Ғылым • Бүгін, 09:15

Ғылым саласында түйткіл көп

30 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін

Ғылым – елдің интеллектуалдық қуатын айқындайтын басты сала. Кейінгі жылдары ғылымды қолдау бағытында бірқатар құрылымдық қадамдар жасалып келеді. Алайда саланың дамуына кедергі келтіріп тұрған жүйелік мәселелер де жоқ емес. Қағазбастылық, басқару сапасы, маман тапшылығы, құралдардың жетіспеуі мен шешім қабылдау үдерістерінің ашық еместігі – ғалымдарды алаңдататын өзекті жайттардың қатарында.

Ғылым саласында түйткіл көп

Сурет «Егемен Қазақстанның» архивінен алынды

Дамуға қағазбастылық кедергі

Ғылымды дамыту – тек инфрақұрылым салу немесе грант бөлу емес, ең алдымен, оның алғышарттарын қалыптастыру, кедергілерін жою, жүйесін нақтылау. Бұл ретте ғылыммен айналысып жүргендердің тәжірибесі мен пайымы аса маңызды. PhD, қауымдастырылған профессор, 2024 жылғы үздік ғылыми қызметкер Аманжол Тұрлыбекұлының айтуынша, ғылымның дамуына кедергі болатын бірнеше негізгі мәселені жүйелі түрде шешпей, алға жылжу қиын. «Ғылымды дамыту үшін алдымен оның жолын бөгеп тұрған негізгі мәселелерді анықтап, түбірімен шешу қажет. Бүгінде ғылым саласында бірнеше өзекті түйткіл бар. Біріншіден, бюрократия – қаржының кеш түсуі, сатып алудағы қиындықтар, жобаларды бақылаудың әлсіздігі жұмыстың тиімділігін төмендетеді. Екіншіден, сапасыз менеджмент ғылыми үдерістерді дұрыс үйлестіре алмай отыр. Үшіншіден, шешім қабылдау тетіктері жабық әрі түсініксіз. Ең басты мәселе – елімізде ғылымның миссиясы терең ұғынылмай отыр. Ғылым тек есеп пен грант үшін емес, ел болашағы үшін қажет екенін түсіну керек», дейді ғалым.

Ғылым саласының айналасында қор­даланған әкімшілік кедергілер ғы­лым жо­­лындағы талай жаңашыл баста­маның алдын орап тұр. Мәселен, Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым ко­митетінің мәліметінше, 2025–2027 жыл­дарға арналған ғылыми және ғылыми-тех­никалық жобалар бойынша жас ға­лым­дарға арналған грант конкурсына 580 өтінім келіп түскен. Олардың 154-і құжаттама талаптарына сай емес деп танылған. «Бюрократия жалпы алғанда қажет нәрсе. Алайда шаш аламын деп, бас алатын кездер өте көп. Мысалы, ғылыми зерттеу гранттарын ресми тексеру кезінде, өтінімді қоя тұрып, қосалқы құжаттамада «Келісім» сөзінің орнына «Келісімшарт» («Соглашение» орнына «Договор») сөзі қолданылғаны үшін өтінімдер конкурстан шеттетіліп жатыр. Осындай жағдайлар сайыс деңгейін жоғарылатудың орнына әділ бәсекеге кедергі жасап, конкурс деңгейін төмендетеді. Былтыр 2024–2026 жылдарға арналған гранттар конкурсын­да, кей бағыттарда ресми тексеру мен сараптамадан өткен барлық өтінім қар­жыландырылды. Бұған себеп, ресми тексеруден ғылыми жаңашылдығы жоғары болса да, жобаның орындалуына әсер етпейтін түзетілуі оңай қателер үшін сайыстан шеттетіліп, ақыр аяғында қаржыландыру көлемі үміткерлер санынан асып кетті. Бұл ғылымның дамуына қолдан жасалған кедергі ғой», дейді Аманжол Тұрлыбекұлы.

Министрлік ұсынған мәліметке сү­йенсек, ғылыми гранттар конкурсында өті­німдердің қайтарылу себептері – өтінім құжаттарының дұрыс рәсімделмеуі және талаптарға сай болмауы. Атап айтқанда, жобада технологиялық дайындық дең­гейі (TRL) көрсетілмеген немесе оны дәлелдейтін құжаттар тіркелмеген. Кей өтінімдерде тақырып бұрынғы жобалармен немесе осы конкурстағы басқа өтінімдермен мазмұн жағынан қайталанып кеткен. Сондай-ақ ғылыми жетекшінің білімі мен жарияланымдары талапқа сәйкес болмаған жағдайлар кездескен. Қар­жылық құжаттар мен зерттеуші топ туралы мәліметтерде сәйкеспейтін тұстар болған. Бұдан бөлек, өтінімді түзетуге берілген уақыт ішінде кері жүктелмеген өтінімдер де көп. Осындай техникалық және мазмұн­дық қателіктер салдарынан бірқатар жоба қар­жыландыру мүмкіндігінен айырылған.

Ғылым және жоғары білім министрлігі мәліметінше, техникалық қателікке қара­мастан ғылыми мазмұны құнды жобалар­ға басымдық беріледі екен. Оларда қайта қарау мүмкіндігі бар. Сондай-ақ барлық келіп түскен өтінімге қатесін түзетуге 3 күн уақыт берілген.

Сонымен қатар отандық ғылымның дамуына кедергі болып отырған мәселенің бірі – ғылыми жобаларды қаржыландыру­дың баяу жүргізілуі. Ғалымдардың ай­туынша, елімізде ғылыми байқаулар­дың дер кезінде өтуі сирек дүние. 2025–2027 жыл­дарға грантпен қаржыландыру бағ­дар­ламаларының құжаттамаларында жоба­ның орындалу­ мерзімі 36 ай деп көр­се­тіл­генімен, іс жүзінде бұл мерзім сақ­тал­май­ды. Нәтижесі кешігіп шыққаннан кейін қар­жы­ландырудың іске қосылуына да тағы бір-екі ай кетеді. Сөйтіп, жобаның алғашқы жылы 12 ай емес, 6-8 айға қысқарып қа­ла­ды. Одан қалса, қаржылық жыл ­15 қара­шада аяқталатындықтан, кей­бір жобаларға небәрі 2 айдай уақыт беріледі. Екі айда зерттеу тұрмақ, құрал-сайман сатып алып үлгеру мүмкін емес.

 

Грант конкурсы ашық өткізілмейді

Ғылыми жобалар және бағдарламалар басқармасының бас сарапшысы Дос Әли­ұлы ғылыми жобаларды қаржы­лан­ды­руға өтінім беру барысы толықтай авто­маттандырылғанын және электрондық түрде жүргізілетінін атап өтті. Оның сө­зін­ше, жобаларды тіркеу, құжаттарды енгізу тек жоба жетекшісінің жеке кабинеті арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ қазіргі таңда өтінімдерді бағалау барысы адами фактордың ықпалынан барынша арылған. «Әрбір өтінімге сарапшылар жасанды интеллект арқылы автоматты түрде таңдалады, олар жобаның ғылыми бағыты мен кілт сөздеріне сәйкес анықталады. Сарапшылардың қойған ұпай­ларын өзгертуге болмайды, өйткені олар код арқылы шифрланады әрі сараптама орталығының мамандарына да көрінбейді. Жобалардан шектік ұпай жи­наған өтінімдер әрі қарай Ұлттық ғылыми кеңестің қарауына өтеді. ҰҒК-да шешімдер ұжымдық түрде қабылданады. Әр кеңес мүшесі жеке ұпайын қояды, сарапшылар бағаларымен бірігіп, орташа балл автоматты түрде есептеліп, жалпы тізім түзіледі. Бұл тізім бойынша қаржыландыру көлемі белгіленеді», дейді министрлік өкілі.

Сырттай қарағанда, ғылыми гранттарды үлестіру барысы ашық әрі жүйелі секілді көрінеді. Алайда іс жүзінде бұл жүйеге деген сенімсіздік ғылыми ортада жылдан-жылға күшейіп келеді. Тех­ника ғылымдарының докторы Сүндет Смаханұлы да гранттың әділ бөлінетініне күмәнмен қарайтынын айтады.

«Қазіргі таңда ғылымның тірегі – гранттық жүйе ғана болып тұр. Бүкіл ғы­лыми зерттеу, ізденіс, жаңалық ашу – осы бір ғана қаржыландыру тетігіне байлаулы болып қалған. Мемлекеттік деңгейде тұрақты жалақысы бар ғылыми кадрлар саны аз, ал жеке сектор ғылымға бет бұр­маған. Соның салдарынан еліміздегі ғы­лыми жұмыстың бәрі дерлік грантқа тәуелді. Алайда сол гранттың өзі санаулы. Жыл сайын 100 шақты ғана ғалымға бұ­йырады. Ал үміткерлер саны көп. Бұл жер­де әділетті іріктеу мен ашық бағалау жүйесі болуы шарт. Бірақ, өкінішке қарай, оның өзі күмәнді. Осындай жағдайда жас ғалым не істейді? Бір-екі рет өтінім беріп, әділетсіз жүйемен бетпе-бет келген соң, ғылымға деген қызығушылығы сөніп, тұрақты әрі бағаланатын салаға бет бұрады. Нәтижесінде, ғылымнан жаңа буын кетіп жатыр. Ғылым тек энтузиазммен жүрмейді. Оған тұрақты қолдау, сенімді орта, әділетті жүйе керек. Сондықтан бүгінгі ең басты мәселе – ғылымды грантқа байлап қою емес, оның ұзақмерзімді тұрақты қаржыландыру моделін жасау», дейді ол.

Ғалым Аманжол Тұрлыбекұлы да осы үдерістің ішкі қайшылығын алға тарта отырып, ғылыми жобаларға баға беру мен грант бөлу жүйесін қайта қарау қажет екенін жеткізді. «Бүгінгі күні ғылым гранттарын үлестірілу үдерісі айқын болып көрсетілсе де, шындығында олай емес. Ұлттық ғылыми кеңестердің гранттарды бөлуі ғылыми қоғамда жылда қатты сынға алынады. Оған қоса Ұлттық ғылыми кеңестер өзінің бастапқы миссия­сынан алыстап, қосалқы міндеттермен шектеліп қалған сияқты. Ұлттық ғылыми кеңестің жұмыс істеу қағидаты да түсініксіз. Мысалы, ғылыми кеңес бір бағыт бо­йынша 20 адамнан құралса, 20 адамның барлығының дауыс беру құқығы бар. Бірақ ғылыми жоба өтінімінің экспертизасын кеңестің 3 мүшесі жасаса, тек біреуінің ғана пікірі қарастырылып (дауыстап оқылады). Ал қалған 17 мүшесі сол оқылған пікірге қарап өз бағасын береді. Осы тұста үлкен әділетсіздік болуы мүмкін. Бастапқыда ғылыми жобаның өтінімі шетелден экспертизадан өтетіндіктен, Ұлттық ғылыми кеңес біздің экономика мен жағдайымызға байланысты ғылыми жобаларды іріктеп алушы орган ретінде ұйымдастырылған. Алайда экспертизаның қаржысы еселеп азай­тылған соң, сарапшылардың дені отан­дық ғалымдар болып жатыр. Осы орайда Ұлт­тық ғылыми кеңестердің гранттарды үлес­тірудегі миссиясы түсініксіз болып қалды. Оған қоса ұлттық ғылыми кеңестер мен сарапшылардың бағалары жиі полярлы болады. Менің өзім экспертизадан 100-ден 88 балл жинап, ұлттық кеңестен 100-ден 40 жинағаным бар. Ғылыми жұмысты ұйым­дастырудағы айқын еместіктің бұл тек бір мысалы. Осындай ғылым дамуын шектеп жатқан басқа да жайттар көп», дейді А.Тұрлыбекұлы.

Ал жауапты министрлік сарапшы­лар­дың бағасына немесе кеңес шешіміне келіс­пеген жағдайда апелляция рәсімі бар дейді.

 

Қуатты құралдардың жетіспеуі қолбайлау

Назарбаев университетінің PhD, ғылыми қызметкері Азамат Ешмұхаметтің айтуынша, қазіргі ғылым мен техно­ло­гия­ның дамуы есептеу қуатына, яғни суперкомпьютерлер мен жоғары өнімді графикалық карталарға тікелей тәуелді. «Қазір іргелі зерттеу жүргізу үшін жай зертхана немесе қарапайым компьютер жеткіліксіз. Миллиондаған итерацияны өңдеу үшін «NVIDIA» сынды алпауыт компаниялардың графикалық процессорлары қажет. Бізде еліміз бойынша мұндай талапқа сай төрт-ақ суперкомпьютер бар. Ал әлемнің дамыған елдерінде, мысалы, Қытайда бір ғана университет жылына жүздеген суперкомпьютер сатып алады. Біз болсақ, бүкіл ел болып, сол төрт құрылғыға қарап отырмыз», дейді ол.

Азамат Ешмұхаметтің айтуынша, бұл жағдай отандық ғылымның дамуын тежеп отыр. Себебі заманауи ғылым тек теориямен емес, нақты есептеумен алға жылжиды. Ал қарапайым компьютерлермен күрделі үдерістерді айлап-жылдап жүргізуге тура келеді. «Бізге суперкомпьютерлер ауадай қажет. Олар миллиондаған есептеуді он минутта аяқтай алады. Ал сіз дәл соны жеке компьютерде жасасаңыз, бір жыл уақытыңыз кетеді», дейді зерттеуші.

Маманның пікірінше, бұл жағдайға құралдардың қымбат болуы ғана емес, мемлекеттің ғылымға бөлетін инвестиция көлемінің мардымсыздығы да себеп.

Аманжол Тұрлыбекұлы қажетті құрал­дардың жетіспеуіне университет басшыларын жоғарыдан тағайындау жүйесі де әсер етеді дейді. Оның айтуынша, әрбір оқу ордасында толық жабдықталған зерттеу инс­титуттары жұмыс істеу қажет.

Қазіргі заңдылықтардан мүмкіндік іздеген университет ректорлары мен ғылыми ұйым жетекшілері ең алдымен, өз орнын сақтап қалуды ойлайды. Мұн­дай жағдайда олар мекеменің ғылыми әле­уетін арттыруға, зертхана жабдықтарын жа­ңартуға емес, есеп беру мен сырттай көрінетін фор­малистік шараларға ба­сым­дық береді. Осы себепті бүгінде көп­те­ген уни­верситет­те ғылымға аса қажетті құрал-жабдықтар жоқтың қасы. Мәселен, кейінгі 20 жылда еліміздегі ұлттық уни­верситет­тер қанша электрондық микроскоп немесе рентген дифрактометрін сатып алды екен? Менің білуімше, мұндай зама­науи құрал­дардың басым бөлігі мүлде жоқ немесе өте ескі. Ал онсыз сапалы зерттеу, ғылыми жаңалық ашу мүмкін емес», дейді ғалым.

 

Ғалымдар бизнесмен емес

Кейінгі жылдары ғылым саласында зерттеу нәтижелерінің табыс әкелуі мен экономикалық қайтарымы туралы талаптар күшейе бастағаны байқалады. Тіпті «Ғылым және технологиялық саясат туралы» жаңа заң қабылданды.

«2024 жылғы мәліметтерге сүйенсек, елімізде ғылымға жұмсалған ішкі шығын­дардың 82,7%-ы – іргелі және қолданбалы зерттеулерге тиесілі. Ал нақты өнім, техно­­логия немесе жүйе шығаруға бағыт­тал­ған тәжірибелік-конструкторлық әзір­лемелерге небәрі 7% ғана бөлінген. Бұл – ғылыми нәтижелерді нақты өмірге енгізу жағы ақсап жатқанын көрсетеді. Ғалым­дарымыз жасап жатқан ғылыми жоба­лар мен технологиялық әзірлемелер еліміз­дегі халықтың өмір сүру сапасын едәуір жақсарта алады. Бірақ ол үшін бұл жоба­ларды қолданысқа енгізіп, нарыққа шыға­руға жағдай жасау қажет. Қазір ғылым тек зерт­хана ішінде шектеліп қалмауға тиіс. Дайын өнімдер мен ғылыми нәтижелерді биз­­нес саласына шығару маңызды. Бұл, бір жа­ғы­­нан, ғылымның өз-өзін қаржылан­дыру мүм­кіндігін арттырады. Сондықтан тәжі­рибелік-конструкторлық жобаларды қолдау мен ғылыми жұмыстарды ком­мер­цияландыруға мән берілетін бола­ды», дейді Ғылым және жоғары білім министрлігі, Бюджеттік жоспарлау және қар­жы басқармасы басшысы Еркін Нұра­бай­ұлы.

Алайда Аманжол Тұрлыбекұлының пікірінше, ғылымның басты миссиясы – бірден табыс әкелу емес, ұзақмер­зім­ді білім мен технологиялық іргетас қалып­тастыру. «Мені ең көп уайымдата­тын мәселе – елімізде ғылымның мис­сия­сын дұрыс түсінбеуі. Бүгінде Қазақ­станның эко­номикалық дамуы ғылыми инно­ва­цияларға негізделу керек деген пікір бар. Ең алдымен, осы бір мис­ти­фи­кацияның басын ашып алайық. Біздің эко­номикалық өсім ғажайып техноло­гияны ойлап табуға негізделмеуі керек. Біздің ғылыми әлеует ондай өсім бере алмайды. Соған қарамастан, қазір министрлік ғалымдардан табыс алып келе­тін жобаларды талап етіп жатыр. Ға­лымдар – бизнесмен емес, бола алмайды да. Экономикалық өсім жерді бұрғылауды арттыру арқылы (5 млн тонна мұнай орнына 10 млн тонна мұнай өндіру), не болмаса технологиялар трансфері арқылы ғана іске асырыла алады. Мысалы, әлемде ешбір сиыр сүт өндіруден голштин сиырына жетпейді және оның өнімділігін арттыру үшін дамыған елдер (ЕО, АҚШ) ғылыми гранттар арқылы қаражатты миллиардтап құйып жатыр. Демек біздің елдегі сүт өнімділігін арт­тыру үшін әлемнің ғасырлар бойы оңтай­лан­дырылған голштин сиырын елімізге әкелсек болғаны. Яғни бізге осы озық тех­но­логиялармен жұмыс істей алатын, білік­тілігі жоғары мамандар қажет. Мәселен, жаңағы голш­тин сиырын елге әкелудің орнына, ұрығын әкеліп біздегі сиыр­ларды жасанды ұрықтандырып өзі­міз­дің май­ка сиырымыздан голштин бұ­зауын ала аламыз. Сондай-ақ оның жер­гілікті инфекцияларға бейімділігі жоғары бол­ған­дықтан, оның жерсінуі шетелден тірі­дей әкелінген ересек сиырға қарағанда жо­ғары. Ал осындай әдістермен жұмыс істей алатын маман ғылыми зерттеу жұ­мыс­­тары жүргізіліп жат­қан білім ордаларында ғана дайындалады. Яғни заманауи кадр­ларды даярлау үшін жоғары оқу орындарында міндетті түрде ғылыми зерт­теу жұмыстарының жүргізілуі шарт», дейді ол.

Ғылымды ілгерілетуде сыртқы инфра­құрылымнан бұрын, ішкі мазмұн мен жүйенің тиімділігі маңызды рөл атқарады. Зерттеуші Аманжол Тұрлыбекұлының айтуынша, ғылыми экожүйені шынайы дамыту үшін заманауи, икемді басқару үл­гілері мен ашықтыққа негізделген тәсіл­дер қажет. Осы ретте ғалым ғылымға тек кө­рінетін форма емес, нақты стратегия, озық кадр саясаты мен жүйелі қол­дау керегін алға тартады. «Қазіргі кезде орта­лық­танған жүйелерге қарағанда горизонталды жүйелер әлдеқайда тиімді екені дәлел­денген. Қабырғасы қисайған үйдің сыр­тын ақтағаннан пайда бар ма?», дейді ғалым.