
Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
6 мың шақырым арна қайта жаңғыртылады
Алдымен жиынға қатысушылар Мәжіліс ғимаратындағы тақырыптық көрмеге қатысты. Онда депутаттар назарына су және балық шаруашылығы, суды үнемдеу, климатқа төзімді су ресурстарын дамыту, ирригациялық арналардағы суды есепке алу және басқа да бағыттардағы инновациялық жобалар ұсынылды.
Одан кейін Үкімет сағаты басталып, басқосуға Мәжіліс спикерінің орынбасары Альберт Рау төрағалық етті. Аталған мәселе төңірегінде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов баяндама жасады. Оның сөзінше, саланы реформалау ең алдымен, негізгі стратегиялық және нормативтік құжаттардың құқықтық негізін қалыптастырудан басталған. Осы бағытта атқарылған маңызды қадамның бірі – биыл Президент қол қойып, қабылданған жаңа Су кодексі.
– Су кодексімен қатар, су саласындағы стратегиялық жоспарлау құжаттарының қатарына бірнеше маңызды құжат енгізілді. Атап айтқанда, «Су ресурстарын басқару жүйесін 2030 жылға дейін дамыту тұжырымдамасы», «2028 жылға дейін су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары» және «2026 жылға дейінгі суды үнемдеу жөніндегі жол картасы» су шаруашылығы саласындағы басымдықтарды айқындайтын негізгі стратегиялық құжаттар мәртебесіне ие, – деді Н.Нұржігітов.
Демек ендігі міндет – қабылданған барлық іс-шараны сапалы әрі толық көлемде жүзеге асыру. Баяндамашының сөзіне сенсек, тек Су шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында шамамен 160 нақты іс-шара көзделген. Ал нақты биыл жалпы сомасы 184 млрд теңгені құрайтын 138 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
Аталған жобалардың 31-і еліміздің 9 облысында – Ақмола, Атырау, Алматы, Қызылорда, Түркістан, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында сумен жабдықтау нысандарын салу және қайта жаңарту бағыттарына арналған. Бұл жобалар нәтижесінде шамамен 1,3 млн адамды құрайтын 468 елді мекен таза ауызсумен қамтылады.
– Биыл бюджет қаражаты мен халықаралық қаржы ұйымдарының (Бүкіләлемдік, Ислам және Еуропалық банктер) қаражаты есебінен 6 мыңнан астам шақырым су арнасы қайта жаңғыртылады. Оған қоса, маңызды гидротехникалық құрылыс нысандарында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мәселен, сыйымдылығы 245 млн текше метр болатын Ақтөбе суқоймасы, 120 мың гектар аспалы алаңы бар Қызылорда су торабы, Шымкент қаласындағы Тоғыс суқоймасы жаңғыртылып пайдалануға берілді. 6 өңірде – Ақмола, Алматы, Қызылорда, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау және Ұлытау облыстарында 200 мыңға жуық тұрғыны бар 49 елді мекенді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге арналған 8 су нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, – дей келе министр әрі қарай қаржы институттарынан тартылатын қомақты қаражат қай бағытта игерілетінін түсіндірді.
– Қазіргі таңда Ислам даму банкінің директорлар кеңесі жалпы құны 2,7 млрд долларын құрайтын несие мен грант бөлу туралы шешім қабылдады. Жоба екі кезеңмен іске асырылады. I кезең (2025–2027 жж.) бойынша келісім сомасы – 1,153 млрд долларын құрайды. II кезең (2027–2029 жж.) аясында 1,6 млрд АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту көзделген. Несие қаражаты есебінен 2025 жылы еліміздің өңірлерінде төрт суқоймасының құрылысы басталады, – деді ол.
Ал Мемлекет басшысының суармалы су қызметтеріне тарифтік саясатты жетілдіру жөніндегі тапсырмасына сәйкес, Су ресурстары министрлігіне Ұлттық экономика министрлігінен суармалы суға тарифтік реттеуіш функциялары берілген. Осы мақсатта Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе «аз тұтынсаң – соғұрлым аз төлейсің» қағидатына негізделген ауызсуға сараланған тарифтер жүйесі енгізілген. Нәтижесінде, ай сайын орта есеппен 1,6 млн текше метр су үнемделіп отыр.
«Бюджеттің 5 млрд теңгесі құмға сіңіп жатыр»
Су ресурстары және ирригация министрінің көлемді баяндамасынан соң, жиын сұрақ-жауапқа көшті. Қызу талқылау барысында депутат Ерлан Сайыров «Қазсушар» мекемесінің менеджментін сынады. Оның айтуынша, жылына су ресурстарының 40%-ы заңсыз беріледі.
– Өңірлерге барған кезде осы мекеменің азаматтары жергілікті халыққа суды заңсыз береді деген ақпарат бар. Осы мәселені қашан жоясыздар? Жылына су ресурстарының 40 пайызы заңсыз кетеді екен. Бұл қалай? Ірі жобаларды іске асырмас бұрын бар суды шаруашылыққа үнемді пайдалану мәселесін көтеруіміз керек. Сіздер әлі күнге дейін бар суды үнемдеу тетігін реттеген жоқсыздар. Оған қоса, сіздің есебіңізде еліміздегі су мәселесінің жағдайы өте жақсы. Бірақ өмірде олай емес қой. Қай аймақта болса да, су жетіспеушілігі бар. Бір-ақ мысал келтірейін. Батыс Қазақстан облысындағы Қазталов ауданы суды Ресейден алып отыр. «Қазсушар» жылына 5 млрд теңге беріп, көрші елден су алады. Бірақ сол су келеді де, Жалпақталдан өтіп, әрі қарай құмға сіңіп кетеді. Сонда біз жылына бюджеттің 5 млрд теңгесін құмға сіңгізіп отырмыз. Жалпақталда суқоймасын салу жобасы осыдан он жыл бұрын басталған, әлі аяқталған жоқ. Міне, осы мәселені сіздер қашан шешесіздер? – деді Е.Сайыров.
Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов судың заңсыз саудасы толық жойылмай тұрғанын мойындап, оның жолын кесетін бірқатар шараны қолға алғанын айтты.
– «Қазсушар» мекемесімен қазір келісімшарттарды жасауды электронды форматқа көшіріп жатырмыз. Себебі электронды түрге көшірсек, қадағалау мәселесі реттеледі. Одан бөлек өзіміздің ақпараттық талдау орталығы арқылы шаруа қожалық суды келісімшартқа сай алды немесе көп алды, кассаға қанша ақша түсті немесе түскен жоқ деген мәселені ғарыштан мониторинг жасау арқылы енгізейін деп жатырмыз. Ол жалпы 100 пайыз проблеманы шешпейтін шығар. Бірақ бізге үлкен құрал ретінде жәрдем көрсетеді. Бұған қоса Су кодексі күшіне енгенде бұрын инспекциялар атқарып келген жұмыстар арнайы комитетке беріліп, бұл да қадағалауды бір жүйеге түсіреді.
Ресеймен біз жыл сайын суды беру үшін келісімшартқа отырамыз, қаражат бөлеміз. Себебі оны шешудің басқа жолы жоқ. Келешекте екі суқоймасын саламыз, олардың сыйымдылығы – 50-60 млн текше метр. Ал біз жылына сол жерге Ресейден 350 млн текше метр аламыз. Сондықтан бұл әрі қарай жалғасын табады деп айтуға болады. Су жерге кеткенімен, ол сол өзіміздің Батыс Қазақстан жеріне кетіп жатыр. Ол бәрібір өзінің жалпы экологиялық әсерін береді, – деді министр.
Жайық өзеніне айрықша мәртебе беріле ме?
Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов Жайық өзеніне ерекше мемлекеттік мәртебе қашан берілетінін сұрады. Су ресурстары және ирригация вице-министрі Нұрлан Алдамжаровтың сөзінше, бұл мәселе әлі де ғылыми тұрғыда негізделіп үлгермей жатыр. Ол Жайықтың суын Ресеймен бірлесіп пайдалану келісімдерінің жай-күйін баяндады.
– 2023 жылдан бері трансшекаралық өзендердің мәселесіне арналған 80-нен астам кездесу өткізсек, соның 22-сі Ресей тарабымен жүрді. 2016 жылы сол кездегі Экология және табиғи ресурстар министрлігі ресейлік әріптестерімен арнайы келісімшартқа қол қойған. 2019 және 2024 жылдары осы келісімшарттың мерзімін ұзарту бойынша келісімдер жасалды. Бірақ 18 тармақтан тұратын келісімшарттағы мәселенің бәрі экологияға ғана байланысты болған. 2024 жылғы желтоқсанда осы келісімшартты тағы 5 жылға ұзарттық. Су көлеміне келсек, 2019 жылы Жайық өзенінен ең төмен көлемде су берілген. Жалпы, келісім бойынша жыл сайын ең кем дегенде 7,8 млрд текше метр су алуымыз керек. Ал 2019 жылы 3,5 млрд текше метр ғана су алдық. Сондықтан мемлекет басшылары тапсырма беріп, арнайы жол картасы әзірленген. Жол картасының аясында Жайықтың бойындағы суқоймалары мен бөгеттерін түгендеу керек. Ол жол картасының да мерзімі ұзартылды, – деді ол.
Үкімет сағатында депутат Ұласбек Сәдібеков Түркістан облысының бірнеше ауданы қуаңшылықтан зардап шегіп жатқанын мәлімдеді. Халық қалаулысы Бәйдібек, Созақ аудандарында шөп шықпай, жайылымдардың қурап кетуі су көздерінің тартылуы күнделікті тұрмысқа тікелей әсер етіп отырғанын айтты.
– Малға азық табу мұңға айналғанда халық күнде тасаттық беріп, тәңірге жалбарынып отыр. Кеше ғана Бәйдібек ауданындағы егіннің басында болдым. Енді жаңбырдан күдерін үзіп, еккен егініміз комбайн орағына ілінсе екен деп құдайдан тілеп отыр. Су үнемдеу жолдары неге халық арасында кеңінен қолданылмай жатыр? – деп сұрады депутат.
Жауаптылар былтыр су үнемдеу жүйесін енгізген шаруаларға төленетін субсидия көлемін көтергендерін, мемлекет ереже мен заңдар негізінде су үнемдейтін технологияларды енгізуге барлық мүмкіндікті жасап отырғанын жеткізді.
Осылайша, үш сағатқа созылған жиын қорытындысында Су ресурстары және ирригация министрлігіне жаңа Су кодексінің суды үнемдеу, қайталама және айналымдағы сумен жабдықтауға көшу, баламалы су көздерін пайдалануға қатысты негізгі ережелерін жария ету бойынша ауқымды ақпараттық науқан ұйымдастыру ұсынылды. Сонымен қатар Үкіметке су шаруашылығы саласындағы инвестициялық жобаларды жоспарлау және іске асыру кезінде тиісті бақылауды қамтамасыз ету, трансшекаралық су ресурстарын және мемлекетаралық каналдарды ұтымды пайдалану мәселелері бойынша шекаралас мемлекеттермен сындарлы су саясатын қалыптастыру қажет екені айтылды.