Өндіріс • 29 Сәуір, 2025

Құрылыс қарқынына үлес қосқан ұжым

30 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Кейінгі 3-4 жыл көлемінде Қызылордада құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта темір-бетон өнімдерін шығаратын «КСМ KZ» зауытының еңбегі ерен. Осыдан 56 жыл бұрын ашылған өндіріс орны бүгінде заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Құрылыс қарқынына үлес қосқан ұжым

Темір мен бетон бұйымдарының 200-ден астам түрін шығаратын серіктес­тік өніміне сұраныс қай кезде де толас­таған емес. Өндірілетін өнімдер қатарында көп бөлімді жабын және таспалық іргетас тақталары, қабырға блоктары, темір-бетон маңдайшалар, дөңгелек шеңберлер бар.

Өңірдегі көпқабатты тұрғын үйлер мен көпірлер, түрлі гидротехникалық нысандар құрылысында қолтаңбасы бар кәсіпорындағы құрылғылардың дені Ресейден жеткізіліпті.

Біз арматура цехындағы қызу жұмыс үстінен түстік. Жұмысшылар тоқылған темірлер үстіне цемент құйып, қарбаласқан тірліктен бас алмай жатты. Кәсіпорын былтыр 1 млрд 995 млн теңгенің өнімін өндіріпті. Биылғы меже – 2 млрд 113 млн теңге.

пр

Кәсіпорын ең алдымен шикізат сапасына мән береді. Жаңақорғанның тасы, іргедегі Тасбөгеттің құмы мен Шиеліден жеткізілетін цемент сапасы мұқият тексеріледі. Ресейден әкелінетін арматура да сынақтан өтеді. Оның морт сынатын түрлері кәдеге аспайды. Осындай іріктеуден кейін ғана шикізаттар өнім шығаруға пайдаланылады.

«Қазір біз күніне 150 текше метр темір-бетон өнімдерін құйып жатырмыз. Бізден шыққан электр желілері бағаналары Атырау мен Маңғыстау облыстарында сұра­нысқа ие. Кез келген тапсырысты орын­дауға даярмыз. Жекелер тапсырыс берілсе, қажетті пішінді өзіміз жасап, дер уақытында дайындап береміз. Шық­қан өнімді лабораториямыз бен техникалық бақылау бөлімі қадағалайды. Тапсырыс берушіге өнімнің сертификатын да ұсынамыз», дейді зауыттағы өндіріс басшысы Аманбай Жұмабеков.

Жұмысын бетоншыдан бастаған Аманбай Жұмабеков осы зауытта 1977 жылдан бері еңбек етіп келеді. 1994–2005 жылдар аралығында өндіріс орны тоқтап қалып, басқа салаға ойысқанымен зауыт ашылғанда алғашқылардың бірі болып байырғы жұмысына оралыпты.

Кәсіпорында жалақы тұрақты. Әлеуметтік жағдай толық жасалған. Қыс суығында жұмысын тоқтататындықтан жұмысшыларға еңбек демалысынан бөлек қажетті азық-түлік те жеткізіліп береді. Тағы бір ерекшелік – мұндағы 120 жұмысшының 30%-ы – қыз-келіншектер. Технологтен бастап инженерлік-техникалық құрамда қызмет ететін олардың арасында кранның барлығын жетік меңгеріп алғандар көп.

«Өндіріс автоматтандырылғанмен де қолға күрек ұстамай тұра алмаймыз. Осыны ауырсынатын жастардың бұл жұ­мысқа жолағысы жоқ. Көбі маңдай терлетпей миллионер болғысы келеді. Кейінгі толқын арасында кең көлемде насихат жүргізілуі керек. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сон­дық­тан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді деген Мемлекет басшысының бастамасы бізге көп үміт сыйлап отыр. Маман дайындауда да қиындықтар жоқ емес. Мысалы осы өндірістегі 12 кранды әйелдер басқарады. Олардың арасындағы ең үлкені 1975 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Елу жылғы жұмыс та адамды қажытатыны анық қой. Бі­рақ оларды алмастыратын кадр табу қиын. Біздің облыста көп жылдан бері өндіріске қажетті краншыларды меңге­ретін маман дайындауды жылы жа­­уып қойдық. Бұрын оларды өзіміздегі 3-4 оқу орны әзірлейтін. Осы мәселені сан мәрте көтердік. Аймақтағы 5-6 кәсіпорын үшін шағын топ жасақтап, болашақ краншылар­ды дайындауға әбден болады. Бірақ осы жағы әлі ескерілмей келеді», дейді өндіріс басшысы.

 

 Қызылорда