19 Наурыз, 2015

Талдықорғанда соғыс ардагерлеріне пәтер берілді

243 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
19-03-15-Taldykorgan 01ТАЛДЫҚОРҒАН. 19 наурыз. Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы қарсаңында Талдықорған қаласында тұратын ерлігімен еліне шексіз бақыт сыйлаған соғыс ардагерлеріне 52 пәтердің кілтін табыс етті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі Нұрбол Әлдібаев хабарлады. Салтанатты шарада өңір басшысы ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін Наурыз мейрамымен құттықтап, өзінің мерекелік тілегін жеткізді: «Бүгінгі күні Алматы облысында тұрып жатқан Ұлы Отан соғысының 355 ардагерлеріне жан-жақты қолдау жұмыстары көрсетілуде. Наурыз мерекесіне орай, бүгін Сіздерге облыс орталығы Талдықорған қаласынан 52 пәтердің кілтін тапсырғалы отырмыз. Осындай баспанамен облысымыздың барлық аудандары мен қалаларындағы соғыс ардагерлері де қамтылатын болады. Біз сіздерді әрқашан мақтан тұтамыз, құрметтейміз. Сіздер тарихтың алтын қазынасысыздар. Наурыз мерекесі қарсаңында барлықтарыңызға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, баянды бақыт, ал отбасыларыңыз бен туған-туыстарыңызға амандық пен игілік тілеймін. Жаңа баспаналарыңыз жайлы болып, шаңырақтарыңыз шаттыққа толсын құрметті ардагерлер», деді облыс әкімі. Мерекелік құттықтаудан соң Амандық Баталов ардагерлердің барлығына жеке-жеке пәтердің кілтін табыстады. Шараға жиналған ардагерлер қауымы Елбасы тарапынан жасалып жатқан осындай игі шараларға, жан-жақты қолдау жұмыстарына өз ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын жеткізді. Нұрбол Әлдібаев. Дерек: egemen.kz. Сурет: zhetysu.gov.kz.