
Президенттік жастар кадр резерві – дарынды, бастамашыл және кәсіби білікті жастарды мемлекеттік басқару жүйесіне тартуға бағытталған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен іске асқан стратегиялық жоба бүгінде еліміздің басқару жүйесін жаңғыртуда тың серпін беріп келеді.
Бұған дейін бұл бастамаға 2019, 2021 және 2023 жылдары жалпы 60 мыңнан аса жас қызығушылық танытты. Іріктеулер қорытындысы бойынша резервке 400 адам қабылданды. Қазір олардың 318-і жауапты қызметтерге тағайындалды. Атап айтқанда, 167-і – орталық мемлекеттік органдарда, 37-і – жергілікті атқарушы органдарда, 62-і – ұлттық компанияларда, 52-і өзге ұйымдарда қызмет атқарады. Сондай-ақ 39 резервші саяси лауазымдарда, үшеуі – «А» корпусының лауазымдарында, екеуі – Мәжіліс депутаты, біреуі мәслихат депутаты болып ел дамуына өз үлестерін қосып жүр.
Д.Жазықбайдың айтуынша, биылғы іріктеудің басты ерекшелігі – әр бағыт бойынша кандидаттардың біркелкі санын қамтамасыз ету мақсатында әр кезеңде пропорционалды іріктеу өткізу. Яғни резервтің әр салалық бағыты бойынша квоталар қарастырылып, іріктеу сол салалық бағыт бойынша ғана жүргізіледі. Бұл әдіс салалар арасындағы теңгерімді қамтамасыз етіп, нақты бағыттар бойынша үміткерлер іріктеледі.
– Биыл ақпан айында өткен «Жаңа адамдар» жастар форумында Мемлекет басшысы «Президенттік жастар кадр резерві сұранысқа ие жобаға айналды. Келешекте мемлекетті басқарушылардың негізгі легі осы жас мамандардан қалыптасады» деген еді. Алдағы уақытта да ПЖКР маңызы арта береді. Енді біз кезекті төртінші іріктеуді өткізуді жоспарлап отырмыз. Іріктеу Президент Жарлығымен бекітілген ережелерге сәйкес 6 кезеңнен тұрады және маусым-қазан айларында өткізіледі. Кандидаттарға қойылатын жалпы талаптар бұған дейін өткізілген іріктеудің талаптары сияқты, яғни кандидаттардың жасы 35-тен аспауы, жоғары білімінің, бес жылдан кем емес еңбек өтілінің және қазақ тілін меңгеруі В1 деңгейінен төмен емес болуы туралы талаптар сақталады, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы.
Іріктеу мемлекеттік аппараттың салалық кадрларға қажеттілігін ескере отырып, инфрақұрылым, өнеркәсіп және сауда саясаты, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған орта, сыртқы саясат және инвестициялар, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам сынды 6 негізгі сала бойынша жүргізіледі. Кандидат тіркелу кезінде көрсетілген салалық бағыттардың бірін таңдауы қажет.
Құжаттарды қабылдау 1-30 маусым аралығында pkrezerv.gov.kz ресми платформасында онлайн режімде жүзеге асырылады. Іріктеудің объективтілігін қамтамасыз ету үшін кандидаттардың деректері жеке нөмір беру арқылы жасырылады. Бағалаушылар үшін үміткердің кім екені беймәлім болады.
Мәтіндік және сандық ақпаратпен жұмыс істеу қабілетін бағалау тестілеу прокторинг жүйесімен, аудио және бейнефиксациямен өтеді. Талаптарға сәйкес келетін барлық кандидаттың мәтіндік ақпаратпен жұмыс істеу қабілеті бағаланады. Бұл ретте сандық тестілеуге әр салалық бағыт бойынша ең көп балл жинаған кандидаттардың 50%-ы жіберіледі.
Ситуациялық тапсырмаларды шешу кезеңі – кандидаттардың таңдаған салалық бағыттарына байланысты нақты проблемаларды шешу бойынша ұсыныстарын бағалауды көздейді. Бұл кезең онлайн-режімде эссе жазу форматында өтеді.
Ассессмент-орталығы мен құзыреттер бойынша сұхбат офлайн форматта, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында ұйымдастырылады. Мұнда үміткерлер мінез-құлық индикаторлары және кәсіби құзыреттер бойынша топтық және жеке тапсырмалардан өтеді. Онлайн форматтағы жеке сұхбат кәсіби HR-менеджерлермен өткізіледі.
– Сарапшылық комиссиямен әңгімелесу арнайы комиссиямен сұхбаттасу түрінде жүзеге асырылады. Оның қорытындысы бойынша 100-ден аспайтын кандидаттар тізімі Ұлттық комиссия отырысына ұсынылады. Нәтижесінде, үздік 50 кандидат Президенттік жастар кадр резервіне қабылданады. Іріктеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз ету мақсатында кандидаттарды бағалау нәтижелері олардың жеке кабинетінде және кезең қорытындысы бойынша ақпарат ресми сайтта жарияланады. Ел мүддесіне қызмет етемін деген белсенді жас азаматтарды Президенттік жастар кадр резервіне қатысуға шақырамын. Білімді, еңбекқор, отанға қызмет етуді парыз санайтын жастар – еліміздің тұрақты дамуының басты қозғаушы күші. Жастардың білімін, әлеуеті мен күш-жігерін ел игілігі үшін тиімді пайдалану, қоғамдық мүдделерге негізделген кәсіби мемлекеттік қызметшілердің жаңа буынын қалыптастыру – агенттік жұмысының басты бағыттарының бірі, – деп түйіндеді Д.Жазықбай.