Аймақтар • Бүгін, 08:30

«Қазқонақты» қалай сақтап қаламыз?

20 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Павлодар қаласындағы Ертіс өзенінің жағалауында «Қаз­қонақ» деп аталатын бірегей табиғи ескерткіш орналасқан. Алапқа «Қазақстанның табиғи ескерт­кіші» мәртебесі берілгенімен, ежелгі жануарлардың қаңқасына толы палеон­тологиялық жағалау жыл сайын мүжіліп, көз алдымызда құрып барады.

«Қазқонақты» қалай сақтап қаламыз?

«Қазқонақ» табиғи ескерткіші – әлемде сирек кездесетін табиғи ескерткіштердің бірі. Ғажабы сол, бұл жердегі топырақ қа­батының астында осыдан 5,5 млн жыл бұрын жер бетінде тіршілік еткен ежел­гі жануарлардың қаңқалары жатыр. Палеонтологтердің ай­туын­ша, бұған ұқ­сас бірегей орындар Грекия мен АҚШ мем­ле­кеті аумағында ғана бар. Осыдан бір ғасыр­ға жуық уақыт бұрын ғалымдар қазба жұ­мысын бас­тап, бұл жерден ежелгі тір­шілік иелерінің жүздеген қаңқасын тап­қан. Өкінішке қарай, 1970 жылдардан бері қа­рай ерекше орын мүлде зерттелмей келді.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізге келгенде табиғи ескерткіштің ахуалына көңіл аударып: «Қазақстандағы ең ұзын өзен жа­ға­лауы – Павлодардың визиттік картасы. Жергілікті жағалаудың ерекшелігі – әлем­дегі ең үлкен «Қазқонақ» неоген дәуірі жа­нуар­ларының қалдықтары шоғырланған жағалаудың бүлінбеген бөлігі. Осынау әлемдік өлшеммен қарағанда бірегей пале­онтологиялық ескерткішті сақтау өте ма­ңызды. Мұндай нысандар қаланың символдық капиталын нығайтады, турис­тер­дің назарын өзіне аудартады», деген еді.

Өкінішке қарай, бұл мәселе жер­гі­лікті қоғам белсенділері арасында айтыл­ға­нымен, оны сақтап қалуға қатысты рес­пуб­ликада оң қадам байқалмай отыр. Ға­лымдардың зерттеуінше, 25 миллион жыл бұрын ғаламшарымыздағы климат өз­­геріп, ормандар мен бұталы алқаптар, шал­­ғындар құрғақшылыққа ұшырап, жер беті кебе бастаған. Осы өзгерістен соң, тау­лы-тасты далалар қалыптасып, тұрқы қа­­зіргі сүтқоректілер мен жыртқыштарға ұқ­сас ататектері қалыптасады. Соның бірі – эогип­пус. Жұмсақ айыр тұяқтары қат­ты тұяқ­қа айналып, енді секіріп, жылдам­ жү­­руіне жағдай туыпты. Арада 13 мил­лион жыл өткен соң, эогиппустан дене тұр­қы киіктей, әр аяғында үш айыр тұяғы бар, жылдам шаба алатын гиппарион де­ген жануар пайда болған деседі. Гип­парион – қазіргі жылқының атасы, алайда аз зерт­телген. Сол гиппариондар Ертіс-Баян өңі­рінде үйір-үйір жүрген. Бұ­ған дәлел – 1928 жылы палеонтологтер «Қазқонақ­тан» 5–7 млн жыл бұрын өмір сүрген түрлі жануардың сүйектерін тап­қан. Оны жинағанда екі вагон шыққан екен. Кейін олар Мәскеуге, КСРО-ның өзге де қалаларына жөнелтіліп, ғалымдармен зерттеледі. Осы қаңқалардың арасында 200-дей гиппарион жылқысы болған.

«Қазқонақ» неоген кезеңіне тиесілі. Нео­­ген – кайнозой эрасының ұзақтығы 24,6 млн жылмен өлшенетін екінші (ортаңғы) гео­­логиялық кезең. Бұдан 23–1,6 млн жыл бұ­рынғы уақыт аралығын қамтыған. Осы кезеңде қалыптасқан аумақ уақыт өте ежел­гі жануарлардың қорымына айнала бастайды.

1

«Қазқонақтан» ежелгі жануарлардың 600-ден астам түрі анықталған. Мұндай аса бай табиғи коллекция жер бетінде Ер­тіс-Баян өңірінде ғана бар. Біз басып тұрған то­пырақта 5,5 млн жыл бұрын Афри­када­ғы­дай саванналар болғанына қазір кім­ді сен­діре аламыз? Мүлде бөлек жануар­лар дү­ниесі тіршілік еткен. Олардың арасында гип­парион, керік, мүйізтұмсық, ан­тилопа, жүйрік қарақұйрықтар, мосто­донт пілдері, зілдерді атап өтуге болады. Қы­лыштісті Махайрод (Machairodus) мы­сығының қаңқалары да табылды. Оның тұрқы қазіргі жолбарыспен бірдей, әрі Ертіс өңірінде ғана болғаны анықталып отыр. Қорқау қасқырлардың, түрлі құстың, кеміргіштердің фаунасы өте бай болған. 1929–1931 жылдары алғашқы қазба жұмыс­та­рында археологтер мол олжаға кенел­­­ге­нін түсінеді. Алайда ол тұста ғалым­дар кеңес өкіметінің әр қаласынан жинал­ғандықтан, тапқан қаңқалар мен сүйек­тер­­ді өз қалаларына алып кете берген. Пав­­лодарда алғашқы институттар соғыс жыл­­да­ры құрыла бастаған, сондықтан зерт­­теу орталығы болмады. Өткен ғасыр­­дың 70–80-жылдары ғана бұл жер туралы көп­­теген ғылыми мақала жария­ланып, об­лыс­тың ғылыми ортасы оның ерекше жара­тылыс екенін ұғына бастайды. Оған дейін қаншама палеонтологиялық жәді­герлер шетке кетіп қалды. Сондықтан бұл жер­ден қандай ежелгі тіршілік иелері табыл­ғаны туралы толық коллекция бізде аты­мен жоқ. Олардың бірқатары ғана По­танин атын­дағы тарихи-өлкетану музейін­де және Ә.Марғұлан атындағы Павло­дар педагогикалық университетін­де сақ­талып тұр», дейді палеонтолог ға­лым, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің профессоры Валентина Алиясова.

Ғалымның сөзінше, кейінгі жылдары «Қазқонақ» ескерткішінің шамамен 30%-ы жойылып кеткен. Бұл – антропогендік фактор емес, табиғи әсерлердің салдары. Яғни жағалауды бір жағынан Ертіс өзені ұдайы шайып жатса, Павлодар қаласынан ағатын жаңбыр, еріген қар суы жыралармен бойлап, осы аумақтың үстіне құйылады. Ес­керт­кіштің жоғары жақтары опырылып, осы­дан 10 жыл бұрын пайда болған жы­ра­­лардың ауқымы кеңейе түскен. Аумақ опы­­рыла-опырыла көше жолдарына жа­­қын­дап қалғаны да байқалады. Жағ­дай­ бұлай жалғаса берсе, бірегей орын­нан то­лық­тай айырылып қалуымыз әбден мүмкін.

«Тропикалық аң-құстар қаңқалары табылған соң,  ескерткіш 1971 жылы «Қаз­қонақ» аталып, республикалық маңызы бар табиғи ескерткіштер қатарына алынады. 2001 жылы оған «Қазақстанның табиғи ескерткіші» мәртебесі берілді. Алайда аумақ мәжбүрлі жағдайда сол мәртебенің «тұтқыны» болып отыр. Яғни бұл жерді не қоршауға, өзен жағынан қорғаныш бөгеттер салуға, туристік орынға арналған жабық павильон тұрғызуға мүлде болмайды. Салдарынан жағдайы жыл санап нашарлай түскен. Қаншама жоба-жос­парлар жасалды, бірақ бәрі қағаз жүзінде қалды. Ең болмағанда қоршау тұрғызып, жағалау жағын сақтап қалуға болар еді», деп қынжылады ғалым.

Кейінгі жылдары «Қазқонақтың» мә­селесі облыс деңгейінде көтеріліп, оны­ сақтап қалудың амал-әрекеттері қарастырылып жатыр. Облыстық мәслихат жанындағы қоғамдық кеңес мүшесі Марина Регатунова бүгінде қоғам белсенділері мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің, ғалымдардың бірлесуімен бастамашыл топ құрылғанын, бұл мәселені республика деңгейіне алып шығу қадамы жасалып жатқанын жеткізді. Топ мүшелері қалалық қоғамдық кеңес мүшелері мен өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта, су ресурстары өкілдерін арнайы шақырып, мониторингтер жүргізген. Оның нәтижесінде пайда болған жыралардың ұлғайып бара жатқаны, Ертіс жағынан шайылған жарлардың өзенге біртіндеп опырылып құлап жатқаны байқалған. Жануарлар қаңқасының сүйектері әр жерден ағараңдап көрінеді. Жәдігерлер күн мен желдің, судың әсерінен тез бүлініп, үгіліп, өзен суына ағып кетіп жатыр.

«Қорғауға алу туралы мәселе айтыла-айтыла шегіне жетті. Адамдардың назарын «Қазқонақтың» бірегейлігіне аударғымыз келеді. Ең әуелі жыл сайын мүжіліп бара жатқан жағалауды бекітіп, орнықтыру керек. Кезінде облыстың бас сәулетшісі Нұрлан Қақамбетов өзен жағалауында темір қоршаулар қою, учаскені нығайту, «Ertis Promenade» сахнасындағы сияқты үлкен шатыр, арнайы жолдар орнатуды ұсынған. Жоба жүзеге асса, су ескерткішке жете алмайтын еді. Екіншіден, «табиғи ескерткіш» мәртебесіне мүлде сай емес. Облыста «Ертіс орманы» резерваты, Баянауыл ұлттық паркі сияқты ерекше қорғаудағы аймақтар бар. Оларда қорғау іс-шаралары белгілі көлемде жасалған, аумақтарға өткізу бекеттері арқылы кіре аласың. «Қазқонақ» ашық-шашық, еш күзетсіз, қорғанышсыз жатыр. Кез келген адам төмен түсіп, жануарлардың сүйектерін қазып алып кетсе, қой дейтін адам жоқ», дейді «Павлодар география үйінің» директоры Александр Вервекин.

Ұйым өкілі бұл жерде туристік орта­лық ашуды да ұсынады. Бұған дейін облыс сәулетшілері ашық аспан астындағы музей, жоғарыдан төмен қарай мөлдір  баспалдақпен түсетін павильон, басқа да жобалар әзірлеген. Бәрі жоба күйінде қалып жатыр.

Жалпы, құрып бара жатқан ескерт­кішті ғалымдардың кеңінен зерттеуіне мүмкіндік тудыру керек. Себебі топы­рақ астында ғылымға белгісіз қаншама беймәлім тіршілік иелерінің қаңқалары жатыр. Кейбір жергілікті ғалымдар жер астындағы ежелгі жануарлардың қаң­қалары Химқалашық шағын ауданында ор­наласқан тұрғын үйлердің астына дейін жалғасып жатуы ықтимал деп бол­жайды. Бұған дәлел ретінде кезінде аумақ­та құрылыс жүргізілгенде беймәлім жануарлардың сүйектері табылғанын алға тартады.

«Біздің ұсыныс – Үкіметтегі жауап­ты ­ведомстволар «Қазқонақты» респ­уб­ликалық мәртебесінен айырып, облыстық деңгейде қорғалатын аумақ ретінде қайта қарастыруы керек. Егер ол шешімін тапса, облыста іс-қимыл үйлестіруге жеңіл болады. Сондықтан мәселеге облыс басшылығы жедел араласып, шешіп беруін сұраймыз», дейді А.Вервекин.

Мамандар мәселеге кешенді түр­де қарау керектігін айтады. Бұған дейін ғылыми мекемелердің өкілдері кез­десіп, шешу жолдарын қарастырған. Бастамашыл топ мүшелері алдымен ғы­лыми негіздеме жасап, ескерткішке зиян келтірмей, тиісті шараны қолға алу керек деген пікірде. Қазір ескерткіштің жоғары жағы абаттандырылып, серуендейтін орынға айналған. Бірақ қала тұрғындары мен қонақтар аяқ астындағы топырақ арасында ежелгі жануарлардың қаңқалары бар екенін біле бермейді. Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бәкір Демеуов ескерткішті сақтап қалуға өңір басшылығы мүдделі екенін айтады.

«Ескерткішке қаншама зиян келіп жатқанына куә болып келеміз. Жедел түрде тиісті іс-шараларды қолға алуымыз керек. Облыс әкіміне жағдайды баян еттік, ол кісі жауапты мемлекеттік органдарға тапсырма берді. Енді ол жерді республикадан қалай алып, кімге бекіту керек, одан соң қандай қадамдар жасалуға тиіс деген сұрақтар талқыланып жатыр. Біз өз тарапымыздан түйткілдің шешілуіне барынша араласамыз», дейді ол.

Сөз соңында «Қазқонақтың» құндылы­ғын оң мыңдаған жануардың сүйектері жатуы мүмкін екені туралы ғалымдардың болжамымен түйіндесек болатын шығар. Палеонтологиялық ескерткішті қорғап, сақтап қалу, оны туристік орынға айналдыру арман болып қалмаса игі.

 

ПАВЛОДАР