
Жаңа технологияларды сәтімен қолданысқа енгізуде ҚКО интервенциялық аритмологтер тобының жетекші еуропалық емханаларда тәжірибе байытып, оқу бағдарламасынан өтуі айтарлықтай рөл атқарды. Өйткені мамандарымыздың алған білімдері мен тәжірибелері күнделікті жұмысына физиологиялық ынталандыру әдістерін сенімді түрде енгізуіне жол ашып отыр. Соның арқасында қазіргі отандық кардиологиялық орталық шетелдік прокторларды тартпай-ақ, шеберлік дәрістері мен тренингтерін өз бетінше өткізіп жүр. Бұл отандық аритмологтер кәсібилігінің жоғары деңгейін, отандық кардиологиялық мектептің қалыптасып келе жатқанын айғақтайды. Қазірде білім беру ісі ҚКО интервенциялық аритмология бөлімінің меңгерушісі Артур Әбдімомыновтың жетекшілігімен «BIOTRONIK», «MEDCO» сияқты компаниялардың қолдауымен жүріп жатыр.
Шеберлік дәрістері аясында жүрек құрылғыларын импланттаудың заманауи әдістерін қолдана отырып, екі демонстрациялық көрнекі операциялар жасалды. Оның бірі ауыр созылмалы жүрек жеткіліксіздігі мен жүрекше тұрақты фибрилляциясы бар 62 жастағы науқасқа салынған кардиовертер-дефибриллятор болса, екінші жағдайда синус түйінінің әлсіздік синдромы мен өтпелі атриовентрикулярлық блокадасы бар 59 жастағы науқасқа екі камералы электркардиостимулятор (ЭКС) имплантталды.
Екі операция да «Сonduction System Pacing» (CSP) технологиясы арқылы жүзеге асырылды. Бұл – электродтар тікелей жүректің өткізгіш жүйесінің құрылымдарына (Гис шоғыры немесе шоғырдың сол аяқшасы) орнатылатын инновациялық тәсіл. CSP-ның дәстүрлі оң қарынша кардиостимуляциясынан айырмашылығы, қарыншалардың синхронды, физиологиялық белсендірілуін қамтамасыз етеді, мүмкіндігінше табиғиға жақын.
Мамандардың айтуынша, физиологиялық ынталандыру миокардтың жиырылу қызметін жақсартуға, жүрек жеткіліксіздігі белгілерін азайтуға, аурухана төсегіне таңылатын күндерді кемітіп, пациенттердің денсаулығын дұрыстауға мүмкіндік береді. Тіпті кейбір жағдайларда ол классикалық кардиоресинхронды терапияның (CRT) орнын толық алмастыра алады.
Осылайша, әрбір өңірден келген дәрігерлер арасындағы өткен шеберлік дәрістері елімізде озық тәжірибені тарату мен аритмологиялық қызметті дамытуда маңызды қадамға айналып отыр. Қалалық кардиоорталық базасында осы күнге дейін 100-ден астам операция жасалды. Шетелдерде тәжірибеден өткен дәрігерлеріміз ендігі кезекте білімдері мен машықтарын аймақтардағы мамандарға да еркін дарыта бастады.
АЛМАТЫ