Мәселе • 07 Мамыр, 2025

Браконьерлер тыйылмай тұр

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Ертіс бойындағы су айдындарында 15 сәуір – 30 мамыр аралығында балықтың кез келген түрін аулауға тыйым салынады. Тыйымға қарамастан, балықты қынадай қыратындар қатары азаймай тұр. Балықтардың уылдырық шашу кезеңі қалай өрбиді? Бұл сұрағымызға «Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы» РММ Павлодар облысы бо­йынша балық инспекция­сы бөлімінің басшысы Самал Темірболатова жауап берді.

Браконьерлер тыйылмай тұр

Сурет Павлодар облысы бойынша балық инспекциясынан алынды

«Бұл тыйым – ең әуелі балық­тар­дың уылдырық шашу кезе­ңі­не қолайлы жағдай тудыру мақ­сатында қолға алынатын іс-шара. Уылдырық шашу – ба­лық өміріндегі ерекше кезең. Сәуір­дің ортасынан таяз жерлерде су жылына бастайтыны белгілі. Уыл­ды­рыққа судың қолайлы температу­расы аса маңызды. Дегенмен әр балық түрінің көбеюіне қорша­ған ортаның түрлі факторы әсер етеді. Тұщы суда тіршілік ете­тін балықтардың көбі көк­тем­нің екінші айынан жаздың басына дейін уылдырық шашады. Алғашқылардың бірі болып шортан, алабұға, кейінірек табан, көксерке балықтары кіріседі. Көктемнің соңында тұқы, оңғақ, тағы басқа балықтар уылдырық шаша бастайды. Балықтың әр түрінің арнайы уылдырық шашатын жерлері болады. Мәселен, шортан, табан, тұқы, көксерке және басқалары негізінен өзен­дердің жайылмаларында жина­лады. Зерттеуші ғалымдар ба­лық­тардың биылғы уылдырық шашу кезеңінде табиғи өзгеріс бай­қалмайтынын айтып отыр», дейді Самал Балташқызы.

Өңірде жергілікті маңыздағы 180, республикалық маңыздағы ­9 су айдыны бар. Соның ішінде Ертіс – еліміздегі ең ұзын өзен ғана емес, балық шаруашылығын дамытуға, балық ресурсын көбей­туге ең қо­лайлы су артериясы. Өңір­дегі су ай­дындарын 20-ға жуық, Ертіс өзе­нін 12-ден астам балық түрі мекен­дейді. Олар – көксерке, сазан (тұқы), шортан, нәлім, рипус, ала­бұға, торта, мөң­ке, аққай­ран, табан, оңғақ. Бұларды аулау­ға жыл сайын арнайы лимит бө­лі­не­ді. Сон­дай-ақ Ертіс өзенінде сирек кез­де­сетін, еліміздің Қызыл кіта­­­бына енгізілген ақбалық пен Сібір бекіресі, жыл бойы аулауға ты­­­­­йым салынған сүйрік балығы бар. Қазір Ертіс өзеніне Шығыс Қа­­­зақ­­­­стандағы суқоймаларынан су бо­­­са­­тыла бастады. Бұл жағдай уыл­­­­­дырық шашуға бөгет болмай ма?

Маманның сөзіне сүйенсек, бұл фактор керісінше балықтарға пайдалы екен. Жоғары екпін­мен келетін тіршілік нәрі жайылма­ларға шығып кетеді. Ондай жер­лердегі су күннің шуағынан тез қызады. Балықтар әлгіндей таяз жерлерді іздеп барып, бірден уылдырық шашады. Таяз суда шабақтар да тез жетіліп, су қайт­қанда өзенге оралады.

Бөлім басшысы аталған кезең­де өзен-көлдерден заңсыз ба­лық аулағандар әкімшілік, қыл­мыстық жауапкершілікке тар­ты­латынын да ескертті. Айып­пұл мөлшері – 10–20 айлық-есеп­тік көрсеткіш. Өрескел заң бұзу­шылық болған жағдайда (тыйы­м салынған кезеңде ты­йым са­лынған құралдармен, тәсіл­­дер­мен балық ауласа) айып­пұл мөлшері 40 айлық есептік көр­сеткішке дейін өседі. Әрі кейін сот шешімімен аулау құралдары, қайықтары тәркіленуі мүмкін. ­Су жануарлары ресурсына елеулі залал келтірсе (шығын сомасы ­100 АЕК, одан көп болса), жарыл­ғыш немесе химиялық заттарды, электр тоғын, балық ресурсын жап­пай қырып-жоюдың өзге де тәсілдерін қолданса, сондай-ақ ­сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген, аулауға тыйым са­лынған бекіре тұқымдас балық түр­лерін ауласа, Қылмыстық кодекс­тің 335-бабы бойынша қыл­мыстық іс қозға­лады. Он­дайға жол берген азаматтар сот ше­ші­мімен бірнеше жылға бас бос­тан­дығынан айырылуы мүмкін.

Былтыр балық аулау ереже­ле­рін бұзудың 204 дерегі анықталып, оның 18-і өрескел заң бұзушылық деп танылған. Жалпы сомасы  ­4,5 млн теңге сомасына айыппұл салынып, браконьерлерден 30 ау, 8 қайық, 2 мотор, 1039, 9 кг балық тәркіленіпті. Жыл басынан 46 заң бұзу­шылық тіркеліп, 5 өрескел заң бұзу­­шылық облыс соттарында қа­рал­ған. Барлығы 1,2 млн теңге сома­сына айыппұл салынды. Қыл­­мыстық заң бұзушылық анық­талған жоқ.

Облыстағы балық шаруа­шы­лы­ғының ауқымы өте үлкен, сол тұрғыда инспекциядағы небәрі ­9 маман ғана.  Кадр жетіспеуші­лігі туралы проблема көп жылдан бері айтылып келеді. Бұған дейін көлікке қатысты мәселелер туын­даған. Қазір ол шешіле бас­тағанға ұқсайды. Павлодар облысы бойынша балық инспекция­сы бөлімінің қарамағында 6 ав­то­­­көлік, жылдамдығы жоғары 1 су катері, 60 аттық күші бар аспа­лы мотор орнатылған 1 пат­­руль­дік катер, 1 үрлемелі қа­йық, 1 квадрокоптер (дрон) бар. Өзен-көлдердегі жағдайды инс­пек­торлар шамасы келгенше бақылап, қарауылдайды. Поли­цей­лермен бірге тұрақты рейдтер ұйым­дас­тырып, проблемалы учаскелерді жіті тексереді. Әсіресе жаз айларында таң алдында ағынға жіберілетін ауларды (сплав) қолданатын браконьерлер болады. Тұрғындардың ша­ғымымен оларға қарсы арнайы рейдтер жүргізіледі.

Әуесқой балықшылар бра­коньерлікпен айналыспайды. Оларға балық аулау – жай ер­мек, демалыс. Балықтарды үл­кен көлемде қырып-жойып, оңай олжа тапқысы келетін қас­кү­нем­дер үнемі жасырынып жүреді. Сон­дықтан оларды іздеп табу да оңай шаруа емес. Соңғы алынған техникалық мүмкіндіктер бұл тұрғыдағы күресті күшейте түседі деген сенім мол.

Айта кетелік, уылдырық ша­шу кезеңінде балық өсірумен айна­­лысатын  шаруашылықтарда қармақ салуға мүмкіндік бері­леді. Қазіргі уақытта өңірде ондай 6 шаруашылық бар. Атап айт­қанда, Шөптікөл (Май ауданы), Жар­лы­көл (Баянауыл ауданы), Бораншоқы көлі мен Майқайың жа­санды көлі (Екібастұз қаласы), Ло­зовое мен Тобылжан көлдері (Успен ауданы).

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Кеше

Жезді жәдігерлері

Көрме • Кеше

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Кеше

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Кеше

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Кеше

Аңдатпа

Аңдатпа • Кеше