Сұхбат • 16 Сәуір, 2025

Әсем РАХМЕТОВА: Легионерлер мемлекет есебінен қаржыландырылмайды

0 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында спортты дамыту мәселесіне ерекше тоқталды. Жуырда сенаторлар «Денешынықтыру және спортты дамыту туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдаған еді. Аталған заң спорттың басым түрлерін айқындауға, оларды қаржыландыруға және денешынықтыру мен спорт субъектілерімен өзара іс-қимылға бағытталған. Кеше Мемлекет басшысы осы заңға қол қойды. Заң төңірегінде Парламент Сенатының Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Әсем Рахметоваға бірер сұрақ қойған едік.

Әсем РАХМЕТОВА: Легионерлер мемлекет есебінен қаржыландырылмайды

– Әсем Қалашбайқызы, аталған заңда спорттың қай түрлеріне басымдық берілді?

– Заң денешынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру, сондай-ақ әкім­шілік реформаның екінші кезеңін іске асыру аясында орталық және жергілікті атқарушы органдар ара­сындағы құзыреттердің ара­жігін ажырату мақсатында әзірленді.

Заңда спорттың 60-қа жуық басым түрі айқындалды. Олар­дың қатарында Олимпиада, Паралимпиада, Сурдлимпиада, Азия және Паразия ойындары­ның бағдарламаларына енген спорт түрлері бар. Сонымен қатар олим­пиадалық емес спорт түр­лерінен Азия және Паразия ойын­дарына енген спорт түрлері және ұлттық спорт түрлері толық қарастырылды. Бұл жерде басым спорт түрлерін рейтинг негізінде ғана емес, олардың ойындарында өнер көрсету нәтижелері бойынша қалыптасады.

Еліміздің жоғары жетістіктер спортын халықаралық тәжірибе негізінде тікелей басқару арқылы жоғары нәтижеге қол жеткізу жос­парланып отыр.

– Заңда спорт саласына бөлінетін бюджет қаражатын тиімді пайдалануды қамтамасыз ететін ережелер қамтылған. Оның ішінде ел азаматы болып саналмайтын спортшы­ларды бюджет қаржысы есебі­нен қаржыландыруға тыйым салынған тармақ бар. Легио­нерлерді қаржыландыру тетік­тері қандай болмақ?

– Командалық спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клуб­тарының қызметін қолдауға бө­лінген бюджет қаржысын тиім­ді және ұтымды пайдалану мақ­сатында АЕК-тің (айлық есеп­тік көрсеткіш) белгіленген мәні негізінде жалпыкомандалық спорт түрлері бойынша кәсіпқой спорт клубтарын ұстауға лимиттер белгіленеді. Бұл инфляцияны ескере отырып, қаржыландыру көлемін автоматты түрде түзететін жыл сайынғы төмендеуді болдырмайды.

Кейінгі жылдары спортқа бюджет шығыстарын қайта бөлу үрдісі орын алды. Мұнда бұқаралық және жастар спортын қолдауға баса назар аударылатынын ескере отырып, кәсіпқой клубтарды қаржыландырудың жоғары деңгейі белгіленді.

Бурабай қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы атап өткендей, футбол клубтары жекешелендіруге жатады және халықаралық тәжірибе көрсеткендей футбол командалары өздігінен қаржы табуы керек. Клубта легионерлер болса, оларды демеушілердің немесе өз қаржысы есебінен қаржыландыруы қажет. Осылайша, Қазақстан азаматтары болып саналмайтын спортшыларды бюджет қаржысы есебінен қаржыландыруға тыйым салынады. Яғни мемлекеттен ешқандай ақша бөлінбейді.

– Ал спортшылар мен бапкерлерге көрсетілетін мем­лекеттік әлеуметтік қолдау мәселесі қалай болады?

– Енді әкімшілік-аумақтық деңгейдегі басшылардың кәсіби әлеуетін тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге бағытталған ротация 5 жыл сайын жүргізіледі. Мемлекеттік денешынықтыру және спорт ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау тиісті әкімшілік-аумақтықта жүзеге асырылады. Егер облыстағы әкімшілік-аумақта бір ғана ұйым болса, онда басшыларды ротациялау жақын маңдағы аудандардың, облыс ішіндегі қалалардың басшыларымен бірге жүргізіледі. Сонымен қатар бүгінде министр­лік салалық заңға өзгерістер мен толықтырулардың екінші топтамасын әзірлеп жатыр. Олардың ішінде балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде жан басына шаққандағы нормативтік қаржы­ландыру ұғымдары мен өкі­лет­тіктерін айқындау, уәкі­летті органға әдістемені, жан басы­на шаққандағы қаржылан­дыру қағи­даларын, балалар мен жасөс­пірімдер спорт мектептері­нің мем­лекеттік тапсырысын орналастыру қағидаларын және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін аккредиттеу қағидаларын бекіту бойынша құзыреттер беру тәртібі қарастырылады.

Осы норманың аясында жат­тықтырушылардың еңбекақы­сын одан әрі арттыру мақсатында министрлік тиісті жұмыстарды жүргізіп, жаңартылған бірыңғай спорт стандарттары бойынша бағдарламаларды іске асырғаны үшін орташа еңбекақысын шамамен 30%-ға арттырады.

Одан бөлек, қолданыстағы заң­ның ережелеріне сәйкес спорт түрлері бойынша еліміздегі құра­ма командалардың (спорт түр­лері бойынша ұлттық құрама коман­далардың) құрамына кіре­тін спортшыларға, олардың жат­тық­тырушыларына, сондай-ақ спорт­тың ойналатын түрлері бойын­ша ел құрама командаларының құрам­­дарына қатысатын спорт­шы­ларға, олардың жаттықтыру­шы­ларына ай сайынғы ақшалай жаб­дықталым төлемінің мөлшері бекітіледі.

– Аталған құжатта рес­пуб­ликалық және өңірлік спорт федерацияларының мәртебесі өзгертілген. Нақты айтқанда, олар енді ұлттық спорт федерациялары болды. Мәртебесімен бірге қызметі, міндеттері де өзгере ме?

– Республикалық және аймақ­тық аккредиттелген спорт федера­цияларының мәртебесін ұлттық аккредиттелген спорт федерация­ларына өзгерту мәселесі енгізіл­ді. Оларға спорт түрі бойынша Ұлттық федерация құрамындағы жер­гілікті аккредиттелген феде­рацияға мүшелік ету, белгілі бір спорт түрі бойынша спорттық дайын­дықтың ұлттық стандарттарын әзірлеу секілді қосымша талаптар қойылып отыр. Сондай-ақ олимпиадалық және олим­пиа­далық емес спорт түрлері бойынша ұлттық спорт федерациялары еліміздің атынан Халықаралық Олимпиада комитеті мойындайтын халықаралық спорт федера­циясының мүшесі болуға тиіс.

– Сондай-ақ балалар-жасөс­пірімдер спорттық білім ұйымдарының жаттық­тырушы-оқытушыларына аптасына 18 сағаттық нормативтік оқу жүктемесін енгізу қарас­ты­рылған. Бұл олардың жұмысын жеңілдету ме, керісінше жүк­темелерін арттыра ма?

– Иә, мұндай жаттықтырушы-оқытушыларға қатысты жүктеме бастапқыда енгізілген еді, алайда бұл норма Үкіметтен қолдау таппады.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Гүлнар ЖОЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»