19 Наурыз, 2015

Назарбаев өзінің сайлауалды штабының жұмысымен танысты

214 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

19-03-15-shtab-1

АСТАНА. 19 наурыз. Қазақстан президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаев өз кандидатурасын қолдау үшін құрылған республикалық қоғамдық штабтың жұмысымен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады. Штабқа келген Нұрсұлтан Назарбаев үгіт және сенімді өкілдермен жұмыс жөніндегі орталықтың және ахуал орталығының қызметімен танысты. Өңірлік қоғамдық штабтар басшыларымен және мүшелерімен бейне-мәслихат режимінде ұйымдастырылған кеңесті ашқан Мемлекет басшысы алда ауқымды жұмыс күтіп тұрғанын айтты. «Сенімді өкілдердің, қоғамдық штаб мүшелерінің 60 пайызға жуығы өткен сайлауға қатысып, жақсы тәжірибе жинақтаған. Сонымен қатар мұнда жаңа сенімді өкілдер де бар. Бұл бізде ұрпақ сабақтастығы бар екенін көрсетеді. Мен сайлауалды науқанына бірінші рет қатысып отырғандардың бәріне ілтипатымды білдіремін. Бүгінде республикалық желілік кесте жасалды, өңірлік штабтардың нақты іс-қимыл жоспарлары бар», – деді Қазақстанның іс басындағы Президенті. Мемлекет басшысы барлық облыстық қоғамдық штабтардың үгіт науқанына дайындығы туралы есептерін тыңдады. Нұрсұлтан Назарбаев республиканы әрі қарай дамыту жолдары «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқындалғанына, онда әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіру мақсаты қойылғанына назар аударды. Жаһандық экономикадағы дағдарыс құбылыстарын еңсеру үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы қабылданып, жүзеге асырылып жатыр. Осыған байланысты Қазақстан Президенті ел халқының өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру үшін басымдығы бар мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті «Нұр Отан» партиясының XVI съезінде белгіленген бес институттық реформаны іске асыру айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Бұлар кәсіби және автономды мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға, заң үстемдігін, әртараптандыруға негізделген индустриялық және экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, болашағы біртұтас ұлтты, сондай-ақ транспарентті және есеп беруші мемлекетті орнықтыруға бағытталған. Мемлекет басшысы аталған шаралардың бәрін қоғамда тұтастық, бірлік және өзара сенім болған жағдайда ғана жүзеге асыру мүмкін екенін атап көрсетті. Қоғамдық штаб басшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед кеңес барысында Мемлекет басшысына электоралдық науқан міндеттерін жүзеге асыру үшін елді республикалық, облыстық, қалалық және аудандық деңгейде түгел қамтитын штабтар жүйесі құрылғанын баяндады. Орталық штаб құрамына 161 адам кіреді. Олардың қатарында халықтың түрлі топтарына өкілдік ететін елге сыйлы әрі беделді адамдар қамтылған. Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді өкілдері тізімінде барлығы 29 мың адам бар. Сонымен қатар 50 мыңнан астам еріктілер қолдау көрсетуге тілек білдірді. әҚоғамдық штабтар электоралдық кезең қарсаңында кандидатты қолдау үшін қол жинау жұмысын табысты аяқтады. Елдің барлық өңірінен 560 мыңнан астам қол жиналды. Үгіт жұмыстары барлық облыс орталықтарында, 87 қалада, 176 ауданда, 6841 ауыл және кентте жүргізіледі. Республикалық қоғамдық штаб өкілдері халықпен кездесу үшін елдің барлық өңірін аралап шығады. Бұл ретте, еңбек ұжымдарымен жұмыс жүргізуге айрықша ден қойылатын болады»,  - делінген хабарламада. Еске салайық, бұған дейін Мұхтар Құл-Мұхаммедтің президенттікке үміткер Нұрсұлтан Назарбаевтың сайлауалды штабына басшы болғаны хабарланған еді. Ол 2015 жылғы 4 наурызда Қазақстан Президенті кеңесшісі қызметінен босатылған болатын. Назарбаевтың сайлауалды штабының құрамына жетекші саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың жетекшілері, Қазақстанның ғылым, мәдениет пен өнер салаларының көрнекті өкілдері енді. Айта кетейік, Қазақстан президентінің кезектен тыс сайлауы 2015 жылдың 26 сәуірі күні өтеді. Сәкен Майлыбай.