
Агенттік түсіндірмесіне сүйенсек, бұл талап отбасылық мүлікті қорғауға және несиені теріс мақсатта рәсімдеуге жол бермеуге бағытталған. Қарызды бір жұбай екіншісінің келісімінсіз алып, оны отбасы қажетіне емес, жеке пайдасы үшін жұмсаған жағдайда, бұл заң бұзу болып есептеледі. Мұндайда екінші жұбай несиені мойындаудан бас тартып, оны заңсыз деп тануға құқылы.
«Егер сіз жұбайыңыздың сізден жасырын несие алғанын білсеңіз, бірінші кезекте банктен немесе микроқаржы ұйымынан сол қарыз туралы толық ақпарат сұратуыңыз керек. Бұл үшін сізге нотариалды сенімхат қажет болуы мүмкін. Кейін несие заңсыз деп танылуы үшін ресми жазбаша өтініш жазып, қаржы ұйымына жолдау керек. Егер банк немесе микроқаржы ұйымы арызыңызды қанағаттандырмаса, сіз Агенттікке немесе банк омбудсменіне шағымдана аласыз», деп түсіндіреді өкілетті орган.
Айта кетейік, бүгінде Агенттік тиісті заңнамаға өзгерістер енгізуді көздеп отыр. Жаңа жобаға сәйкес, егер тұтынушылық несие сомасы 1000 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 3,9 млн теңге) асса, оны рәсімдеу үшін жұбайының міндетті келісімі қажет болады. Тек екі жағдайда ғана бұл талап қойылмайды: егер жұбай қарызға бірге кіретін болса немесе несие бұрыннан бар қарызды өтеу үшін сол банктен алынған болса.
Мұндай өзгерістер азаматтардың қаржылық қауіпсіздігін арттырып, отбасылық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған.