ден айырмашылығы ұшып-қону үшін ешқандай жер қажет емес. Көлік өздігінен вертикальді көтеріліп, қона алады. Бұл әсіресе, көлік тығыны кезінде аса қолайлы. Дегенмен, көліктің көлемі тым үлкен. Қанаттары «жайылған» күйде 9,5 метрге тең. Ал өзінің жалпы ұзындығы 8,4 метр. Мұндай көлікті тұраққа қою оңай болмайтыны анық. Дэниел Любричтің айтуынша, ХХ ғасырда жасалған ұшатын көліктерде компьютердің болмауына байланысты, ұшқыш барлығын қолмен басқаруға мәжбүр болған. «Ол кезде ұшқыштар тоқтаған және бұрылған кездерде ротордың салмағын қолмен реттеп отырған. Бұл сала ұшқышсыз басқарылатын құрылғылар пайда болған кезден бастап қарқынды дамыды. Қазір бізде борт компьютелері бар. Ол жерде бір тетікті басып қойып бүкіл көлікті басқаруға болады», дейді Д.Любрич.
  1. My Copter
19-03-15-suret 10My Copter жобасын Еуропалық Одақ қаржыландырып отыр. Инженерлердің жоспары бойынша бұл аэромобиль негізінен көлік тығынын азайтуға бағытталған. Яғни алдында кедергі тап болса, көлік өздігінен ұшып кез келген бөгеттің үстінен әуе арқылы басып өтуі тиіс. Әзірге мұндай машинаның сынағы әлі өткен жоқ. Соған қарамастан, ЕО авиабасқару мәселелерін шешіп, ұшқыш лицензиясын көптеп таратуды қолға алуда. Сол үшін бүгінде аэромобильдерді қолдану ережесін оқытуда.

19-03-15-suret 11Еуропалық институттар My Copter жобасын дайындауда көліктің ішкі көрінісіне ерекше мән беруде. Олар мұндай қатынас құралдарының кабинасы кәдімгі автокөліктермен бірдей болуы керек деп есептейді. Сондай-ақ, My Copter көлігін кез келген адам басқара алатындай қолайлы қылып жасау көзделуде.

  1. ONE (Pal-V)
19-03-15-suret 12Кейбір ұшатын көліктер қазірдің өзінде шығарыла бастады. Мысалы, Нидерландының  Pal-V компаниясы One жобасында мотоцикл мен тікұшақтың қосарланған түрін жасап шығарды. Тігінен көтерілу үшін жиналмалы, әдеттегі тікұшақтардікіндей екі құлақты қалағы бар. Қалақ еркін айналмалы ротордың көмегімен жұмыс істейді.

19-03-15-suret 13ONE аэромобилі үш дөңгелекті

Бұл көлік те екі орынды. Бірі ұшқышқа арналса, екіншісі жолаушы үшін. Қуаты 160 кВт қозғалтқыш машинаға жер мен әуеде сағатына 180 шақырым жылдамдықпен жүруге мүмкіндік береді. Ұшу кезінде ең ауыр жүк көтеру мүмкіндігі 910 кг-ға тең. Қажет жанармай – бензин. Pal-V компаниясы 2012 жылы ONE аэромобилін сынақтан сәтті өткізді. Ал 2014 жылдың мамыр айында тапсырыс қабылдай бастады. Алғашқы сериясы санаулы ғана данамен шықпақ. Бастапқыда тек 45 көлік шығаруды жоспарлаған компания әрқайсысын 500 мың еуроға бағалап отыр. Тапсырыс берушілерге көліктерін 2016-2017 жылдардан бастап жеткізіп береді. 5. TF-X (Terrafugia) 19-03-15-suret 14Америкалық Terrafugia компаниясы ұсынып тырған TF-X деп аталатын көлік нағыз «трансформер». Электрлі қозғалтқышпен жұмыс істейтін аэромобильдің ұшып-қонуы квадрокоптерге ұқсас. Көліктің тарту күшін екі гибридті-электрлі қозғалтқыш қамтамасыз етеді. Әр қозғалтқыштың қуаты 670 аттың күшіне тең (~500 кВт).

19-03-15-suret 15TF-X үш орындық көлік. Оның біреуі ұшқышқа арналғаны белгілі. Ұшу кезіндегі максималды жылдамдығы сағатына 322 шақырымға тең. Бір мәрте толтырып құйылған жанармай 800 шақырым жүруге жетеді.

Бұл көлік түрінің алғашқы нұсқалары 6-12 жылдан кейін шығады деп жоспарланып отыр. Ал сынама түрлерін одан ертерек көреміз. Еламан Қоңыр. Дерек: egemen.kz. Сурет: hitech.vesti.ru.