Туризм • Бүгін, 08:45

Жетісуға жетелейтін жеті себеп

20 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Талдықорған – Лепсі – Балқаш» автожолының ашылуына орай ұйымдастырылған баспасөз туры барысында журналистер қауымы бірқатар оң өзгерістің куәсі болды. БАҚ өкілдері Балқаш туризмінің дамуына соны серпін беретін, жаңғырған күре жолмен алғашқылардың қатарында жүріп өтті.

Жетісуға жетелейтін жеті себеп

Алматыдан Талдықорған қаласына дейінгі ав­тожолдың жайы белгілі, одан әрі қарай Лепсіні басып өтетін Балқаш көліне дейінгі ойдым-ойдым 330 шақырымдық ескі жол демалуға аттанғандардың кемі 4-5 сағатын алып, дайындықсыз шыққан көліктердің дөңгелегін жарып, жергілікті халықты да діңкелетіп келген еді. Біз соңғы шақырымдары салынып жатқан тақтайдай тегіс жолды жайлы, заманауи автобуспен екі сағатта жүріп өттік. Журналист ретінде ғана емес, өзімізді турист ретінде де сезіндірген баспасөз туры Лепсі ауылына бұрылатын қиылыста, жаңа автожолдың тұсаукесерінен басталды.

Отандық туристік нысан­дардың басты ондығына кіре­тін Балқаш көлінің басқа жаға­лау­лардан айырмашылығы мен артықшылығы неде екенін өзіміз де біле бермейді екенбіз. Айталық, ұзын­дығы 605 шақырымдық, бірнеше облыспен шектесіп жатқан көлдің батыс жағы тұщы, шығыс бөлігі тұзды, ешқашан суы араласпайды. Ені 9 шақырымнан басталып, кей жерінде 74 шақы­рымға дейін барады. Екі жаға­лауындағы судың минералдық құрамында үлкен өзгешелік бар, тіпті қабыспайды, теңіз суындай ащы емес.

лепсі

Лепсі жағынан айналасы ша­қы­рымдарға созылған мақпал құм­­ға малынған Балқаштың басқа­лар­­дан басты артықшылығы – мұн­­да шомылу маусымы ерте, мау­­сым айынан басталып, қыр­­кү­йекке дейін жалғасады. Тағы бір айыр­машылығы, тіпті артық­шы­лығы – көлдің суы әудем жер­ге дейін өте тайыз, табаны жұм­сақ, суы тұнық болғандықтан, кіш­кентай балалармен шомылу қауіп­сіз. Қысқасы, қолдан жасап қой­ғандай қолайлы жағдай отбасы­мен демалатындарға таптырмайтын мекен.

Балқаштың ащы-тұщы бөлігі неге араласып кетпейді деген сауалды ғылыми тұрғыда былай түсіндіруге болады. Көлді ұзын Сары­есік түбегі бөліп жатыр. Ешқашан суы араласып көрмеген Балқаш туралы ертегіге бергісіз аңыз, әпсана көп. Соның бірі мынадай. Есте жоқ ерте замандарда осы өңірде Балқаш дейтін сиқыршы қызы Ілені бай- бағланның баласына ұзатуды көксеп жүргенде, сұлу Іле сіңірі шыққан кедей Қаратабанмен қашып кетеді. Ашу-ызаға булық­қан сиқыршы екеуін де дуалап, ешқашан суы қосылмайтын көлге айналдырып жіберген деседі.

Әлемде көлемі жағынан он үшінші орында тұрған Балқаш көлі жағалауларында бұрыннан келе жатқан, жекеменшікке тие­сілі 16 демалыс орны жұмыс істейді.

көл

Геологтер мен геомарфологтер дәйектегендей, Іле, Қаратал, Лепсі, Ақсу сынды ірі өзендер құятын Балқаш көлінің 35 мың жылдық тарихы бар. Жылдың төрт мезгілінде айналасынан адам арылмайтын көлді қыста балық аулаушылар жетімсіретпейді. Ең бастысы, Жетісу облысының бас­шылығы алты жағалауды жекеменшікке де, инвесторға да бер­мейтінін, халықтың ортақ игілігі үшін ұс­тайтынын айтып отыр. Бос жа­ғалауларға туристер өз бетін­ше барып, шатырын тігіп, қалағанынша демалып қайта алады.

Бұған дейін Жетісу халқына жоқшылық көрсетпеген Балқаш көлі неге үлкен табыс көзіне айналып, туризмі ілгерілей қоймады десек, жоғарыда атап өткендей, басты кедергі жолдың нашарлығы еді. Енді бұл түйін толығымен тар­қатылды деуге болады. Екінші үлкен кедергі – осы уақытқа дейін көл айналасына, жағалауға ин­женерлік-коммуникациялық же­лілердің, жарық пен судың жет­кілікті тартылмауы. Бір сөзбен айтқанда, Балқаштың суы жақсы болғанымен, қызмет көрсету жағы нашар, тіпті сын көтермейді.

Бұл күндері Балқаш көлі­не көлікпен баратын жол екі учас­кеге бөлініп, жаңғырту жұ­мысы жүргізіліп жатыр. Нақ­ты­лай түссек, ұзындығы 27 шақы­рым «Лепсі – Балқаш көлі» жолы өткен жылы пайдалануға берілсе, «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолының 35–110 шақырымы бұған дейін жоспарланғанындай, асфальт­тың төменгі жабынымен көлік қозғалысы үшін енді ғана ашылды. Жол бойында бірнеше жерде санитарлық торап пен аялдама қарастырылған. Оған қоса, жыл соңына дейін Лепсі ауылында заманауи жаңа темір жол вокзалын салу жоспарланып жатқан жайы бар.

«Қазір 40 шақырым жолда асфальттың беткі қабатын төсеу қалды. Одан кейін абаттандырылады. Жол бойында 4 демалыс алаңы орнатылған, онда аял­дама, санитарлық торап қа­рас­тырылған. Жол құрылысын жүргізген мердігер мекеме жол сапасына бес жылға дейін кепілдік береді. Қандай да бір ескертпелер, кемшіліктер шығып жатса, өз күшімен ретке келтіреді. Қазір жол құрылысына 65 техника, жүзден астам адам тартылған. Жолды толық пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған», дейді Жетісу облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.

«Бүгінде су құбыры салынып бітті. Қазір бастоғанда су тазарту жұмысы жүріп жатыр. Осы демалыс маусымында су беруді жоспарлап отырмыз. Сол сияқты электр бағандары қойылып, қуа­ты 110/35/10 кВт 1 қосалқы станса орнатылды. Электр қуатын берудің екінші кезеңінде әрқайсысының қуаты 10/0,4 кВт болатын 28 транс­форматорлық қосалқы станса қойы­лады. Оған қоса жағалау бо­йында ұзындығы 9,3 шақырым болатын автокөлік жолын салу­дың жер дайындау жұмысы жүр­гізіліп жатыр. Жалпы, Балқаш жағалауына инженерлік инфра­құрылым тарту жұмысы 2024 жылы басталған, 2026 жылы бітуге тиіс еді. Жұмыс кестесінен озып келе жатырмыз, мерзімінен бұрын бітіреміз деген ойдамыз», дейді Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы басқармасының басшысы Айдос Бекетаев.

Оның айтуынша, кәріз құ­бырлары төселген, кәріз тазарту құрылғысына тапсырыс бері­ліп, зауытта дайындалып жатыр. Жағалауда демалыс орында­ры құрылысының бей-берекет жүр­гізілуінің алдын алу үшін «Бал­қаш» туристік-рекреациялық демалыс аймағының егжей-тег­­жей жоспарлау жобасы әзір­лен­ген. Әзірге әсем сурет күйінде, инвес­торларын күтіп тұрған жобалар туралы облыстық сәу­лет және қала құрылысы басқар­ма­сының басшысы Дәркен Нұр­жанов баяндап берді. Демалыс аймағының алаңы 1682,0 га болады. Барлық демалыс базаларының жобалық кезеңдегі бір реттік ең үлкен сыйымдылығы – 23 мың орын, нөмірлердің болжамды саны – 7100 бірлік. Нөмір қорының санын есепке ала отырып, көлікке арналған 7200 орындық тегін тұрақ жасақталады.

Қоғамдық жағажайлардың жайы туралы Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Маманбаев: «Инженерлік инфрақұрылымы жүр­гізілген аймаққа бизнес өкілдері тартылып, демалыс орын­дары бәсекелестік ортада дами­ды. Бұл ретте ең алдымен халық­қа ортақ қолданыстағы, тегін 6 қоғамдық жағажай жасалады. Мұнда медицина, полиция бекет­тері, құтқарушылық қызмет, ана мен бала бөлмесі сияқты барлық қажеттіліктер қарастырылады. Қоғамдық жағажайды күтіп ұстау аудан әкімдігінің міндетіне кіреді. Жағажай қызметіне жауапты коммуналдық мекеме құру, техникалар сатып алу жұмыстарына кірісіп жатырмыз», деді.

Қазір кезде көл жағалауында шамамен 52 мыңдай адам демалса, жағалау қажетті инфра­құ­рылыммен қамтылып, даму жос­пары іске асырылғаннан кейін мұнда маусымына 450 мыңнан астам турист келеді деген жақсы болжам бар. Осы уақытқа дейін демалыс орындары мен мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету ме­ке­мелеріндегі қызметшілер саны туристердің болжамды саны­ның шамамен 20%-ын құраса, шомылу маусымында жұмыспен қам­тылғандардың саны 4,5 мың адамға жетпек.

Тегінде «Жер жәннаты – Жетісу» деген сөз бекерге айтылмаған. Жар­­тасты тауларынан бастап, жан­ға шипа емдік көлдер, құла дүз шөл­дер мен мәңгілік мұздықтар да осы өлкеде. Жоңғар Алатауы­нан құлаған өзендерден нәр ал­ған Жетісу өңіріне баруға болатын жеті түрлі себеп бар: «Қаратал», «Те­келі», «Керімағаш», «Жаркент-Арасан» жанға дәру шипажайларымен қоса, мұнда әркімге бір көру арман болған Айғайқұм, Жа­­сылкөл, Бұрхан бұлақ пен «Ке­мел» сарқырамалары, Алтын емел көз тартады.

Тағылымды сапар туризмді насихаттап жүрген БАҚ өкілдері мен блогерлерді ғана емес, туристік ком­­паниялардың өкілдерін де то­ғыстырып, түрлі тәуекелге барудан шаршамайтын «Аквафон» то­бының «Балқашқа жүр, Қар­лы­ғаш!» клипінің түсірілуімен аяқ­талды.