
«Бұл – өте үлкен мәселе. Себебі көптеген адам ChatGPT-ді өз ойларын ортаға салатын сенімді кеңесші ретінде көре бастады. Олар жасанды интеллектке өте жеке, тіпті құпия ақпараттарын айтып жатады. Алайда бұл әңгімелер дәрігермен, адвокатпен немесе дін қызметкерімен сөйлескендегідей құпия деп саналмайды», деді Сэм Альтман.
Ол бұл жағдайдың құқықтық тұрғыда реттелмегенін айтып, мемлекеттер мен технологиялық компанияларды ЖИ құралдарын пайдаланушылардың құқығын қорғауға шақырды.
«Бізге ЖИ-мен жасалған жазбаша немесе ауызша байланыстардың құқықтық мәртебесін нақтылайтын заң керек. Қазір цифрлық дәуірде жеке өмірге сырттан бақылау тым жиілеп барады. Бұл үрдіс қоғам үшін қауіпті бағытқа айналуы мүмкін», деп ескертті Альтман.
Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда ЖИ жүйелері арқылы жиналған деректердің қайда, қалай сақталатыны және кімдерге қолжетімді болатыны нақты белгіленбеген. Сондықтан да пайдаланушыларға жасанды интеллектпен құпия ақпарат бөліспеуге кеңес береді.