Жасанды интеллект • Кеше

ЖИ адамзат тарихын қайта жаузы мүмкін

40 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кембридж университетінің тарих профессоры Мэри Бирд бұл технологияны адамзаттың өткені туралы түсінігімізді түбегейлі өзгерте алатын «түрлендіруші құрал» деп бағалады. Ғалымдардың айтуынша, ЖИ көмегімен ежелгі Римде тасқа қашалып жазылған, бірақ уақыт өте тозып, үзіліп қалған мәтіндер толықтырылып, олардың мерзімі мен географиялық мекені нақтылануы мүмкін, деп жазады Egemen.kz.

ЖИ адамзат тарихын қайта жаузы мүмкін

Жаңа жүйенің атауы – Aeneas (Эней) – антикалық мифологиядағы Рим өркениетінің негізін қалаушы тұлғаның құрметіне берілген. Бұл – Google DeepMind пен Ноттингем университетінің бірлескен ғылыми жобасы. Оның жетекшілері – тарихшы доктор Теа Зоммершильд пен ЖИ маманы доктор Яннис Ассаэль.

Aeneas жүйесі 176 000 римдік жазбадан тұратын деректер базасына сүйеніп, мыңдаған жазудың арасынан ұқсас грамматикалық, лексикалық, мәдени және стильдік параллельдерді бір сәтте тауып береді. Бұл бұрын тарихшылардың айлап, кейде жылдап жүргізетін ауыр жұмысы болатын.

Рим жазуының жұмбағы шешіледі

Антикалық жазбалар – адамзат өркениетінің алғашқы жазба нұсқаларының бірі. Олар сол дәуірдің тілін, тұрмысын, мәдениетін тікелей сипаттайтын қайнар көз. Бірақ көбі ғасырлар бойы тозып, үзіліп қалған. Сол себепті тарихи мәтінді қалпына келтіру – алып пазл жинағанмен бірдей. Зерттеушілердің айтуынша, 90 пайыз бөлігінің жоғалғаны жұмысқа айтарлықтай қиындық тудырады.

Aeneas мұндай мәтіндерді толықтырумен ғана шектелмейді. Мәселен, зерттеу тобы жүйенің көмегімен Түркиядағы Анкара қаласында орналасқан әйгілі «Август храмы» жазуының датасын анықтап көрді. Бұл мәтін – Рим императоры Августың өз өмірін баян еткен Res Gestae Divi Augusti еңбегі. Көптен бері тарихшылар бұл жазудың нақты уақытына байланысты бірауызға келе алмай жүрген еді.

ЖЗ талдауы екі ықтимал мерзімді ұсынды: бірі — біздің дәуіріміздің 10–20 жылдары аралығы, екіншісі – біздің дәуірімізге дейінгі 10–1 жылдар аралығы. Қызығы, дәл осы екі нұсқа бұған дейін де тарихшылар арасында басым пікір ретінде танылып келген.

Адам мен алгоритм 

Зерттеу барысында 23 тарихшы «Энеймен» бірлесіп жұмыс істеп көрді. Нәтижесінде, адам мен жасанды зерденің тандемі бір ғана жүйе немесе тарихшының өз бетінше жұмысынан анағұрлым тиімді болған.

«Эней» тарихшылардың жұмысын жеделдетіп қана қоймай, олардың бұрын байқамаған параллельдерін де көрсетті. Бұл тарихи зерттеулерге тың серпін беретіні сөзсіз», дейді доктор Зоммершильд.

Сарапшылар Aeneas-тың мақсаты – тарихшының орнын басу емес, керісінше оның жұмысын толықтырып, тереңдету екенін алға тартады.

«Біз ЖИ-дің шексіз қабілеті бар деп санамаймыз. Бірақ ол адам қолынан келмейтін істерге септесе алады», дейді доктор Ассаэль.

Келешек көкжиегі

Бұған дейін де ЖИ көмегімен ежелгі Рим қаласы Геркуланумнан табылған күйелеш хаттар цифрлы өңдеуден өтіп, рентген мен ЖИ алгоритмдері арқылы мәтіні ашылған болатын.

Ал енді Aeneas сынды жүйелердің келуімен тарихшылар уақыт пен кеңістіктен тыс ақпаратқа қол жеткізе алады. Ендігі жерде ежелгі өркениеттердің үнсіз қалған ескерткіштері де жаңаша сөйлейтін болады.

Соңғы жаңалықтар

Инклюзивті кофехана көпке үлгі

Аймақтар • Бүгін, 10:40

Әлібидің жарқын жеңісі

Жекпе-жек • Бүгін, 09:40

Құтқарушылардың қоныстойы

Құтқарушы • Бүгін, 09:20

Уран өңдеу зауыты іске қосылды

Аймақтар • Бүгін, 09:10

Қоқыс импорттайтын мемлекет

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:50

Төрт жылда бір келетін мүмкіндік

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:40

Бирма жазуының сыры

Ғалам ғажаптары • Бүгін, 08:30

Жұмбақ Ницше

Мың бір мысал • Бүгін, 08:25

Заманауи киіз үй

Өнер • Бүгін, 08:05

Экобуккроссинг сөресі іске қосылды

«Таза Қазақстан» • Кеше