Өндіріс • Кеше

Екібастұзда теміржол кластері қалыптасып келеді

70 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Теміржол саласына қажет бұ­йым­дар шығаратын «Railways Systems KZ» холдингінің аумағында элек­тр­металлургиялық зауыт­тың капсуласы салынды. Кәсіп­орын ке­лешекте жылына 1 млн тон­на­ға дейін сапалы болат өндірмек.

Екібастұзда теміржол кластері қалыптасып келеді

Суретті RWS KZ компаниясы ұсынды

Екі зауыт салынады

Компанияға қарасты бірнеше зауыт бар. Олар теміржол вагонының дөңгелек жұптары мен біліктерін, бағыттамалық бұрма, айқастырғыш, жөндеу жиынтығын, рельсті бекіткіш пен басқа көптеген бұйым өндіреді.

Жақын жылдары холдинг екі бірдей металлургиялық зауыт салмақ. Алғашқысы – бағыттама бұрмасы, платформа мен ашық вагондар үшін көміртекті және жоғары марганецті болат құймаларын шығаратын құю цехының құрылысы. Жылына 20 мың тонна құйма шығаратын өндіріс орны келер жылдың қыркүйек айында ашылуға тиіс.

Екінші ауқымды жоба – құрылысы 3 жылға созылатын электрметаллургиялық зауыт. Жылына 1 млн тонна болат құйма әзірлейтін болашақ зауыттың капсуласын салу рәсіміне Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, «RWS KZ» компаниясының басқарма төрағасы Сергей Павлингер қатысты. Министрдің сөзінше, инвестиция көлемі шамамен 500 млрд теңгені құрайтын жобаны іске қосу нәтижесінде болат өндірісі жолға қойылып, мыңдаған жұмыс орны ашылады.

 

Импортқа тәуелділік төмендейді

«Отандық теміржол саласы үшін қажетті бөлшек пен бұйым­дарды бұған дейін шетелден сатып алып келдік. «RWS KZ» холдингінің жаңа өнімдері импортқа тәуелділіктен құтқа­рып, жергілікті нарықты сапалы бұйымдармен қамтамасыз етпек. Зауыттар мұнымен тоқтап қалмауы керек, өндірістік технологияларды одан әрі арттырып, саланы дамытуды жалғастыра беруі керек. Үкімет тарапынан мұндай пайдалы әрі тиімді жобаларға қолдау үнемі болады», деді министр.

Электрметаллургиялық зауыт холдингтің барлық кәсіпорынын металл өнімдерімен қамтамасыз ете алады және отандық тұтас таптамалы дөңгелектер мен теміржол рельстерін өндіру­шілердің қажеттілігін қанағат­тан­дырады. Бұдан бөлек, жо­ғары технологиялық метал­лургиялық өнімнің 40%-ы ТМД және Еуроодақ елдеріне экс­порт­талмақ. Кәсіпорында қазіргі заманғы технологиялар пайдаланылады. Нәтижесінде, компания балқыту, тазарту және қоспалау үдерісін әлемдік көр­сет­кіштермен салыстырғанда 20%-ға дейін, ал еліміздегі өзге өндірістермен салыстырғанда 50%-ға дейін жеделдетуді жоспарлап отыр. Әрі энергия ресурстарын тұтынуды кем дегенде 50%-ға төмендете алады. Қосымша илемдеу жылдамдығын 30%-ға дейін арттыру үшін илемдеу өндірісінде инновацияларды, сондай-ақ аралас өндірісті енгізу ойластырылған.

о

Бұл күні ұсталық-бандаждау кешенінің алғашқы кезегі де іске қосылды. Ұсталық-бандаждау кешені – отандық теміржол саласын локомотивтерге арнал­ған бандаж, тісті дөңгелек әзірле­месі, локомотив және вагон біліктері, илемделген дөңгелек шентемірлерімен толықтай қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндіріс. Жиынтық қуаты – жылына 160 900 бірлік өнім. Өнім халықаралық стандарттарға сәйкес келеді және импортқа тәуелділікті төмендетеді. Өнімнің 70%-дан астамы шетелдік тапсырыс берушілерге бағдарланбақ. Бұл еліміз үшін халықаралық аренада экспорттаушы позициясын нығайтуға жағдай жасайды.

 

Қалдық азайып, мүмкіндік көбейеді

«Мемлекет басшысы Екібас­тұз­да болғанда толық циклді технологиямен жабдық­тал­ған, сапалы өнім шығаратын тік интеграциялық кәсіпорындар құру туралы тапсырма берді. Жаңа кәсіпорынның іске қосылуын Президенттің тапсыр­масын орындаудағы маңыз­ды қадам деп білеміз. Бұл өнер­кәсіптік, экономикалық және теміржол қауіпсіздігін қамта­масыз етуге ықпал етеді. Біз хол­динг пен теміржол индус­триясын өз шикізатымызбен қамтимыз. Еліміздегі қолайлы инвестициялық ахуал отанымызды дамытуға және индус­трияландыруға үлес қосуымызға мүмкіндік беріп жатыр», дейді Сергей Павлингер.

Кәсіпорын 4:0 индустриясы стандарттары бойынша жабдық­талған. Өндірістік үдерісте робот­тан­дырылған автоматты желі жұмыс істейді. Жабдықтың қазіргі заманғы модельдері цифр­лық бағдарламалық басқару жүйе­ле­рімен жарақтандырылған. Аустрия, Германия, Чехиядан әке­лінген жабдықтар жоғары дәл­дікті қамтамасыз етіп, қалдық­тарды барынша азайтады. Мұның бәрі са­йып келгенде өндіріс шы­ғын­дарын азайтуға мүмкіндік бермекші.

«RWS KZ» компаниясы – Екібастұзда ерекше дамып келе жатқан, экспортқа бағыт алған ірі кластер. Бір ғана ұс­та­лық-бандаждау цехы жобасына 125 млрд теңге қаржы құйылып, 600-ден астам жұмыс орны құрылды. Мұндағы еңбек­керлер жоғары жалақымен қамтылған. Өндірістен шыға­тын бұйымдардың кемі 85%-ы экспортқа жөнелтіледі. Алдағы 3 жылда бұл кешенге 500 млрд теңгеге жуық инвестиция жұмсалып, осы өндірістің өзі-ақ Екібастұзды экономикасы жан-жақты дамыған қала ретінде көрсете алады деген сенім­деміз. Жоба нәтижесінде өңір бюджетіне түсетін салық 9 млрд теңгеге ұлғаяды. Ол қар­жыны Екібастұздағы инженер­лік желілерді жақсартуға және шаһарды көріктендіруге бағыт­тай­мыз», деді өңір басшысы Асайын Байханов.

Холдинг соңғы 10 жылда өз қаржысы есебінен Екібастұз экономикасына 700 млрд теңге инвестиция құйған. Кәсіпорын цехтарында бүгінде 3 мыңдай адам еңбек етсе, құрылысы басталған жобалар толық қуатына енгенде қосымша 2 мың адам «екі қолға бір күрек» табады. Компания жылына 300 мың таптамалы теміржол дөңгелегін, 20 мың дөңгелек жұбы мен 42 мың білік, 1 млн дана рельсті бекіткіштер өндіріп отыр.

 

Павлодар облысы,

Екібастұз қаласы