
Сенаторлар Сүйіндік Алдашев пен Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласы мен Түпқараған ауданында болып, өңірлердегі әлеуметтік, инженерлік және өндірістік инфрақұрылымның қазіргі жай-күйімен танысты. Олар ENI және «ҚазМұнайГаз» компанияларының бірлескен жобасы – қуаты 247 МВт гибридті электр стансасының құрылысын көрді. Бұл жоба «Өзенмұнайгаз» АҚ мен жаңа газ өңдеу зауытын тұрақты энергиямен қамтамасыз етеді. Депутаттар сонымен қатар «Tenge Oil & Gas» ЖШС-нің өндірістік алаңдарында болып, газды қайта өңдеуді арттыру жоспарымен танысты.
Сондай-ақ сенаторлар Түпқараған ауданында сумен қамту, спорт және білім беру нысандарын аралады. Олар Қызылөзен ауылында ауыл тұрғындарын ауызсумен қамтамасыз етіп отырған су тарту торабының жұмысын көрді. Форт-Шевченко қаласында тәулігіне 5 мың текше метр теңіз суын тұщытатын жаңа станса жұмыс істейді. Құрылысы аяқталған бұл нысан Баутин және Аташ елдімекендерін сумен қамтамасыз етеді.
Ал депутат Алтынбек Нұхұлы Павлодар қаласында кітапхана саласы мен өңірдің индустриялық әлеуетін дамыту мәселелеріне арналған бірқатар кездесу өткізді. Ол кітапханашыларды әлеуметтік қолдау, жалақыны көтеру және «Кітапхана ісі туралы» заңды әзірлеу жөніндегі ұсыныстар туралы айтты.
«Кітапхана – тек кітап сақталатын мекеме емес. Бұл ұлттың ойын қалыптастыратын рухани және интеллектуалды даму орталықтары. Мықты кітапхана жүйесі болмайынша сапалы білім, мәдени сабақтастық және саналы жастарды тәрбиелеу туралы айту мүмкін емес. Біз кітапханашыларға, оның ішінде заңнамалық тетіктер мен әлеуметтік қолдау арқылы лайықты жағдай жасауға міндеттіміз», деп атап өтті сенатор.
Депутат кітапхана қорын қолдау ретінде мекемеге 20 кітабын тапсырды, сондай-ақ Қаныш Сәтбаевтың бұрын сыйға тартылған 10 томдық еңбегін цифрландыру және электрондық нұсқасын кітапханаға беру туралы меморандум жасасу қажеттігін айтты.
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Нұртөре Жүсіп Ғұмарбек Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінде болды. Ол энергетика және байланыс саласының болашақ мамандарына диплом табыстау рәсіміне қатысты.
Нұртөре Жүсіп түлектер алдында сөйлеген сөзінде энергетика және телекоммуникация бүкіл экономиканың жұмысын қамтамасыз ететін базалық саланың бірі екенін атап өтті. Жеделдетілген цифрландыру, «жасыл» энергетиканы дамыту, смарт-технологияны енгізу және энергетикаға қажеттілік өскен жағдайда елімізге техникалық сауатты, инновациялық тұрғыда ойлайтын, қазіргі заманның қауіп-қатеріне бейімделген өмірлік маңызы бар жаңа буын инженерлері қажет.
«Әрбір түлек – болашақ «ақылды» желіні әзірлеуші, жаңартылатын энергия көзіне негізделген жүйелерді жобалаушы, стратегиялық маңызды инфрақұрылымның киберқауіпсіздігі бойынша сарапшы. Олардың білімі мен дағдысы өнеркәсіпті дамытудың, экономиканы цифрландырудың, энергияның тиімділігі мен тұрақтылығын арттырудың қозғаушы күшіне айналады. АЭжБУ шалғай және стратегиялық маңызы бар өңірлерді дамытуды қолдап келеді, негізгі мемлекеттік бастамаларды іске асыру үшін кәсіби кадрларды қалыптастырады», деді сенатор.
Сенатор Ольга Булавкина Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті 22-отырысына қатысты. Онда сөз сөйлеген депутат Сенат депутаттары мен жергілікті мәслихат өкілдерінің тиімді өзара іс-қимылының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл орталық пен өңірлер арасындағы байланысты нығайтуға, аумақтардың тұрақты және теңгерімді дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін түрлі деңгейдегі басқару органдарының үйлесімді жұмысы.
«Тұрақты диалогсіз және халықпен кері байланыссыз күшті өкілді билік мүмкін емес. Сенат басқалармен қатар, жергілікті жерлерден түскен өтініштер негізінде қалыптасатын заң шығару бастамаларымен белсенді жұмыс істеп жатыр», деді О.Булавкина.