
Фото: gov.kz
20 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенде орталықтандырылған су жүйесі бар болғанымен, техникалық жағдайы сын көтермейді. Құбырлардағы қысым тым әлсіз. Кейбір көшелерге мүлде су жетпейді. Тұрғындар тіршілікке қажетті суды түнгі уақытта ыдыспен жинап, күнделікті шаруаларын соған бейімдеуге мәжбүр. Мәселені көзбен көріп, тұрғындармен ашық пікірлесу мақсатында Мәжіліс депутаттары Максим Рожин мен Данияр Қасқарауов Кемертоғанға арнайы келді.
«Қала іргесінде отырсақ та, суды шелектеп таситынымызға біреу сенсе, біреу сенбес. Көбіміз әлі күнге құдықтың суын ішеміз. Тереңдігі 13–14 метр жерден алынған судың сапасы өте нашар. Тұнбасы, иісі бар. Мұндай су ішу түгілі, кір жууға да жарамайды. Құбыр тартылғанымен, қысым жоқ. Су түнде ғана сыздықтап ағады. Ауылдың тек 20%-ы ғана орталықтандырылған сумен қамтылған. Біз Қаскелең топтық су құбыры жобасына да кірмейміз. Қазір суды «BeyAzhTrans» ЖШС мен «Таусамалы-Қызмет» МКК жеткізіп отыр. Бірақ олардың ұңғымалары әлсіз әрі тозған. Мәселенің шешімін табу мақсатында «Amanat» партиясының Мәжіліс депутаттарын арнайы шақырттық», дейді ауыл тұрғыны, ардагер Егінбек Егеубеков.
Мәселе сумен қамтылуда ғана емес, оның сапасына да аса мән беру керектігін алға тартқан ауыл тұрғыны Раушан Жұматаева көптеген жеке скважина рұқсатсыз қазылғанын, санитарлық талаптар сақталмайтындығын ашып айтты.
«Судың сапасы өте нашар. Техникалар бұзылады. Батареялар бітеліп, мүлде жарамсыз болып қалды. Ең бастысы – бұл тұрғындардың денсаулығына қауіп төндіреді. Осы мәселені бірнеше рет Мәжілісте көтердік. Енді жобаны қаржыландыру қажет. Құжаттар дайын, сараптамадан өтті.
600 млн теңге жергілікті деңгейде қарастырылған. Бірақ қалған қаражат республикалық бюджеттен бөлінбесе, бұл мәселе тағы ұзаққа созылып кетуі мүмкін», деді Мәжіліс депутаты, «Amanat» партиясы фракциясының мүшесі М.Рожин.
М.Рожиннің айтуынша, мәселе бір жарым жыл бұрын Қаскелеңдегі қоғамдық қабылдауда алғаш рет көтерілген. Сол жолы 20-дан астам түйткіл тіркеліп, соның көбі шешімін тапқан. Қазір Кемертоғандағы ең өзекті мәселе – таза ауызсуға қол жеткізу.
«Ауылда 4500-ден астам үй орталық су жүйесіне қосылмаған. Тұрғындар әртүрлі тарифпен, сапасы күмән тудыратын жеке ұңғымалардан су тұтынып отыр. Қажетті құжаттар мен жер телімі дайын. Басты мақсат – республикалық бюджеттен қаржы тарту. Үкімет қарауына ұсынылды, Премьер-министр тарапынан бақылауға алынды – бюджет нақтыланғанда қаржы бөлінуге тиіс. Бұл мәселе «Amanat» партиясының тікелей бақылауында, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасында инфрақұрылымды жаңғырту негізгі басымдықтардың бірі ретінде белгіленген», деді депутат.
Жобалық-сметалық құжаттама аясында жалпы ұзындығы 184,8 шақырым болатын су құбыры, екі резервуар, үш сорғы стансасы, дизель генераторы, трансформаторлық қосалқы станса салу жоспарланған. Кемертоған ауылының инфрақұрылымын жаңғыртуға 4,8 млрд теңге қажет. Құрылыс аяқталған жағдайда 20 мыңға жуық тұрғын сапалы ауызсумен қамтылады.
Айта кетелік, Қарасай ауданында осы бағыттағы жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Қазірде Жаңатұрмыс, Қаратөбе ауылдарында су жүйесінің құрылысы жүріп жатыр. Елтай, Жармұхамбет, Шалқар, Қайрат ауылдарында да жұмыстар басталған. Бұл жобаларға 1,7 млрд теңге бөлінген.