Инфографика • Кеше

Еуроодақ көздеген гендерлік теңдік

40 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Еуропа одағы Орталық Азия елдерінің жаңғырмалы энергия көздеріне (ЖЭК) көшуін қолдап отыр. Олар жасыл экономика және басқа да салаларда қолжетімді технологиялары және тәжірибесімен бөлісуге дайын. Тіпті қаржылай да қолдау көрсетеді. Ал аймақ елдері, соның ішінде еліміз осы мақсаттағы ЕО талап-тілектерін орындай ала ма?

Еуроодақ көздеген гендерлік теңдік

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Энергетика секторында әйелдер үлесі аз

Осы бағыттағы ЕО ілгерілетуді көздеп отырған қадамның бірі – инклюзивті және гендерлік теңдік. Қазір ОА ел­дерінде бұл мәселе тиісті дең­гейіне жете қойған жоқ. Мәселен, еліміз Жаһандық гендер­лік алшақтық индексінде өткен жыл­дың есебі бойынша 76-орында (жалпы индексі 0.710) тұр. 2023 жылы 0.721 индекспен 62-орында тұрған еді. Көрсеткіш төмендеген. Жалпы, гендердік теңдік көрсет­кіші әйелдердің экономика, білім, денсаулық, сая­си салаларда белсен­ділігі мен өмір сүру ұзақтығына қарай шығарылады.

Еліміздегі әйелдердің саяси өкілдігіне тоқталсақ, 2023 жылғы жағдай бойынша әйелдер Сенат депутаттарының 20 пайызын, ал Мәжіліс депутаттарының 18,9 пайызын құрады. 2022 жылы жергілікті өзін-өзі басқару дең­гейіндегі 321 мемлекеттік сая­­си қызметкердің тек 28-і (8,7%) әйел­дер болды. Қазіргі уа­қытта ми­нистрлер кабинетінде 26 лауа­зымды тұлғаның ішінде 4 әйел (15%) жұ­­мыс істейді. 2023 жылы корпо­ративтік басшылық­қа әйелдердің тек 3 пайызы ұсынылған.

ЕО ден қойып отырған энер­­гетикалық секторда да әйел­дердің үлесі аз. БҰҰ Даму бағ­дарламасының «Қазақ­стандағы жаңғырмалы энергетика сек­торындағы гендерлік теңгерім: мәртебе, проблемалар мен шешімдер» есебінде мұнай мен газ, электр энергетикасы, көмір өндіру және жаңартылатын энергия көздеріндегі қызмет­тер­ге әйелдердің айтар­лықтай аз ұсынылатынын айтады. Мәселен, 2016-2019 жылдары энергетика секторындағы әйелдердің үлесі 25 пайызды құраған. Онда да бұл сала­ларда әйелдер негізінен төмен білікті және бейінді емес лауазым­дардағы қызметті атқарады. 2020 жылы біліктілігі жоқ позицияларда көмір, мұнай өндіру және энергетика салаларында әйелдер жұмыс күшінің үлесі ерлерге қарағанда жоғары болған.

«Technowomen Central Asia» КЕҰ басқарма мүшесі, «RoboTechnoGirls» бастамасының жетекшісі Әлия Оразым­бето­ваның айтуынша, ЖЭК-тің аралас салаларын қоса алғанда жалпы электр энергиясы секторында әйел ғалымдар мен ІТ мамандары 38 пайызды құрайды.

– Елімізде ІТ саласына әйел­дер көп келе бермейді. Бұл, әсіресе, энергетика сияқты тар әрі «техникалық жағынан күрделі» салаларда айқын көрінеді. Де­ректерге сүйенсек, Қазақстан мен Орталық Азия бойынша ІТ мамандардың жалпы санының шамамен 15-20 пайызын әйелдер құрайды. Ал нақты электр энергетикасы секторында бұл көрсеткіш одан да төмен, шамамен 10-12 пайыз ғана. Біз қазір көптеген іс-шара өткізіп жатырмыз. Мақ­сатымыз – қыз балалардың осы салаға қызығушылығын арт­тырып, STEM пәндерін, бағдар­ламалау, роботтехника бойынша білім алуына ықпал етіп, ғылыми қызметке тарту, – деді Ә.Оразымбетова.

Ал 2022 жылғы Жаңғырмалы энергия көздері жөніндегі ха­лықаралық агенттік (IRENA) есе­бінің дерегіне сүйенсек, әлем бойынша әйелдердің күн энер­гетикасындағы жұмыс күші ең жоғарғы 40 пайызды құ­рай­ды. Мұ­най-газ секторында – 22, жел энергетикасында – 21 па­йыз ғана. Сондай-ақ әйелдер күн энер­гиясының өндіріс сегментінде белсенді (47 па­йыз), алайда күн фотоэлектрлік жүйелерін орнатуға құлықты емес, небәрі 12 пайыз. Десе де агенттіктің қорытындысына сәй­кес, дүние жүзінде таза энергия өндіруде әйелдердің үлесі – жоғары.

 

«Global Gateway» қаржы бөледі

Кейінгі жылдары әлем елдері, соның ішінде Орталық Азия климаттық қатер­мен күресуге мәжбүр. Өйткені аймақта температура әлемдік орташа деңгей­ге қарағанда екі есе жылдам жоға­рылап жатыр. Мұздық­тар тез еріп, су тапшылығы, құр­ғақшылық байқалды.

«Өңірімізде су тапшылығы уақыт өткен сайын өзекті мәсе­леге айналып келеді. Оны екі нәрседен аңғаруға болады. Ке­йін­гі 20 жылда жан басына шаққандағы сумен қамтамасыз ету көрсеткіші 30 пайызға кеміді. Аймақтағы су ресурстарының 70 пайызы – трансшекаралық. Дәл осы себепті бізге су үнемдеу технологияларын және smart суа­ру мен гидрологиялық мониторинг жүйелерін дамыту ісінде халықаралық қоғамдастықтың қолдауы қажет. Біз бұрыннан айтылып келе жатқан Орталық Азия су-энергетика серіктестігін құру бастамасын ілгерілетуге әзірміз», деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанда өткен Еуроодақ-Орталық Азия саммитінде.

Сондай-ақ осы жиында Брюссель «Global Gateway» бас­­тамасы аясында Ор­талық Азия­ға 12 млрд еуроны құрайтын ин­вес­тициялардың жаңа пакетін ен­гі­зетінін мәлімдеді. Бұл қар­жының 3 млрд доллары – көлік саласындағы жоба­ларға, 2,5 млрд доллары – аса маңызды ши­кі­­затқа, 6,4 млрд доллары – энер­гетика мен климатқа және қалғаны цифрлық байланысқа жұмсалмақ.

Қазір ЕО климат өзгеруі саласындағы көшбасшыға айналды. 2021 жылы одаққа мүше мемлекеттер Еуропаның климат заңы туралы келісімге келген еді. Осылайша, Еуропа 2030 жылға қарай парникті газдар шығарылымын 55 пайызға азайтуды міндет етіп алға қойды. Ал оның нәтижесінде ЕО 2050 жылы шығарылым көлемін мүлдем жоймақ. Бірақ Еуропа әлемдегі климаттық өзге­рістермен жалғыз күресе алмайтыны белгілі. Сол себепті олар әлем елдерін осы ортақ мәселеге жұмылуға шақы­рып отыр. Соның ішінде ЕО Орталық Азияның күн, жел және су энергетикасындағы әлеуетін негізге ала отырып, аймақтағы су, энергетика және климаттың өзгеруі бойынша Еуропа ода­ғының Орталық Азияға арналған стратегиясына және Еуропа ко­мандасының (Team Europe) бас­тамасына сәйкес, ЕО ОА-ның бес еліне – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстанға қазіргі заманғы экологиялық таза энергетикалық ресурстарды пайдалануға, жалпы жаһан­дық жүйелерге көшіп, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде көмегін беріп отыр.

Алайда 2021 жылы Еуропа­лық ко­мис­сияның бұрынғы ат­қарушы вице-президенті Франс Тиммерманс пен Еуропа ода­ғының сыртқы істер және қауіп­сіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі, Еуропалық комис­сияның Әлемдегі күшті Еуропа жөнін­дегі вице-президенті Джозеп Боррелл «Project Syndicate» сайтына жариялаған «Климат өзгеруінің гео­саясаты» (The Geopolitics of Climate Change) мақаласында өзге елдер кли­матқа қатысты міндеттемелерін Еуро­па одағымен сай келтірмесе, «көмір­тектің ағу» қаупі бар екенін айтады. Сондықтан ЕО көміртегі шекарасын реттеу механизмі (CBAM) бойынша жұмыс істей­ді. «Кейбір елдер, тіпті одақ­тастарымыздың арасында бұ­ған алаң­дайтындар бар екенін білеміз. Бірақ біздің бағытымыз айқын. Өндіріс кезінде көміртегі газын көп шығаратын тауарларды импорттағанда арнайы баға белгілеу жазалау немесе протекционистік сипатқа ие емес», делінген мақалада.

 

Қазақстан гендерлік теңдікті ілгерілетуге бейіл

Гендерлік теңдік мәселесіне келетін болсақ, бұған әлі де то­лық­­тай қол жеткіз­бесек те, еліміз әйелдердің құқықтары мен мүм­кіндіктерін кеңейтуге бір­қа­тар қадам жасады. Жалпы, мәселенің бар екенін мо­йындай отырып, мемлекет пен қоғамның алдында міндет етіп алды. Өйткені ел халқының 50 пайыздан астамы – әйелдер. Бұл ба­ғытқа Президент Қасым-Жомарт Тоқаев баса мән беріп отыр.

Мәселен, 2021 жылы еңбек саласын­дағы кемсітушілікті жою жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру аясында еліміздің Ең­бек кодексінен әйелдерге ты­йым салынған кәсіптердің тізімі алы­нып тасталды. Осылайша, қазір әйелдер бұрын тек ерлер­ге рұқсат берілген 219 кәсіп пен жұ­мыс түрін атқаруға мүм­­кін­дік алды. Бұл, әрине, жұмыс­қа орна­ласудағы гендер­лік кедергілерді жоюдың маңыз­ды қадамы болды. Сонымен қатар елдегі БҰҰ ДБ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры әйелдерге арналған жобаларды іске асыруға қаржылай қолдау көрсетіп отыр. Мұның ішін­де жасыл жобаларды да­­мыту­ға, ынталандыруға бағыт­талған келісімдер бар.

Сондай-ақ жаңғырмалы энер­­гия көздері (ЖЭК) секторын қолдауға және Қазақстанда ген­дерлік теңдікті ілгері­летуге ба­ғыт­талған «ЖЭК сек­торын­дағы әйелдер» наградасы құрыл­ды. «Qazaq Green» ЖЭК қауым­дастығының басқарма төрағасы Айнұр Соспанованың айтуын­ша, еліміздегі ЖЭК қалыпта­суы­ның алғашқы он жылында елдің мүмкін­діктеріне, инвестиция тар­туға және тағы басқаларға қатыс­ты жұмыс атқарылған. ЖЭК-те ген­дерлік даму мәселе­леріндегі ха­лық­аралық тәжірибе зерделенген.

– «ЖЭК секторындағы әйел­­дер» наградасын құру – Қазақ­стандағы жаңғырмалы энер­гетика секторының әлеуе­тін ны­­ғай­ту жолындағы маңыз­ды қадам. Бұл үлгі болатын әйел­дерді анық­тап қана қоймай­ды, жаңартылатын энергетика сек­торындағы, мемлекеттік құры­лымдардағы 24 әйелді әйелдер клубына біріктірдік. Олардың арасында сала өкілдері мен ген­дер­лік теңдік мамандары бар. Қазақстанда энергетиканың дәс­түр­лі секторларын декарбони­за­ция тәсілдеріне үйрету және ақпа­рат­тандыру қажет. Біз сондай-ақ «Qazaq Green ЖЭК мектебін» құрдық, онда энергетиктер топтарын оқытамыз, – деді А.Соспанова.

Халықаралық конвенциялар мен ке­лісімдерге тоқталсақ, еліміз «Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі Бейжің іс-қимыл платформасына» 1995 жылы қол қойып, 1998 жылы «БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы» конвенцияны (ӘКЖК/CEDAW) ратификация­лады. Сондай-ақ 2001 жылы ӘКЖК Факультативтік хаттамасына қол қойды.

БҰҰ ДБ сарапшылары жүр­гізген кешенді зерттеудің нәти­жесінде елі­міз­де білім беру­ге, заңнамаға және ЖЭК саласын­дағы гендерлік теңдік­ті жақ­сартуға қатысты бірқатар ұсы­ныс әзірледі. Олардың айтуынша, ЖЭК секторында, оның ішінде үй шаруашылықтарындағы жұ­мыспен қамту мәселелерін тал­дауға деректер жинап, зерттеу­лер жүргізу қажет. Сондай-ақ ЖЭК саласындағы техникалық мамандықтар бойынша оқитын әйелдерге арнайы стипендиялар беру қажет.

Орталық Азия елдері ғана емес «Global Gender Gap Report 2024» (Жаһандық гендер­лік алшақ­тық индексі) есебі жариялаған көрсеткіштерге сүйенсек, жалпы әлем гендерлік теңдікке тұтастай қол жеткізген жоқ. Қазақстан жақсы нәтижелер көрсетіп келе­ді. Бірақ эко­номикалық салада толық гендерлік теңдікке қол жеткізуге әлі де көп жұмыс істе­лу керек дейді мамандар. Бұл үде­рісті жеделдету тұрақты эко­но­­микалық даму­ға және жалпы қоғам­ның әл-ауқатына ықпал етеді.

Аталған индексте, еліміз ген­дер­лік теңдік жағынан Орталық Азияда көш бастап тұр. БҰҰ сарап­шылары халықаралық рей­тингтерде Қазақстанның гендер­лік көрсеткіштері 2020 жылдан бастап жақсарғанын айтады.

Жалпы, «Global Gender Gap Report 2024» авторлары адамзатқа гендерлік теңдікке жетуге тағы бес ұрпақ немесе 134 жыл қажет екенін айтады. Әзірге 2024 жыл­дың есебіне сәйкес, әлем­дегі гендерлік алшақтық 68,6 пайызды көрсетіп тұр.

 

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»