
Суреттерді түсірген – автор
Жұртшылық пікірімен санасқан «Алтыналмас»
Майқайың кентіндегі кеніштің дәл түбінде, санитарлық-қорғаныс аймағында орналасқан 76 үйдің мәселесі былтырдан бері сөзбұйдаға салынып келгені мәлім. Тұрғындардың қуанышына орай, «Майқайыңалтын» АҚ-ның 100 пайыз акцияларын сатып алған «Алтыналмас» АК кенттегі әлеуметтік, инфрақұрылымдық мәселелерді қарастыруға бірден кірісіп кетті. «Шанхай» шағын ауданы тұрғындарының базынасын естіп білген акционерлік қоғам басшылығы 24 сәуір күні аталған аумақ тұрғындарымен кездесу өткізді. Жұртшылықпен жүздесуге жақында ғана «Майқайыңалтын» АҚ бас директоры болып тағайындалған Даниал Нәбиев, «Алтыналмас» компаниясының іс басқару директоры Гүлнұр Халетова, қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Нұрбике Рахимова, қоғаммен қарым-қатынас жүргізу маманы Темірлан Мәдиев, Баянауыл ауданының әкімі Ардақ Кісентаев пен кент басшысы Ербатыр Молдатаев қатысты.
Кездесуде толғағы жетіп тұрған «Шанхай» шағын ауданының мәселесіне қатысты көпшіліктің ұсыныстары мен пікірлері тыңдалды.
– Біздің мақсатымыз – кәсіпорынды дамыта отырып, кент тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру. Бүгінгі кездесуіміздің мәні де осында. Ең әуелі сіздерді нендей мәселелер толғандыратынын білгіміз келеді. Ұсыныс-тілектеріңіздің нәтижесін жинақтап, кейін оларды мұқият талдап, ең нақты әрі дұрыс шешімдерді жария етеміз. Ескі баспаналардың тұрғындарына өзге жерден үйлер салып береміз бе, әлде оларды сатып алып, тиісті деңгейде құнын өтеп береміз бе, соны сіздермен бірлесіп ақылдасуымыз керек. Мен сіздердің пікірлеріңіз бен мәселелеріңізді жақынырақ білсем деймін. Бұл бар мәселелерді шешу үшін аса маңызды, – деді Даниал Нәбиев.
Кәсіпорын басшылығының халыққа жанашырлық ниеттерін байқаған кент тұрғындары шешіліп сөйледі. Олардың сөзінше, «Шанхайдағы» үйлердің дені сонау 50-60-жылдары саман кірпіштен тұрғызылған. Кеніштің жерастында кен жару жұмыстары көптеген жыл бойы үзбей жүргізіліп келеді. Жарылыс салдарынан үйлердің сылағы түсіп, іргетасы, қабырғалары жарылып жатыр.
– Алтын кәсіпорнының гүлденуіне ата-аналарымыз бар өмірлерін арнады. Қартайған шақта дұрыс баспанаға қол жеткізіп, бейнетінің зейнетін көргісі келеді. Өкінішке қарай, ол бақыт біздің аға буынға әзірге бұйырмай тұр. Қауіпті аймақта тұрып жатқан тұрғындардың көбінің барар жері, басар тауы жоқ, – деп мұңын шақты жергілікті тұрғын Асқар Айтмағамбетов.
Тәжік-ауған соғысының ардагері Төлеген Ботаев – көпбалалы отбасының отағасы. Егер кәсіпорын оның баспанасын сатып аламыз десе, ол тұрғын үшін тиімді емес. Себебі үйі өте ескі. «Сондықтан менің тілегім – үй салып беріңіздер», деген нақты ұсынысын жеткізді ол.
Оның сөзін Атшабар Алтыбай да қостады. Ақсақалдың үйіндегі екі бөлменің ішінде ағаш тіреулер тұр. Жаңадан баспана салып берсе, қазір көшуге дайын екенін білдірді.
Енді бір тұрғындар өз үйлерін қымбат материалдар қолданып, зәулім етіп қайта салып алғандықтан, аймақтан қозғалмайтынын жеткізді. Себебі мүлікті бағалаушылар олардың үйлеріне өздері қалаған бағаны ұсынбауы мүмкін.
Майқайыңдық әжей Кәжен Сынғадолла былтырдан бері көпқабатты үйдегі пәтерге көшіп кеткенін айтады. «Шанхайда» ескі жер үйі қалып отыр. Ескі үйін бағалап, қолына қаражат берсе, соған қанағат қылмақшы.
«Алтыналмас АК» АҚ өкілдері санитарлық-қорғау аймағында орналасқан үйлер иелерінің әрқайсысымен жеке-жеке сөйлесілетінін жеткізді. Бұл жерде үйдің жағдайы ғана есепке алынбайды, көлемі, жер телімі, ауласы, бәрі-бәрі бағалау өлшемдерінде көрсетіледі.
– Бұған дейін Ақмола облысындағы Ақсу кентінде орналасқан біздің компанияға тиесілі кәсіпорын айналасында осындай мәселе туындаған. Тұрғындармен келісім бойынша, тәуелсіз бағалау компаниясының көмегімен 2020 жылдан бастап қауіпті аймақта орналасқан 202 үйді бағалап, сатып алдық. 2025 жылдың басынан бері 42 үй сатып алынды. Бізге әр үй иесінің шешімі маңызды. Егер ақшалай төлемге келіссе, екі күннің ішінде барлық ресімдерді жүргізіп, есепшотына қаражатты аударып береміз, – деп атап өтті.
Осылайша, қазіргі уақытта «шанхайлық» үй иелерінің пікірі үшке жарылып тұр. «Алтыналмас АК» АҚ басшылығы тек «Шанхай» ғана емес, тұтас кенттің әлеуметтік-инфрақұрылымдық жағдайын дамытуға ынталы екенін білдіріп отыр. Бұл үшін компания облыс әкімдігімен әлеуметтік жауапкершілік бойынша арнайы меморандумға отыруды ойға алған.
Өндірістік көрсеткіштер кемімейді, тек үдей түседі
Бас директор Даниал Нәбиевтің айтуынша, акционерлік қоғам жылдар бойы үйіліп қалған техногенді минералды түзілімдерді (ТМТ) өңдеу мақсатында жаңа фабрика салуды ұйғарып қойған. Ол ашылғанда, ТМТ өңдеу кезеңінде өндірістік көрсеткіштер ұлғайып, Майқайың халқы үшін жаңа жұмыс орындары құрылады. Қазір кәсіпорында 1000-нан аса адам еңбек етсе, оның 380-і кеніште қызмет жасайды. Бұған қоса келешегі бар деп саналатын тағы 6 алаң анықталған. Олардың бірі – Алпыс кен орны, онда геологиялық барлау жұмыстары жүргізілетін болады.
– Біз үшін негізгі басымдық – еңбек қауіпсіздігін арттыру. Жеке қорғаныс құралдарын, арнайы киімдерді жаңартуды бастадық. Өткен жылдан бері бетон толтыру кешені іске қосылды. Маусым айында әр қызметкердің орналасқан жерін қадағалайтын шахта жұмыскерлерін позициялау жүйесі іске қосылады. Екінші маңызды мәселе – еңбек жағдайын жақсарту. Киім ауыстыру, жуыну бөлмелерін жаңарту, тамақтану сапасын арттыру, тағы басқа жайттар назарға алынды. Үшіншіден, өндірістік жоспарды орындау. Қызметкерлеріміздің еңбекақысы, бюджетке төленетін салық, кентке әлеуметтік қолдау – өндірісіміздің үнемі тоқтамай жүріп тұруына тәуелді, – дейді ол.
Павлодар облысы,
Баянауыл ауданы,
Майқайың кенті