Қоғам • 26 Сәуір, 2025

Шығармашылық білім сараланды

90 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елордада шығармашылық бағыттағы білімді дамыту және мәдениет пен өнер саласында кадрлар даярлау мәселелері бойынша сараптамалық кездесу өтті.

Шығармашылық білім сараланды

Іс-шараға Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов, шығармашылық мектептердің, колледждер мен жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ бірқатар шетелдік және отандық сарапшылар қатысты.

Кездесу барысында еліміздегі шығарма­шы­лық бағыттағы білімді одан әрі дамыту, негізгі үрдістер мен бағыттар талқыланды. Сонымен қатар қатысу­шы­лар сертификатталған білім бағ­дар­ламаларын енгізу, жасанды интеллект дәуіріндегі мәдени білімнің рөлін, шығармашылық бағыттағы жоғары оқу орындарының «Erasmus+» бағдарламасына қатысу мүмкіндіктері сөз болды. Жиын соңында қатысушылар кешенді іс-шараларды әзірлеу және озық тәжірибелер мен сұраныстағы бағдарламаларды бейімдеу қажеттігі туралы ортақ пікір білдірді.

Іс-шарада өнертану ғылымдарының докторы, Гнесиндер атындағы музыка академиясының профессоры Дина Кирнарская шығармашылық білімді дамытудың заманауи трендтері жөнінде айтып өтті. Ал Нью-Йорк кино ака­демиясының президенті Майкл Янг сертификатталған білім бағдарламаларын іске асырудың мүмкіндіктері мен келешегі туралы ойын ортаға салды.

Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-президенті Руслан Қаратабанов білім саласында бір мақсатқа жұмылудың маңызын атап өтті.

«Ең басты қағидаттарымыз, технологияларымыз бір болса, сонда ұлтқа да қызмет ететін, өз мәдениетін, өз талантын шыңдаған табысты тұлғаларды шығаруға әбден қауқарлы елге айналамыз. Екіншіден, еліміз қазір ХХІ ғасырда, қарқынды дамып келеді. Бұл ғасырдың ең басты трендтерінің бірі – креативті индустрияның дамуы. Енді креативті индустрияның ауқымын көрсету үшін айталық, бір ғана Димаш Құдайберген – ең кемінде 500 адамға жұмыс беріп отыр. Міне, сондай өнерпаздар көп болса, біздің елге келетін адамдар да артар еді. Мұның өзі – экономика дамуының көрсеткіші. Сонымен қоса еліміздегі үздіксіз білім жүйесін одан әрі жетілдіруіміз керек. Мәселен, балабақша мен мектептердегі үйірмелердің жетекшілері, колледж­дер мен университет өкілдері бар, әрқайсымыздың істеп отырған ісіміз бір болғанымен, байланысымыз мәз емес. Сондықтан бірізділікті қалыптастырып, ортақ мүддеге қызмет етуіміз керек», деді ол.  

 Айта кетейік, бүгінде министрліктің қарамағында 10 шығармашылық білім ұйымы – 4 ЖОО, 4 колледж және дарынды балаларға арналған 2 мектеп-интернат бар. Оларда 10 мыңнан астам адам оқиды және 4 мыңнан астам педагог пен қызметкер жұмыс істейді. Оқу орындарына конкурс орта есеппен бір орынға 9 үміткерден келеді.